ӘЛЕУМЕТКЕ ПАЙДАЛЫ ӘРІПТЕСТІК

Көптеген елдердің экономикасына көз жүгіртсек, кейінгі жылдары мемлекет пен жеке бизнестің жаңа формасы – мемлекеттік-жеке әріптестік кең қанат жаюда. Аймақта “Аумақтық мемлекеттік жекеменшік әріптестік орталығы” серіктестігі құрылды. Мақсаты – әріптестік жобаларды консультативтік сүйемелдеуге, инвестициялық қабілетті арттыруға септесу. Бүгінде әріптестік аясында 11 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде “Мерей” шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға алу қызметі бар. Осыған байланысты шілде айында облыстық дене шынықтыру мен спорт басқармасы мен “Инабат” ЖК арасында әріптестік келісім-шартқа қол қойылған еді. Қазір жастарды бұқаралық спортқа тартуға бағытталған жоба аясында жеке әріптес өз қаражаты есебінен ғимарат құрылысын аяқтап, оны қажетті спорттық құралдармен толық жабдықтады. Мемлекет тек жалға алу шығынын төлемек. Бұл жерде ұсынылған мүмкіндіктің екі жаққа да тиімді жағы тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Ең бастысы, мерейлік жастардың спортта мерейі үстем болуына жол ашылды.
– “Мерей” бірде-бір спорт нысаны жоқ шағын ауданның бірі болды. Нәтижесінде тиісті жұмыстар қолға алынып, олқылықтың орны толды. Кешенде спорттың 20 түрінен тегін оқу-жаттығу жиындары өтуде. Қалай десек те, біз мемлекеттік жекешелік әріптестік жобаларын қарау барысында басты назарды қоғам үшін қажетті басымдықтарға аударудамыз. Мәселен, мемлекет үшін бұл басым¬дықтарға бюджет қаражатын үнемдеу, қосымша ресурстар алу, көрсетілетін қызмет пен тауар сапасын арттыру кіреді. Жаңа жұмыс орнын құру, бұрынғы жұмыс орнын сақтау мен жобаны іске асыруда уақытты үнемдеу де жатады. Ал жеке әріптес үшін мемлекеттің кепілдігімен жеңілдетілген несиеге қол жеткізу, бюджет қаражатын тарту, салынған инвестицияның қайту кепілдігі секілді пайдалы тұстар бар. Біз барлық әріптестік жобаларға қатысқысы келетін ынталы тұлғаларды қабылдауға дайынбыз, – дейді “Аумақтық мемлекеттік жекеменшік әріптестік орталығы” серіктестігінің директоры Мақсат Еламан.
Расында, әлеуметке пайдалы әріптестік мемлекет пен бизнестің өз¬ара ынтымақтастығын арттырып, қажетті инфрақұрылымдарды жаңғыртуға мүмкіндік беруде. Жоғарыда айтқанымыздай, биыл шаһарда 11 жарқын жоба жүзеге асырылмақ. Олардың дені балабақша, емхана, спорт кешендері сынды әлеуметтік нысандар құрылысы болып отыр.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қыркүйек 2017 г. 423 0