Қазалы ауданында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл күні аудан тұрғындары ауылдық округтерден әкелінген өнімдерді арзандатылған бағамен сатып алды. Жәрмеңкеде елді мекендерден жеткізілген елу тонна қауын, жиырма тонна қарбыз, картоп, көкөніс пен жеміс-жидек түрлері, ет, сүт, балық өнімдері ұсынылды. Айта кетерлігі, сатушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы шатырлар орналастырылды. Бәлкім, осының әсерінен де шығар, жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Тұтынушылар арзандатылған отандық өнімге асқан қызығушылық танытты.
«Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттауды мақсат тұтқан шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Қыркүйекте Қызылорда мен Астана қаласында өтетін жәрмеңкелерде қазалылық өнімдер ұсынылатын болады. Биыл Қазалы ауданы бойынша бау-бақша егу жұмыстарын жандандыру қолға алынғаны мұнан бұрында айтылып, жазылып жүр. Осы тұрғыда ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесі қарастырылған. Халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін Әйтеке би кентінің 5 квартал аймағында, аудандық пошта байланыс торабының жанында, С.Мұқанов, Жанқожа батыр көшелері бойында және №170 мектеп жанынан бау-бақша өнімдері сатылатын орындар белгіленді. Нәтижесінде кент тұрғындары орталыққа бармай-ақ, өздері тұратын аталған аймақтарда жергілікті бақша өнімдерін тиімді бағада сатып ала алады. Ағымдағы жылы Қазалы ауданында бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіру 600 гектарға ұлғайтылды» дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп – Әлі.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы.