Жуырда ақиық ақын Асқар ауылындағы шаруашылық егініне алғашқы орақ түсті. Егінжайға аудан әкімі Ғ.Қазантаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары М.Бақтиярұлы мен Б.Еламанов арнайы келді. Халық қалаулылары елмен емен-жарқын кездесу өткізіп, алғашқы орақтың лентасын қиды. Диқан қауымының егіннен мол өнім алып, жауапты науқанды сәтті өткізулеріне тілектестіктерін білдірді.
– Аудан облыста алдыңғы қатарда. Төрт мәрте чемпион болды. Биыл да биік белестен көрінеді деп сенеміз. Қазіргі кезде астық өсірушілерге мемлекет тарапынан көп көмектер көрсетілуде. Оның игілігін Сіздер де көріп жатырсыздар. Күріштен мол өнім алып, қосымша табысқа кенелулеріңізге тілектеспін, – деді сенатор Бекмырза Қайыпұлы.
«Дән болса, ән болады» дегендей, алғашқы орақ салтанатында асқарлық «Әжелер» ансамблі егінжайды әсем әнге бөледі. Сондай-ақ, сенатор Мұрат Бақтиярұлы ауданға, ауылға деген өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
– Сырдария ауданы соңғы жылдары керемет жаңарыпты. Көптеген құрылыстар жүргізіліп, әлеуметтік нысандар жаңарып, көшелер жөнделген. Сіздердің ауылдарыңыздан да сол көріністі байқап отырмыз. Бұл біздің экономикамыздың, тұрмысы¬мыз¬дың алға басқаны, – деді халық қалаулысы.
Аудан басшысы, сенаторлар «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС директоры М.Есжановтың сұрауымен «Әжелер» ансамблінің мүшелеріне жаңа музыкалық аппаратураның құжатын, ансамбльге жаңа ұлттық киім алуға қаржылай қолдауды салтанатты жағдайда табыс етті. Батыр Ана О.Есжанова халық қалаулыларына ел тілегін жеткізсе, ауыл ардагері Ә.Арын көпшілікке бата берді.
***
Сенаторлардың сапары бұдан әрі Қалжан ахун ауылында жалғасын тапты. Ауылдың төл құжаты жанынан халық қалаулыларын «Бақ» ШҚ төрағасы А.Құлбаев бастаған ауданның бір топ ірі шаруашылықтарының басшылары күтіп алды. Алдаберген Бодыбайұлының егінжайына жол тартқан мәртебелі меймандар биыл 46-шы егін орағын өткізгелі отырған басшының ерен еңбегіне, іскерлігіне ризашылық танытты. Өйткені, халық қалаулылары қай жерге ат басын тіресе де, оларды жайқалған бітік егін қарсы алып отырды. Сенаторлар Алдаберген ағайға егіннің жайын бес саусағындай білетін мұндай агроном өңірде сирек деп баға берді.
Сенаторлар М.Бақтиярұлы, Б.Еламанов қалжанахундық егінші-механизаторлармен етене әңгімелесіп, халық байлығы – астық өндіруде мемлекет тарапынан жасалып отырған көптеген көмектер, жеңілдіктер туралы айтып, егемендіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда елдің жағдайының жоғары екенін, алда бұдан да жақсаратынын жеткізді. Сенаторлар жастық кездегі «Бір айналып келейін, бере тұршы» деген техникаға әуестікті еске түсіріп, су жаңа «Магдон» комбайнының кабинасына отырып, атызды бір айналып шықты. Осы көріністің өзі депутаттардың халықтың қалың ортасынан шыққан кешегі қарапайым ауыл балалары екенін, олар Сенатта отырып қандай заң шығарса да, туған жерге бүйректері бұратынын әйгілеп тұрғандай болды.
Екі ауылдағы алғашқы егін орағына аудан әкімі Ғ.Қазантаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Омаров, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Әзірбек, ауыл әкімі Ғ.Әкбаров, шаруашылық басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Сырдария ауданы.