Адамзат баласы уақыт өткен сайын өз мүмкіндігін шыңдап, шексіздікке қарай ұмтылып барады. Бір анығы, табысқа қол жеткізген адам өзінің шыққан шыңының биігінен қарағанда, жолдың басы білім алу, оқу, үйрену талабынан бастау алғанын анық көреді. Сондықтан білім алуға жұмсаған күш-жігері мен уақытын, қаржысын текке кетті деп есептемейді.
Абай хәкімнің жас баланың анадан туғандағы «ішсем, жесем, ұйықтасам екен» дейтін және «білсем екен» дейтін екі мінезін суреттегеніндей, білімге ұмтылыс барлық жеткіншектің бойынан табыла бермейтін қасиет. Есесіне оның қабілеті басқа қырынан ашылып жатады. Бүгінде орта мектептен кейін жоғары білім алуға түлектердің жартысынан астамы қызығушылық танытады. Мәселен, биылғы жылы ҰБТ-ға қатысқан балалардың 54,6 пайызы ЖОО-да білім гранты негізінде оқуға қол жеткізді. Өткен оқу жылы бұл көрсеткіш 35 пайызды ғана құраған еді. Биылғы жылы мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесінде облыс бойынша ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 50 пайызға жуығы қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуда.
Салыстыру үшін айтсам, осыдан 25-30 жыл бұрын мектеп бітірген біздің буыннан, яғни бір жылда мектеп бітірген түлектерден бар болғаны 10 шақты адам ғана жоғары оқу орнына түсетін. Ата-аналарымыз шетелде оқыту туралы армандамайтын да еді. Қазіргідей әлемнің қай түпкіріне де жол ашық кезде балаларымызды маңдайалды университеттерде оқыту барлығымыздың арманымыз десем қателеспеймін. Бұл қол жетпес арман болып қалған жоқ, біз жетпегенге балаларымыз ұмтылып, ойлаған мақсаттары орындалуда. Мемлекет білім гранттарын бөлу арқылы жас ұрпақтың кәсіби маман болуына қаржы салып отыр. Өйткені білімге салынған инвестицияның уақыт өте келе еселеп қайтатыны анық.
Сыр өңірінің жастары мемлекеттік грантқа қосымша «Серпін» бағдар-ламасымен, облыс әкімінің грантымен және Ресей Федерациясы бюджеті есебінен оқуға мүмкіндік алған.
Аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресейдің үш университетінің 1-3 курсында барлығы 390 студент оқып жатыр. Оның ішінде Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінде 19 мамандық бойынша 204 студент, Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде 22 мамандық бойынша 98 студент, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетінде 10 мамандық бойынша 88 студент білім алуда.
Алдағы жылы Мәскеу Ұлттық технологиялық-зерттеу университетін 61 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетін 21 бала бітіреді. Биыл Мәскеу Ұлттық технологиялық-зерттеу университетіне 14 бала, Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне 24 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетіне 24 бала, барлығы 62 бала оқуға қабылданды.
Болашақта бұл түлектер ІТ, тау-кен, металлургия, мұнай, күрделі қосылымдар, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тағы басқа салаларда аймақта индустриалды-инновациялық жобалардың сәтті іске асуына, экономикамыздың өркендеуіне өздерінің үлесін қосатын болады.
Жақында ресейлік оқу орындары студенттерінің аймақ басшысымен кездесуінде олардың бойынан білімге, ата-ананың үмітін ақтауға деген талпынысты байқадық. Болашаққа құрған жоспарлары туралы жанарларынан от жалындап отырып айтып берді. Бірі – оқу бітірген соң әрі қарай ғылым жолына түскісі келеді, енді бірі – өз бизнесін ашып, алған білімін кәдеге жаратудың тың тәсілін ойлап табуға ынталы.
Тоғжан Ахмет Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің 4-курс студенті Ресей астанасындағы қызылордалық жастардың бір-біріне қамқорлық танытып, қолдау білдіріп отыратынын айтты.
– Сабақ барысындағы тілдік барьерден бастап, үлкен қалаға бейімделгенге дейінгі кедергілерді бірге еңсеріп келеміз. Мұндайда бауырмашылдығымызды танытып, кіші курстағыларға үлгі болуымыз керек, – деді Тоғжан.
«Мұнай-газ өндірісінің физикалық процестері» мамандығы бойынша білім алып жатқан Айжан Әбдіхалық қазіргі «қара алтын» нарығындағы күрделі ахуалға қарамастан, таңдаған кәсібін терең меңгергісі келеді. Айжан – өз университетіндегі Қазақ қауымдастығы төрағасының орынбасары. Аталған оқу орнында 700-ден астам қазақстандық студент оқиды екен.
Мұнан бөлек, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 162 бітіруші Қызылорда облысы әкімінің грантына ие болды. Аталған гранттар 2013 жылдан бері халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары өкілдерінің балаларына беріліп келеді. Осыған дейін 694 бала облыс әкімінің грантын иеленген еді.
Биылдан жүзеге асырыла бастаған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 1565 бітірушіге республикалық және жергілікті бюджет есебінен колледждерде білім алуға мүмкіндік берілді.
Осыдан біршама уақыт бұрын, яғни, 2014 жылы «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» - «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы басталғанда сол жылы республика бойынша 2050 талапкер оқуға түсті. Келесі жылда грант саны 3 есеге өсіп, 6200-ге жетті. Олардың 5000 орны 19 жоғары оқу орындарындағы 61 мамандыққа, 1200 орны 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 47 мамандыққа берілді. 2016-2017 жылдары бағдарламаға 22 жоғары оқу орны, 32 кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары қатысты.
Сол 2014 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша бөлінген жоғары оқу орындарына бөлінген гранттың 974-ін, колледждерге бөлінген гранттың 650-ін сырбойылық түлектер иеленді. 2015 жылы 1056 бітіруші ЖОО-ға, 731 бітіруші колледждерге түсті. Ал 2016 жылы 742 талапкер жоғары білім алуға, 623 талапкер орта арнаулы білім алуға аттанды. Бұл – жастардың білім алуына, өмірден орны мен жолын іздеуіне жасалған қамқорлықтың ерен үлгісі.
Болашағын ойлаған адам баласының білім алуынан қаржысын аямайды. Біздің еліміз, аймағымыз ертеңгі күні ел іргесін бүтіндейтін ұрпағының жолына барын салып оқытып жатқан қамқор ата-ана сияқты. Тек балалары үмітін ақтаса екен.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.