МЕРЕЙТОЙҒА ТАРТУ МОЛ

Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына басты тарту - Қызылорда қаласының сол жақ жағалауы  пайдалануға беріледі. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов мәлімдеді.
Келер жылы қаламыздың 200 жылдық мерейтойы екендігі баршамызға белгілі. Бүгінгі күні айтулы мерейтойлық датаны жоғары деңгейде атап өту үшін қарқынды дайындық жұмыстары басталып кетті. Сырдария өзенінің сол жағалауын дамытудың түбегейлі жоспарлау жобасының жалпы көлемі 1 мың 532 гектар болса, бірінші кезекте жоба бойынша жүзеге асырылуы тиіс 500 гектар аумаққа әкімшілік ғимараттар мен түрлі мақсаттағы әлеуметтік нысандар салынады. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады, оның ішінде: 11 тұрғын аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парктер мен бульварлар қарастырылған.
Сол жағалауды кешенді игерудің 1-ші кезеңі - сол жағалау алаңының және қажетті инфрақұрылымдарының құрылысы 2017-2024 жылдар аралығында жоспарланса, алғашқы қадамы ретінде былтырғы жылдың соңында Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірі пайдалануға берілді. Ал, ағымдағы жылдың 17 мамырында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйлердің және 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды.
- Аталған құрылыс нысандарын 2018 жылға толық аяқтау жоспарланған. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектептің, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап осы аумақта жастар орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, неке сарайын салу жоспарланса, бүгінде жоспарланған нысандардың бірі «Алаштың анасы» атанған Сыр елінің өткенінен сыр шертер, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттарының іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлінген 68 млн. теңгеге «Онкологиялық орталықтың» жоба-сметалық құжаттары әзірленуде және құрылыс жұмыстарын бастау қазан айына жоспарлануда, - дейді Шахмардан Байманов.
Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен сый-тарту ретінде қала орталығында құрылысы жүріп жатқан ірі сауда және ойын-сауық орталығы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 
 

















НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қыркүйек 2017 г. 565 0