Ұлы табыстарымызды жалғастырып, дамытып, соны халықтың бойына сіңіру мақсатында Елбасы Қазақ елінің мәңгілік болуына орайластырып, оның қол жеткен табыстарын әрі қарай өркендету үшін алға мынадай міндеттер қойды:
1) Рухани жаңғыру;
2) Туған жер;
3) Сана;
4) Прагматизм;
5) Нұрлы жол.
Сөйтіп, Елбасы болашаққа бағдар ретінде «Рухани жаңғыру» идеясын ортаға салды. Ұлт рухының арқауы неде? Кейінгі жастар оны жеткілікті түсінбеді, рухани жаңғыру жолы жайлы ақпараттық жүйе жеткілікті деңгейде мәселе көтере алған жоқ еді. Рас, туған жердің мерейі, әдет-ғұрып пен дәстүр ақпарат көздерінде жиі көтеріледі. Бірақ жаңғыру деген не? Елбасы осы мәселені жалпы теориялық тұрғыдан көтеріп, оның практикалық іске асуына жол нұсқады. Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Елбасы биылғы Жолдауында елімізде үшінші жаңғыру басталғанын жариялады. Сөйтіп, біз қайта түлеудегі айрықша маңызды екі үдерісті – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу аталған жаңғыру процесінің нақты мақсаты мен міндеті болатын. Саяси және экономикалық жаңғыруды дамытып қана қоймай, оны қоғамдық өзгерістердің өзегіне айналдыру қажет болды. Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес. Тәуелсіздік кезеңінде бірнеше бағытта тарихи, мәдени нысандарды жаңғырттық, тарихтың жаңа беттерін аштық, көптеген ұмыт қалған, халықтың жадынан өшірілген мәдени мұралар, архивтер мен құжаттардан іздеп алынды, зерделенді. Еліміздің жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болуға ұмтылысы, болашаққа қалай қадам басатынымыз, сананы қалай өзгертетініміз жайында көп ойлар туындады. Соларды зерттеп, халыққа керек сөзді Елбасы айта білді. Бүкіләлемдік деңгейде Қазақстан көз алдымызда өзгеріп жатқанын түсінсек те, сана-сезімімізге әбден сіңіп қалған қасаң қағидалардан арылмасақ, озық өркениетті елдердің қарқынына ілесе алмасымыз түсінікті болды. Қазақ тарихының тереңде жатқан тамырын аршып, 300 жыл бойы бодандықта болғанымыздың сыр-сипаты халыққа дәйекті түсіндірілді. Әр халықтың өзіндік ерекшеліктері, артықшылығы мен кемшілігі бола тұра, сонымен бірге сол ерекшеліктерін сақтаған ұлттық рухани коды болуы керектігі айтылды. Осы орайда Қазақстанды жаңғыртудың бірнеше бағыттары аталды: Ұлттық бірлікті сақтау, білімді жетілдіру, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Осы айтылған стратегиялық бағдарламалар көпшіліктің талқысына түсіп, оның әрқайсысына тән ерекшеліктерді халық біліп те, талдап та жатыр. Қазақстанның түбегейлі жаңғыруы қоғамдағы жаңа идеялардың болашағын баянды етудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі деуге болады. Бұл бағдарламалар арқылы қазақстандықтар, әсіресе жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі ұсыныстардың маңызын терең түсінетіні даусыз. 25 жыл ішінде нарықтық экономикаға кірдік, халықтың тұрмыс деңгейін көтердік, дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылдық. Бұл жеңістердің барлығы – осы уақытқа дейін қабылданған стратегиялардың нәтижесі. Әлемдік деңгейде бұрын-соңды көтерілмеген бағдарламалар жасалды. Азғантай уақыттың ішінде елдің экономикасын жақсарту үшін Елбасы бірнеше стратегиялық жобалар жасады. Ол жобалар әлемдік маңыз алып, Батыс елдерімен сауда жүрді, яғни Қазақстан ДСҰ-ға мүше болды, Жібек жолын жаңғыртып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытында жаңа дәліз тартылды. Бұрын ұзақ жылдар отар болған, тәуелсіздігіне небәрі ширек ғасыр толған елді бүгін әлем мойындауының құпиясы қазақ сияқты дарынды халықтың ішінен шыққан, тарихын жақсы білетін, сол елдің ішінде қалыптасқан тұлғаның ел басқарудағы артықшылығында екені аян. Жас мемлекетті, жаңа жүйені, жаңа қоғамды қалыптастыру, өз ұлтының арманын жүзеге асыру, экономиканың ілгерілеуі заңды жолмен өтті. Кезек пен кезек, бірінен кейін бірін, халқына стратегиялық тұжырыммен дәлелдей отырып жүргізді. Соның бір мысалы ретінде 2012 жылғы 22 мамырда шетел инвесторларының пленарлық отырысында «Жаңа Жібек жолы» жобасын ұсынғанын еске алуға болады. Қазақстан өзінің тарихи рөлін қайта көтеріп, Орталық Азия аймағындағы ірі іскерлік және транзиттік жол салуға мұрындық болды. Бұл жол Еуропа-Азия арасындағы көпір болуға тиіс-тін. Біріншісі – географиялық орналасуының тиімділігі, екінші – жүк ағынының артуы, үшіншісі – кеден одағы елдерінің нарықтарына тікелей жетуі, төртінші – артықшылығы – 5 принциптен тұратын жылдамдық, сервис, баға, сақталу және тұрақтылықты жүзеге асыруы. Осындай аумақтық және функциялық өзара байланыстың синергетикалық нәтиже беретіндігі айғақталып айтылды. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Елбасы идеясының құндылығын атап өтті. Бұл аймақта 3 млрд-тан артық адам тұра алатындығын, жергілікті аймақтағы нарық ауқымы мен әлеуеті жөнінен ғажап өсетінін саралады. Сондай-ақ, Қытай мен Қазақстан арасында Жібек жолы экономикалық дәлізін құрудың қажеттілігін көрсетті. Қазақстан жақын және алыс жерлердегі нарыққа қол жеткізу арқылы Еуразия кеңістігіндегі геостратегиялық орнын алмақ. Бұл көліктік-логистикалық жүйенің дамуынан көрінеді. Қазақстанның көне керуен жолдарының маршрутын жаңарту туралы шешім Елбасының экономиканы дамытудағы өте бір оңтайлы қадамы болып табылады. Бұл ретте барлық керуен жолдарының маршруттары қарастырылған. «Жаңа Жібек жолы» бойынша негізгі жүк ағыны Шығыстан Батысқа қарай бет түзейді. Бүгінгі таңда жүкті Еуропаға теңізбен емес, темір жол арқылы жеткізу орта есеппен 2-3 есе жылдам екені есептеліп, анықталып отыр. Еуразиялық алыс-беріс аламанына Қазақстан үш транзиттік бағыт бойынша қатысады: оның біріншісі – Еуропа – Ресей – Қытай; екіншісі – Еуропа – Қытай (Экономикалық Ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері арқылы: Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан); үшіншісі – Ресей – Орталық Азия. Елбасы азғантай уақыттың ішінде қаншама теориялық стратегиялық жобаларды бірінен кейін бірін жалғастырып, дамытуға күш салуда. Осы орайда Қазақстанның экономикасын әрі қарай жаңғырту үшін ЭКСПО-да туған ойлар мен жаңа идеялар дүниеге келді. Елбасының елінің болашағын алыстан ойлайтынын, экономикалық дамудың түрлі, қиын жолдарын кешіп өтуге тәуекелі барын, әлемдік деңгейде үлкен басшылармен тең түсетінін, айтқанын орындата алатынын қазір жер-жаһан біліп отыр. ХХІ ғасырды жаңа қала салудан бастауы халқын риза етті және ол барлық жаңалықтарға жол салды. Күні бүгінге дейін көшпенді қазақта болмаған электр қуатын жинақтауға ұмтылуы, әлемде жер қойнауындағы байлықтардың келешекте таусылатынына байланысты туындаған үлкен энергия көзін табу туралы армандары ЭКСПО-ны жеңіп алуға жетеледі. Экспо көрме ауданы Астана қаласы маңындағы 175 га жерді алып жатыр. Көрменің сәулеттік символы – «Нұр Әлем» орталық нысаны. Нысанның диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр. Сфералық ғимараттың жоғарғы жағында 2 жел генераторы орналастырылған. Көрмеге қатысушылар – әлемнің 115 мемлекеті және 21 халықаралық ұйым. Көрмеге 5 млн турист қатысатыны алдын ала болжанып есептелді. Көрмеге қатысушылардың 85%-ы қазақстандықтар, ал қалған 15%-ы шетел азаматтары болады деп межеленген. ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар дәуірі. Біздің қоғам қысқа мерзім ішінде әлемдік деңгейде дамыған елдердің қатарына жетті. Дамыған елдердің арасында үлкен алшақтықтар пайда болды. Біздің мемлекетіміз толып жатқан қиыншылықтарды жеңе отырып, экономиканың барлық салаларын нарықтық дамудың жолдарынан өткізді. Сөйтіп, нарықты нақты игерген елге айналдық. Жас мемлекеттің дамуы, қалыптасуы, бүкіл шаруашылықтың қайта құрылуы оп-оңай өткен жол емес. Бұрын тарихи қалыптаспаған экономикасының дамуын ізгілендіру үшін Елбасы азғантай уақыттың ішінде бірнеше стратегиялық жобаларды іске қосып, соның орындалуын қадағалай отырып, біртіндеп дамыған елдердің көшіне ілесті. Өндіріс пен шаруашылықтың барлық саласында мамандар жетіспей, сырттан әкелуге мәжбүр болған елде ішкі мамандарды даярлау қолға алынды. Экономиканы көтеру арқылы елдің әл-ауқатын көтеруге, оны жетілдіруге Елбасы барлық күш-жігерін жұмсады. Бұрын біздің экономикамыз басқа елдердің дамуына тәуелді болса, енді өз экономикамызды дербес түрде дамытып, жұмыс жасау міндеті қойылды. Елбасы сыртқы елдерге барғанда сол жақтың экономикалық дамуының әдіс-тәсілдерін үйрене білді. Сырттан инвесторлар тартты. Мемлекетіміздің қысқа мерзімде дамуының негізгі ерекшелігі сыртқы дамыған елдердің ерекшелігін көре отырып, оны өзімізде пайдаланудың негізгі көздерін тап басып таба білуде. Біздегі байлықтардың көбісі шетелік инвесторлардың иелігінде болса, енді соларды кейін қайтару табысты іске асуда. Аз ғана мерзім ішінде экономиканың негізгі салаларын дамыту бізге оңайға түскен жоқ. Әлемдік деңгейде дамыған мемлекеттер қатарына жеткізу мақсатында барлық салалардың құрылымын қайта құрып, оларды жетілдіру үшін озық технологияларды өзімізде пайдалану ең бірінші нысаналы мақсат етіп қойылды. Соның бір айғағы – қазақ халқына онша танымал емес бүкіл шаруашылықтың көрмесін ашудың қиындығына мойымай, ЭКСПО-ны елімізде өткізу. ХКБ ЭКСПО халықаралық бюросы бас Ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша 103 мүшемемлекет Астананы қолдап дауыс берсе, бәсекелесіміз бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинаған. Біздің жеңісіміз болашақтың қуаты сарапшылардың көпшілігінің көңілінен шықты. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 тақырыбы өзектілігін танытты. Қазақстанның атынан барған ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған «FUTURE ENERGU», яғни «Болашақ қуатты ел» тақырыбы сарапшылардың көкейіне дөп қонып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты брендіне айналды. «Болашақтың энергиясы» жобасының өміршең өзектілігі энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығында болып табылады. Әлемдік деңгейде дамыған елдер экономиканы дамытудың негізгі көзі болып табылатын энергия қорларын пайдаланудың, оны дамытудың жолдарын ғылыми тұрғыдағы жаңа технологияларын ертеден-ақ қолдана бастаған. ЭКСПО-ны өзімізде өткізу, оны жеңіп алу біздің экономика салаларының дамуына зор ықпал жасайтынын Елбасы ертеден-ақ аңғарып білген.
І. Электр қорын жинау мен оны пайдалануда біздің елдің оншалық тәжірибе-сауаты жоқтығын түсіне отырып, ЭКСПО-ны өткізу барысында бұрыннан дамыған елдердегі ғылыми жетістіктерді пайдалануды ойлаған.
ІІ. Қазақстанға келген ЭКСПО дамыған елдердің теориялық жаңалықтарын біздің жастарға үйретіп, соны пайдалану жолдарының көзін ашқан.
ІІІ. ЭКСПО жай көрме емес, бұл бүкіл әлемдегі энергия қорын пайдалана білудің теориялық тәжірибесін көрсету (табиғи қорлардың азаюына байланысты экономикасын дамыту үшін көптеген дамыған елдер қосалқы энергия қорын дамытып, оны пайдаланудың жолдарын анықтаған).
