Инновация қазақ ғылымына жат емес

Инновация, сөзсіз, экономиканың басты қозғаушы күші болып табылады. Оның көмегімен барша әлем үшін­ші индустриялық революция­ны жасамақ. Мұның концепциясын аме­рикалық ғалым Джереми Риф­кин жасаған болатын.
Рифкин тұжырымына сәйкес үшінші индустриялық революция ци­фр­лы байланыстың пайда болуынан басталады. Интернет әлемді күрт өзгертті, ақпараттың таралу ауқымы мен оның жылдамдығы ғажап болды. Екінші революция кезіндегі басты энергия көзі – көмір, газ, мұнай түптің-түбінде сарқылып, барлық жұмыр жер тұрғындарына жетпейтіндігі сөзсіз. Сондықтан жаңа кезеңде жаң­ғыр­малы энергия көздеріне көшу, энер­­гия және ресурстарды үнемдеу тех­нологиясын өрбіту, көлікті суте­гі энер­гиясы негізіндегі электр қоз­ғал­т­қыштармен жүруге, үнемді жерасты пне­в­мокөлікке көшіру, тұрмыстық тау­арлар шығаруды алып өндірістен 3D-принтерлерді пайдалану арқылы ша­ғын өндірістерге көшіру, метал­лургиядан көміртегі негізіндегі ком­по­зиттік материалдарға өту, мал ша­руа­­шылығында ет өндіруде 3D-био­прин­терлерді пайдалана отырып «жасанды ет» өндіруді жолға қою, ауыл шаруашылығының бір бөлігін «көп қа­батты ферма» түріне көшіру мақ­сат­тары тұр. Осындай келелі де ке­ле­шегі мол істерді орындау жолында мем­лекеттер бұл салаға қаржы құюдан аянар емес. Global Innovation Index рейтингі бойынша ғылымда көш бастап тұрған елдер – Швейцария, Швеция, Англия, АҚШ, Финляндия. Осы тізімде Эстония 24-орынды иеленсе, Қазақстан 75-орында. Айтпақшы, бір кездері Кеңес одағының шекпенінде бізбен бірдей өмір сүрген Эстония – Балтық жағалауындағы кішкентай мемлекет бұл табысқа қалай қол жет­кіз­ді деген сұрақ туады. Эстондар еге­мендік алысымен телекоммуника­ция жүйесін жекешелендіріп, бүкіл ел­ді талшықты байланысқа көшіріпті. Со­ның арқасында бір-бірімен ақпарат ал­масу жақсарып, интернет барлық жер­де жұмыс істеген, ол тіпті шағын ара­л­дарда да ғаламтор кедергісіз қо­сылатын болған, нәтижесінде инно­ва­ция дамыған. Әлем елдеріндегі ғылымға құйы­ла­тын қаржының көлемі қандай? Ғы­лымды қаржыландыруда бірінші орын­да Оңтүстік Корея тұр, оның көлемі 64,6 млрд доллар, ол ішкі жалпы өнімнің 3,9 пайызын құрайды. Екінші орында Израиль, бюджеттен 10 млрд доллар көлемінде қаржы бөлінеді, ол ІЖӨ 3,78 пайызға тең. Үшінші орында Жапония, бұл мемлекеттің ғылымды қаржыландыруы 141 млрд доллар көлемінде немесе ол ІЖӨ-нің 3,05 пайызы. Онан кейінгі орындарда Финляндия мен Швеция, бұлар­да­ғы қаржыландыру деңгейі 2,6 пай­ыз, Германияда 2,4 пайыз. Ал Еуро­одақ елдерінде бұл көрсеткіш орта­ша алғанда 1,6 пайыз шамасында. Атал­ған тізімнің соңғы ондығында Ресей, Белоруссия және Украина бар. Ал Қырғыз мемлекетінің көрсеткіші тым төмен – 0,07 пайыз ғана. Ал қара­жат көлемін есептейтін болсақ АҚШ мем­лекеті ғылыми ізденістерге 400 млрд-тан астам қаражат бөледі, ол бү­кіл Қазақстанның ІЖӨ-сінен екі есеге артық. Сондықтан болар Нобель сый­лығының иегерлері арасындағы 331­ ғалым америкалық болып отыр. АҚШ-та ғылымды қаржыландыру фе­де­ралды үкімет тарапынан 27 пайыз, жеке секторда 67 пайыз, университеттерде 7 пайызды құрайды. Жалпы, қаржының негізгі ізденістерге 17 пайызы, қолданбалы ғылымға 22 пайызы, ал дайын өнім шығару ізденістеріне 60 пайызы жұмсалады. Өзімізге оралайық. Қазақстанда ғылымға 2010 жылы – 20 млрд теңге, 2012 жылы – 46,3 млрд теңге (307 млн доллар), 2013 жылы – 49,5 млрд теңге (322 млн доллар), 2014 жылы – 47,9 млрд теңге (263 млн доллар), 2015 жылы 33 млрд теңге бюджеттен бөлінсе, өткен 2016 жылы жалпы қар­жының үлесі 36,4 млрд теңгені құ­рады. Бұл қаржы еліміздің ішкі жал­пы өнімінің 0,15 - 0,18 пайызына тең. Ал келешекте елімізде ғылымды қар­жыландыру деңгейі сатылап өсетін болады. Мысалға, 2020 жылы ІЖӨ-нің 2 пайызы, ал 2050 жылға қарай 3 пайызын құрайды деген мақсат бар. Бұл қазақстандық ғалымдардың үміт отын маздатқаны анық. Барды бар деп айту керек. Қазақстандағы ғылым саласы мүмкіндігінше Үкіметтен қолдау тауып келеді. Ғалымдарымыз уақыт талабынан қалмай инновациялық жолмен экономиканы өрістетуге үлес қосуда. 2008-2015 жылдары аралығында Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк технологияны коммерциялау жобасын іске асырған болатын. Онда 65 жобаның, құны 1 млрд теңге болатын 40-ы өндіріске сатылу деңгейіне жетті.
Атамұрат  ШӘМЕНОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қыркүйек 2017 г. 481 0