Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бүгінгі қоғамның беталысына қарай еліміздің болашаққа қадамы, жалпы алғанда, рухани даму мәселесі айтылады. Елбасы таяу жылдарда жаһандық бәсекеде білім, ғылым, сондай-ақ, ақпараттық технологияның мүмкіндіктері аса жоғары бағаланатынын атап көрсетіп, осыған байланысты өмір талабына сай білімнің салтанат құруы қажеттігін алға тартады.
Иә, аталған міндеттер аясында аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Соның айғағы, саланы қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, 2015 жылы бұл салаға бағытталған қаржы көлемі 63,9 млрд теңге болса, 2016 жылы 70 млрд теңге, ал биылғы жылы 89,3 млрд теңгені құрады. Демек, соңғы бес жылда білім саласын қаржыландыру көлемі 2 есеге артқан. Әлбетте, бюджеттен бө¬лін¬ген қаржының қайтарымы болуы тиіс. Бұл орайда салада атқарылған жұмыстарды саралай келе нақты нәтиженің бар екеніне көз жеткіземіз.
Ауыл мектептері қазір қалада¬ғыдан сәулетімен де, сапасымен де бірде кем емес. Аймағымызда 2013 жылдан бастап 3 ауысымда оқитын мектептер қатары жойылды. Ал биылғы оқу жылының қарса¬ңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апаттық жағдай¬дағы 11 мектептің құрылысы жер¬гілікті бюджет есебінен бой көтерсе, Жаңақорған ауданында 300 орындық 2 мектеп ғимараты «Нұрлы жол» бағдарламасы бойын¬ша қайта салынып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, өткен оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілген болса, келер жылы республикалық бюджет есебінен 300 орындық 5 мектеп, 2018 жылы тағы 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Санаулы күндер бұрын жылдағы дәстүрге сай облыс бойынша 9 бастауыш, 24 негізгі орта, 260 жалпы білім беретін орта мектептер, жалпы саны 293 білім ошағы жаңа оқу жылына оқушылар қабылдады. Айта кетейік,биылғы жылдың басты ерекшелігі, жалпы білім беретін мектептердегі оқушылар саны 7 мыңға көбейіп, 2017-2018 оқу жылында 148 643 бала білім алатын болады. Ал 1 сыныпқа баратын оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 700-ге артып, 18 911 бала мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр.
Білімнің берік іргетасы мектеп қабырғасында қаланады десек, бұл орайда жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім беру бағытында ұстаздар қауымына жүктелген мін¬дет ауқымды. Уақыт ағымына қарай мұғалімдердің жаңаша ізденіспен, шығармашылықпен еңбек етуіне барынша жағдай жасалған. Сол себепті, облыстағы жалпы орта білім беретін мектептерде еңбек ететін 20 409 мұғалімнің 92 пайызы жоғары білімді, 46,3 пайызы бірінші және жоғары санатты педагогтар.
Білім берудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес өткен оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына 1 сыныптар көшірілген болатын. Ал биыл сол жаңалық 2,5,7 сыныптар бойынша жалғасын тауып отыр. Бұл мақсатта аталған сыныптарда дәріс беретін 4 369 педагог арнайы курстардан өтсе, сәйкесінше осы сыныптарда білім алатын 46 345 оқушы оқулықпен қамтамасыз етілді.