ІV. Қазақ халқы көшпелі ел болғандықтан, ғылыми тұрғыдан электр энергиясы қуатын пайдаланудың жолдарын білмеген. Оны шаруашылық салаларын дамыту үшін қолдану орайында тәжірибесі болмаған.
V. ЭКСПО-дағы ғылыми жетістіктерді жай ғана көрме деңгейінде қалдырмай, тиянақты түрде талдап, оны үйрену керектігін ұқтырып, жаңа технологияларды өндіріс орындарында пайдалану жолдарын көрсете білген.
VІ. ЭКСПО-ға 160 елден сол көрмені түсіндіретін, көрсететін ғалымдармен бірге басшылары да келді. Елбасы олардың меймандостықпен қабылдануын барлық жағынан қамтамасыз етті. Делегациялар басшыларымен кездесе отырып, әлемдік деңгейдегі «Болашақтың энергиясы» мән-мазмұнын кеңінен түсіндіріп, олардың ғылыми тәжірибесін пайдаланды.
VІІ. Ғылымның барлық саласынан өкілдер келді. «Жасыл экономика» тақырыбы мемлекеттік бағдарламаға енген, бірақ соның өзінде де біздің зиялы қауымның осыған әлі де болса жете көңіл бөлмеуі өкінішті.
VІІІ. ЭКСПО көрмесі Қазақстанның экономикасын дамытуда үлкен рөл атқарады. Егер де біз ЭКСПО көрмесіне қатысып жатқан мемлекеттердің ғылыми жетістіктерін орнымен дұрыс пайдалана білсек, экономиканың барлық саласында үлкен жетістіктерге жетуіміз анық. Елбасының көрегенділігі осында, Қазақстанды индустрияланған елге айналдыру үшін ғылым тәжірибесінің әлеуетіне жүгінуде жатыр.
ХІХ. Кеңес дәуірінде ірі өндірістерді дамыту үшін жоғары вольтты пайдаланды. Оның өзінде сауатсыздық орын алып, жоспарсыз, тек сол өндіріс орындарының маңында жоғары кернеулі желілер құрды.
Х. Қазба байлық қорлары азайған өркениетті елдердің барлығы да электр энергиясының жаңа, баламалы көздерін қарастырып жатыр.
ХІ. Біз әлі де электр қорын жинаудың, пайдаланудың жолдарын жете зерттей алмай келеміз (мамандардың жоқтығынан). Өркендеген елдерде мектепте электр қуатын жинауды, пайдалануды үйретеді. Қауіпсіздік жағдайды олар ерте үйренеді.
ХІІ. Мемлекет басшысының жоғарғы рухани дамуға қатысты сөзі, дүниетанымдық саладағы жаңғыру бойынша қолданылған жаңаша ұғым – «Болашақтың энергиясын» дамытудың басқа елдердегі қалыптасқан, ғылыми түрде дәлелденген ғылыми жаңалықтар біздің жастардың санасын жаңғыртудың мазмұнын негіздейді. «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 көрмесінде ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясы қолданыла отырып, Күн, жел, теңіз толқыны, теңіз-мұхит, термалды су, яғни бүгінде бар баламалы энергия көздерін тиімді пайдалануға арналған жобалар жоспарланған. Бұл бұдан әрі осы саладағы жаңа технологиялық жетістіктерге жол ашады.
Астана аталмыш саладағы ең үздік әлемдік әзірленімдер мен трендтерді көрсету үшін тиімді де танымал алаңға айналды. Көрме жетістіктерін біз өндірістік қуатты арттыру, ғылыми базаны технологиялық тұрғыдан жаңғырту және экономиканы жүйелі түрде әртараптандыру үшін тиімді пайдалануымыз қажет.
