Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017көрмесін жоғары деңгейде өткізуге тікелей атсалысқаны үшін Халықаралық көрмелер бюросының бірінші алтын медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осылайша, Халықаралық көрмелер бюросы ҚР Президентіне және Қазақстан үкіметіне білім беру, инновациялар және ынтымақтастықтың негізгі құндылықтарына қолдау білдіріп, болашақтың энергиясы саласындағы жаһандық ынтымақтастыққа қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс айтты. Аталған марапатты Бюро президенті Стин Кристенсен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшысы Ахметжан Есімовке табыстады. Екінші алтын медаль ауқымды шараны табысты өткізуде аянбай еңбек еткен ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысушыларына берілді. Одан бөлек, Халықаралық көрмелер бюросы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұжымына кәсібилігі мен халықаралық қатысушыларға қолдау білдіргені үшін абырой медалін табыстады.
Екінші абырой медаліне ерекше қонақжайлылық танытып, әлем азаматтарына шабыт сыйлаған Астана қаласы мен оның тұрғындары лайық деп танылды. Сыйлықты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов алды. Тағы бір абырой медалі көрме комиссары Рәпіл Жошыбаевқа қатысушыларды көптеп тарта білгені үшін берілді. Сонымен бірге, ЭКСПО-2017 көрмесінің айнымас бөлшектеріне айналған волонтерлар мен қоғаммен байланыс департаментінің қызметкерлері арнайы сертификаттармен марапатталды.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусым күні ашылды. Үш ай бойы өткізілген Көрменің жабылу салтанаты ертең, 10 қыркүйекке жоспарланған.