КҮРІШ ОРАҒЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Күн шайдай ашық, аздаған самал ғана қамыс басын аялай тербейді. Арық жағалай қонақтаған қалың шөп те егіс алқабына көз тіккендей. Ал онда «дала кемесі» атанған комбайндар соңына жал-жал күріш дестелерін тастай, жарыса  айналсоқтап жүр. Алып техника кейде кідірістеңкіреп қалады. Мұнысы канал жағалаудағы ызасы әлі кебе қоймаған жердің былқылын тосырқағаны. Бұрынғы орақ комбайндарыңды шаң қаптырып кететін шетелдің техникалар «МагДОН», «Класс ЛЕКСИОН» сынды жаңа озық техникалары күріштің қалыңдығынан немесе жерге жабыса жата қалғанынан сескенбейді, тек салмағы ауыр болғандықтан, алқап ызасының кебе қоймағандығынан сақтанады.
Биылғы дария суының мөлшері жойқын болды ғой, ыза көп, сағаның суы да кештеу тартылды. Соның салдары күріш орағына аздап кері әсерін тигізді. Жер дайын болса, шетелдік орақ комбайндары алқабыңның апшысын қуырып жібереді. Бұл төртеуі күніне 50 гектарыңды ойланбай орып шығады. Оған қоса, дән жегіш комбайндарымыз да сай тұр. Олар да іле-шала астықты тез бастырып, өнімді қырманға жөнелтіп жатыр, – дейді «Бидайкөл» шаруа қожалығының атқарушы директоры Әбжаппар Тұрманұлы.
Айтса айтқандай, орақ және дән жегіш комбайндардың арасындағы жұмыстарда селкеулік білінбейді. Шаруашылықтың №1 бригадасы Қойшыбай Маханбетов болса, №2 бригаданың бригадирі – Жомарт Бақтияров. Алып техникалар екі алқапқа кезек-кезек түсіп, егін жинау науқанының бәсін қыздырып барады. № 1 бригадаға қарасты Жомарт Қитанбаевтың 58 гектар жер сәскеге дейін орылып, дән жинауы ұзамай шаң беруі тиіс. Мамандардың болжамы осы.
«Бидайкөл» – Шиелі ауданының маңдайалды шаруашылығының бірі. Ұжым биылғы жылы да 1300 гектар жерге күріш дақылын сеуіп, күздік бидай мен екпелі шөпті де молынан егіп, олардың бір бөлігін жинап үлгерді. Осы уақыт аралығында күріштің 400 гектардан астамы орылып, іле-шала дәні де алынды. Алқап айналасында жүрген оншақты «КамАЗ» көліктері күріш салысын орталыққа жөнелтуде. Осының бәрі жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Әлгінде шаруа жайын әңгімелеген Әбжаппар Тұрманұлы аталған шаруашылықты 10 жыл бойына басқарып, уақыт талабына сай ауыл адамдарының ырыс-несібесін егістік алқаптан теруді ұйымдастырып келсе, кейінгі үш жыл барысында инвестор Талғат Байдалиевтың нақтылай қолдауына сүйеніп еңбек етіп келеді. Яғни, егін егуге қажетті барлық шығынды инвестор өз қаражатынан көтерсе, талапқа сай жұмысты жүргізуді Әбекең мойнына алған. Оған агроном Марат Мұсаев, инженер-механик Әмірхан Қуатбаев және өзге де тәжірибелі мамандар көмектеседі.
Ауыл – қазақтың қарашаңырағы. Оның болашағы жастарымыз екендігі белгілі. Кешегі тоқырау жылдары жастардың көбісі жұмыс іздеп, оқуға талаптанып, қалаға ағылды да мұндағы тірлікпен тек бұрынғы мамандар жеке қалды. Міне, ауылдың шаруашылық жұмысын жаңаша ұйымдастырудың нәтижесінде кейінгі толқын жастар ауылшаруашылық жұмысына белсене араласа бастады. Мәселен, комбайн штурвалында отырған Азамат Қайранов, Ғабит Омаров, Әзімхан Қуатбаевтар 20-24 жастағы жас жігіттер, осы Шиелідегі агроколледждің түлектері. Сол секілді звено жұмысындағы жұмысшылардың басымы осы толқындағы жастарымыз. Бұл, әрине, сүйсінерлік жағдай.
– Жұмысшы-механизаторлардың айлық¬тары уақытылы, 60-70 мың аралығында. Ал комбайнерлар науқан кезінде 150 мың теңгеге дейін табады. Оның үстіне осында жер үлесі бар барлық үлескерге тегін 100 дана жоңышқа бумасы беріледі, – дейді агроном Марат Мұсаев.
«Бидайкөл» шаруа қожалығының механизаторлары – Темірбек Мырзалиев, Сүлеймен Әбдіраманов, Жақсылық Төлебаев, Қуандық Төлебаевтар және де звено жетекшілері Марат Әйекеев, Еламан Ажарбаев еселі еңбек етіп, ортақ шаруаға барынша мол үлес қосып келеді. Шаруашылық басшысының айтуынша, әзірге күріштің әр гектарынан орташа 55 центнерден өнім алынуда. «Алдағы күндері бұл көрсеткіш мұнан да өсуі мүмкін. Өйткені, салысы салалы алқаптарды ору кезегі енді келеді», – дейді олар. Әрине, солай болғаны елдің игілігі. Ендеше, қырман тасысын!    

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қыркүйек 2017 г. 624 0