ЖАҢАҚОРҒАН ЕРКІН БИЗНЕС АЛАҢЫНДА

Халқының саны және даму қарқыны жағынан аймақта алдыңғы қатарға шыққан Жаңақорған ауданы Елбасы бағдарламаларын жергілікті жерде орындаудың тиімді тәсілдерін қолға ала отырып, кәсіпкерлік саласына кең өріс ашты. Жуырда «Жаңақорған – еркін бизнес алаңы» тақырыбында аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен алқалы жиын өткізіліп, бұл мәселе жан-жақты талқыланды және тың тәжірибе ортаға салынды.
Аталған басқосуды аудан әкімі Ғалым Әміреев жүргізді. Бұл жобадағы басты мақсат – жұмысын енді бастап жатқан кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету арқылы  кәсіпкерліктің жаңа буынын қалыптастыру. «Шыны керек, кәсіпкерлер үшін үлкен мәселенің бірі – кепіл. Сондықтан біз барлық мүмкіндіктерді саралай келе, кент аумағындағы бос жерлерге мониторниг жүргізе отырып, жер телімдерін кепіл ретінде қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Біріншісі, кәсіпкерлікпен айналысамын деуші тұлғаларға тәжірибе алаңында бақша дақылдарын егу үшін жер учаскелері жалдау құқығынсыз 1-2 жылға беріледі. Екіншісі, инвестор ретінде кәсіпкерлігін дамытамын десе, Жаңақорған кенті аумағындағы жерлердің картасы арқылы бос жатқан жерлерді көрсетеміз. Кәсіпкерлер бизнесін дамытуына ыңғайлы жерді белгілеп, бізге ұсыныс білдіруі тиіс», – деді аудан әкімі.
Жиын барысындағы басты бағытты айқындап алған соң, қаралуға тиісті күн тәртібіне мына мәселелер ұсынылды. Әуелі, «Жаңақорған – еркін бизнес алаңы» жобасы аясында атқарылатын шаралар, екіншісі, аудан орталығы – Жаңақорған кентінің бас жоспарына сәйкес келешекте атқарылатын шаралар туралы. Мұның алғашқысы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков баяндама жасаса, екінші мәселе туралы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Зейнулла  Әшірбеков хабарлама жасады.  
Ағымдағы жылдың тамыз ¬айында Жаңақорған ауданы әкімдігімен белгілен¬ген жер учаскелері – Саяжай, Май бе¬кеті, «Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» ¬авто¬жолы бойы мен Жаңаауыл өңірлерінде орна¬лас¬қан. Барлық ұсынылған жер учаскелерінің көлемі 43,7 гектар болса, оның бастапқы бағалық құны – 62 668 200 теңгені құрап отырғандығы алға тартылды. Мұнан соң сауда-саттық тәртібі мен нұсқаулықтары туралы түсіндірме жасалды.
Жаңақорған аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы  өз сөзінде Жаңақорған ауданы бойынша 32 елді мекеннің даму сызбасы мен 1 бас жоспар әзірлендігін еске салды. Бекітілген бас жоспарға сәйкес кенттің жаңадан қоныстану аймақтары белгіленгендігін айтты. Сонымен қатар, Жаңақорған кентінің аумағынан тұрғын үй құрылысына, әлеуметтік нысандарға 765 га («Ипподром» уч. – 117 га, «Саяжай» уч. – 196 га, МАИ бекеті – 237 га, «Алтыкрант» уч. – 215 га) жер қосылған. Бір сүйсінерлігі, жоғарыда аталған учаскелерге инженерлік инфрақұрылым, электр желілері, тас жолдар, газ құбыры жүйесі жүргізілді. Кәсіпкерлік нысандар, спорт кешені салынды, мектеп, балабақшаға жер учаскелері белгіленді. Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелері беріліп, тұрғын үйлер салынды. Ауыз су жүйелері Жаңақорған кентін ауыз су жүйесімен қамтамасыз етудің 4-кезеңіне енгізілген. Қазіргі уақытта бұл учаскелер толық игерілуге жақын.
Енді алдағы уақытта тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған азаматтардың өтініштерін қанағаттандыру үшін бас жоспарға сәйкес анықталған жаңа қоныстану аймақтарына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Осы жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, жоғарыда аталған аумақтарға жанасып жатқан басқа да аймақтарды дамыту мақсатында «Саяжай-1» (213 га) ауданы белгіленіпті.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаң¬ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, атқарушы орындар мейлінше ашық әрі жариялы түрде жұмыс жасау қажет. Осы орайда аудан басшысы интернет ресурста арнайы сайт ашқандығын және де әлеуметтік желілер арқылы да байланысуға болатындығын еске салды.
«Жаңақорған – еркін бизнес алаңы» тақырыбына қатысты қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, нақты жауаптары да берілді. Кент тұрғыны ардагер Алшынбай Тұртанов өзін толғандырған мәселе жөнінде сауал тастаса,  агроиндустриялық аймақта жұмыс жасаған «Сарман-Тастақ» ЖШС басшысы Таңат Ағманов, кент тұрғыны Динаш Ахметова  өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жиынды аудан әкімі Ғалым Әміреев қорытындылап, кәсіпкерлікті қолға алған азаматтарды сүйемелдеу жұмысына алдағы уақыттарда да көп мән беретіндігін жеткізді. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлерге мүмкіншілік беру, өз бизнесін ашып, кәсіппен айналысамын деп жүр¬ген азаматтарға қолдау көрсету барысындағы іс-әрекеті құптарлық-ақ.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қыркүйек 2017 г. 624 0