Тағы бір анық нәрсе, ЭКСПО-2017 көрмесі – әлемде жерасты қорларына тәуелділіктің аяқталып келе жатқанын айғақтайтын тарихи оқиға. Яғни бұл қоғамды экономикалық даму тәуелділігінен арылтып, инновациялар үстемдік құратынын, сол үшін алғышарт әбден қалыптасқанын дәлелдейді. Осы тұрғыда қазақ қоғамы не істеу керек деген заңды сұрақ туады. Менің ойымша, мұндай тарихи оқиға кезінде қазақ қоғамы тек тамашалаумен, тамсанумен, концерттік шоуларға қол соғумен шектелмеуі қажет. Егер біздің халқымыздың сауаттылығы, қызығушылығы осымен шектелсе, бұл біздің қоғамның деградациясын, тоғышарлығын білдіреді. Көрмені көрген әрбір азамат өзіне қажетті ой түймегі ләзім. Ол оның ғылыми санасының оянуына, жетілуіне мүмкіндік туғызады. Шындығында, әрбір көрмеге келуші қазақстандық мейлі ол жас болсын, ғалым болсын, өркениет көшіне ілесуге, әлемдік жетістіктер базарында бәсекелестікке түсуге бүгіннен бастап дайын болуы тиіс. Бүгінгі Қазақстанның энергиялық қорды жинауы осы өркениет көшіне ілесуге көмектеседі. Ол үшін не істеу керек? Негізінен, адам капиталын дамыту, жастарымыздың бойындағы энергия қуатын ашу үшін дұрыс бағытқа жол сілтеуге қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бүгінгі жастардың ой-өрісі көрмедегі алған ақпараттарын болашақ экономиканың дамуына пайдалана алатындай деңгейде болмағы – қажеттілік әрі уақыт талабы. Ондай жастардың Назарбаев университетте жасап жатқан ғылыми ізденістері үлкен үмітке жетелейді. Елбасының талабы жас- тарды технология тетіктерін үйренуге, ғылыми жаңалықтар ашуға, бұрынғы қалыптасқан сананы өзгертіп, ғылымның өрісін кеңейтуге бағыттайды. Жаңа технологиялық тетіктер елдің әр саладағы экономикасын дамытуға бағдарланған. Біздің Білім және ғылым министрлігі жоғары 9-10-11 сыныптар оқушыларының жаңалыққа бейімделуіне, техникалық ғылымдарды игеруіне көңіл бөле отырып, оның тиімділігін алдын ала арнайы жоспарлауы қажет еді. Осы ретте де бұл көрмеден аларымыз – ұшан-теңіз. Оның тәжірибесі мен тәрбиесі ғылымның, мәдениеттің, тарихымыздың қалыптасуындағы заңдылықтарды аша білуге, түсінуге, оны қоғамның дамуына пайдалана білуге жетелейді. Әр елде өткізілген ЭКСПО өздерінің жетістігін халыққа жариялай отырып, басқа елдердің де жаңалығын пайдалануға жағдай жасауы тиіс.
Қазақстан ЭКСПО-ға келген қонақтардың жағдайын алдын ала дайындап, мейлінше жоғары мәдениетті қонақжайлылық танытып, олардың бізден алатын, көретін, бағалайтын жаңалықтарын көрсете білді. Астананың ЭКСПО алаңындағы басты ғимараты – «Нұр Әлем» орталық нысаны отандық жаңалықтарды жинай білді. Ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсететін «ЭКСПО-2017: болашақтың энергиясы» көрмесінде әлемнің барлық мемлекеттері жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастыратынын айта келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл алқалы аламанның Астана төрінде ту көтеруі бекер емес екенін жеткізді. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергиясы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Іс жүзінде ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталмақ. Қай елде «жасыл экономика» болса, соның қолында жаңа технологиялар бар. Ал жаңа технологияларсыз даму жоқ. Астанаға 3 айдың ішінде 3 млн адам келеді деген жоспар қазір артығымен орындалып жатыр. Бұл миллиондардың ішінде инвесторлар да, журналистер де болды. Демек, Қазақстанға туристік қызығушылық зор. Сол сияқты, инвестициялық ауан жағынан болсын, бұл көрме Қазақстанға әбден тиімді жағдайда өтуде. Көрме Астананың инфрақұрылымына да үлкен серпіліс әкелетінін көптеген сарапшы мамандар айтуда. Жаңа қонақүйлер салынды, жаңа жұмыс орындары ашылды. Үлкен жаңалық – жеңіл рельсті трамвай жолдары салынып, сауда-саттық дамыды. Шағын және орта бизнес өркендеді. Бұл көрме елдегі инновациялық рухты жандандырудың, ғылымға ұмтылудың таптырмас тетігіне айналды. Енді бүкіләлемдік ЭКСПО көрмелерінің қалыптасуы мен даму тарихы жөнінде аз сөз. Бүкіләлемдік көрмелер тарихы 1851 жылы Лондонда өткізілген «Барлық халықтардың өндірістік жұмыстарының ұлы көрмесінен» басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. 1928 жылы Парижде көрме қызметін реттеу мақсатында халықаралық көрме бюросы құрылды (ХКБ). Бүгінгі күні ол көне халықаралық құрылымдардың біріне айналды. Оған 166 ел мүше. Халықаралық көрме бюросы халықаралық ынтымақтастық, білім беру, инновациялар саласында жалпы адамзаттық мәселелер бойынша пікір алмасулар, ғаламдық сұхбат, кездесулер ұйымдастыруды қадағалайды.