Республикадағы 30 пилоттық мектептің қатарында Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебі мен Жалағаш ауданындағы №31 мектеп-гимназиясында 3- сыныптардың жаңартылған білім беру мазмұны сынақтан өткізіледі. Сонымен қатар, биылғы оқу жы¬лында жоғары сыныптарда жара-тылыстану бағытындағы пән¬дерді ағылшын тілінде оқыту бағдарламасына сәйкес оқушылар мен пән мұғалімдерінің дайындық деңгейіне қарай республика бойын¬ша бірқатар мектептер оқу пәндерінің терминологиясын иге¬руге кірісетін болады. Осы орай¬да оқу пәндерін ағылшын тілін¬де жүргізетін мұғалімдердің ай¬лық жалақысына 30 мың теңге қосымша ақы төлеу көзделген. Жоғарыда аталған бағдарлама жайлы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінің директоры З.Баймағанбетова былай дейді:
– Бүгінгі білім беру мазмұны бойынша мұғалім оқушыны өмір¬дің барлық саласында табысты болуға үйретуі тиіс. Демек, бұрын мұғалімнің міндеті білім беру болса, бүгінгі таңда олар оқушының талабы мен талпынысына қарай бағыттаушы. Сол себепті сабақ барысында баланы жан-жақты ойландыратын сұрақтар, деңгейлік, кеңейтілген тапсырмалардың қам¬тылуы маңызды. Сабақтағы басты тұлға – оқушының өз бетімен білім алу, іздену, терең ойлау, зерттеу дағдыларын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.
Жаңартылған білім беру маз¬мұны жүйелі жүзеге асырылып келеді. Алғашқы кезекте бағдар¬ламаны облыстағы мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназияларындағы ірік¬телген сыныптардан бастап енгізу қолға алынған болатын. Айталық, 2015-2016 оқу жы¬лында Назарбаев зияткерлік мек¬тептері мен «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесінде білім беретін 46 инновациялық мектеп-лицей және мектеп-гимназиялар қалыптастырылды. Өткен 2016-2017 оқу жылында аталған мектептердегі 320 лицей сыныбында ағылшын тілі пәні аптасына 5 сағат оқытылып келген болса, биылғы жылы осы сыныптарда білім алып жатқан 7 358 оқушы ағылшын тілінде пән¬дердің терминологиясын игеруге көшеді. Бұған байланысты 200-ден астам пән мұғалімі арнайы тіл меңгеру курстарынан өтіп, даярланды.
Білім беру бағдарламасының жаңаша талаптарына сәйкес 2015 жылы аймақтағы іргелі білім ордасының бірі – М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Білім - инновация» халықаралық қорының қолдауымен мектептерде математика, физика, информатика пәндері бойынша ағылшын тілінде дәріс беретін мұғалімдер даярлау бастамасы қолға алынған еді. Бүгінгі таңда бағдарламаға сай 225 студент білім алып жатыр. Алдағы 2018-2019 оқу жылында олардың алғашқы легі, яғни 75 маман инновациялық мектептерге жұмысқа орналасатын болады.
Алдағы оқу жылынан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7 сыныптарында әр аймақтың өзіндік ерекшеліктеріне негізделген «Өлкетану» курсы оқытылады деп жоспарланып отыр. Оның мақсаты жас ұрпақ бойына туған жерінің қалыптасуы мен дамуын сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени тұрғыдағы ақпараттарды сіңіре отырып, отаншылдық сезімін, қоршаған ортаға деген қам-қорлығын, сүйіспеншілігін қалып¬тастыру болып табылады.
Қазіргі таңда білім саласы заман ағымына сай білім беру мазмұнының жылдам қарқында жаңаруын, бұл орайда білім беру үдерісінде электронды оқытуды кеңінен енгізу талабын алға қойып отыр. Сондықтан облыстағы жалпы орта білім беретін 293 мектептің 70 пайыздан астамы кең жолақты интернет желісіне қосылған. Жыл соңына дейін тағы 77 мектеп қосылатын болады. Ал аудан орта¬лығынан шалғай орналасқан 9 мектептің спутниктік байланыс арқылы жұмысын үйлестіруіне мүмкіндік жасалады.
Қорыта айтқанда, Сыр өңірі түлектері соңғы үш жылда орташа білім көрсеткіші бойынша республика көлемінде алғашқы бестіктің қатарына еніп отыр. Оның бір көрінісі, биыл мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесінде облыс бойынша ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 50 пайызға жуығы еліміздегі жоғары оқу орындарына түскен. Сондай-ақ, 62 түлек Мәскеу, Санкт-Петербург университеттеріне қабылданған болса, 162 мектеп бітіруші түлек облыс әкімінің грантын иеленді.
Ғазиза ӘБІЛДА.