1851 жылы Лондонда алғаш рет Бүкіләлемдік көрме қала орталығындағы барлық экспонаттар сиятын бір ғимаратта өткізілді. Ол үшін сол кезде жаңалық болып табылатын Хрусталь сарайы салынды. 1855 жылдан бастап Бүкіләлемдік көрмені бір ғимаратта өткізу тұжырымдамасы ескіріп, көрме кеңістігін ұйымдастырудың жаңа нысаны – көрме алаңдары туындады. Сөйтіп, халықаралық көрме қалашықтары пайда бола бастады. 1893 жылғы Чикагодағы «Ақ қала» – осындай қалалардың алғашқы қарлығашы. 1937 жылғы Париж көрмесі заманауи өнердің салтанатына айналды: Рауль Дюфи «Электр Феясы» панносын ұсынды, ал Роббер Делоне авиация павильонын рәсімдеді. Эйфель мұнарасы XIX ғасырдағы Бүкіләлемдік көрмелердің символына айналды. 300 метрлік зәулім биіктікке көтерілген көрермен нақты өмірден қол үзіп, қиялға шырқауға және инженерлік өнерге шынайы баға беруге мүмкіндік алды. 1939 жылы Нью-Йоркте алғаш рет теледидар саласында RCA жетістіктері мен алғашқы су турбинасы ұсынылды. 1962 жылғы Сиэтлдегі Бүкіләлемдік көрменің тақырыбы – «Ғарыш дәуіріндегі адам». 1967 жылғы АҚШ-тың Монреаль қаласындағы павильонда көрермендерге ғарыш кемелері ұсынылды. Канада конфедерациясының жүз жылдығын тойлау жылы Сент-Экзюперидің шығармасы «Адамдар планетасы» Монреальдағы көрменің тақырыбы болды. Тұрақты даму, қалыпты өсім, қоршаған орта проблемалары, технология шекаралары – онжылдық көрмелерінің өзекті мәселелері. 2000 жылғы Ганновердегі көрменің тақырыбы «Адамзат, табиғат және технологиялар». XXI ғасыр бүкіл адамзат өміріне жаңа технологиялардың небір түрлерін әкелді: компьютер, интернет, жаһандану үрдісі адамның күнделікті өмірін түбегейлі өзгертті. Бұл – жаңа технологиялар дәуірі. 2005 жыл. Айчи – «Табиғат даналығы», 2008 жыл. Сарагоса – «Су және тұрақты даму». 2010 жыл. Шанхай – «Жақсы қала – жақсы өмір». Мұнда болашақтың қалаларын модельдеу арқылы ресурстардың азаюына, қылмыс деңгейінің төмендеуіне, қоршаған ортаның ластануына қатысты мәселелерді тұжырымдамалық шешу ұсынылды. 2012 жылғы Оңтүстік Кореяның Ёсу қаласы «Жанды мұхит және жағалау» тақырыбындағы халықаралық мамандандырылған көрмені қабылдады. Ёсу ЭКСПО-2012 халықаралық қауымдастықтың әлемдік мұхиттың және жағалаудың қызметі мен құндылықтары туралы танымын кеңейтіп, теңіз саласында ынтымақтасуды жолға қою қажеттігін көтерді. Бүкіләлемдік көрмелер – өзінің ауқымы, жаңашылдығы және келушілер саны бойынша бірегей оқиғалар. Бүгінгі күні ХКБ-ге мүше 166 мемлекеттің барлығы өз елінде ЭКСПО-ны қабылдап, осындай елеулі оқиғаны өз жерінде өткізгісі келеді. Болашаққа бағдарланған көрмелер: Бүкіләлемдік әмбебап көрме 2015 жылы Миланда – «Планетаны тамақтандыру, өмірге арналған энергия»; Халықаралық мамандандырылған көрме, 2017 жыл Астана (Қазақстан) – «Болашақтың энергиясы». Әлемді және оның тұрақтылығын сақтау үшін жылма-жыл ЭКСПО көрмесі өткізілуі тиіс. ЭКСПО көрмелері – адамзат игілігі. Оның Астанада абыроймен өтіп жатуы – Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін үлкен мерей, зор мақтаныш.