ТҰҒЫРДАҒЫ ТАРЛАНДАР

– Тындыратын мың істі,
Болашағым, еренім.
Сен әкелген күмісті,
Күннен ыстық көремін, – деп ақын Дүйсенбек Аяшұлы жырлағандай, Сырдың екі бірдей оғланы әлемдік додаларда топ жарып, күмістен алқа тағынды. Оның бірі – боксшы Қамшыбек Қоңқабаев болса, екіншісі – ауыр атлет  Рүстем Сыбай.
Спортшылар Сыр жеріне табан тірегеннен кейін өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистерге арнап брифинг өткізілді. Баспасөз мәслихатына қатысқан Қамшыбектің жаттықтырушысы Ғалымжан Байғұндиев Германияның Гамбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионаты жайлы айтып өтті. Жиын барысында Сыр өренінің өзі де сөз алып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Жаттықтырушылар әр жекпе-жекке бөлек дайындалды. Өйткені, әр боксшының жұдырықтасу әдісі әрқалай. Менде жаттықтырушылар берген бағыт бойынша жұмыс жасадым. Алла қаласа, бұдан да биік белестерді бағындырсам деген арманым бар. Кем дегенде екі олимпиада ойындарына қатыссам деймін, – деді Қамшыбек ағынан жарылып.
Онан соң сөз ауыр атлет Рүстем Сыбайға берілді. Ол универсиаданың күміс жүлдесін олжалап, ел қоржынын еселеді.
– Әрбір спортшы жарысқа тек жеңіс үшін баратыны белгілі. Мен серпе көтеруде 170 келіні бағындырып, жұлқа көтеру сайысында 212 келіні еңсердім. Осылайша, жалпы есептегі 382 келімен универсиаданың күміс жүлдесіне қол жеткіздім, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Жиын соңында журналистер ел мәртебесін көтерген оғландарды жеңісімен құттықтады. Ақын Д.Беркінбаев боксшы Қамшыбекке арнап жырдан шашу шашты.

А.БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қыркүйек 2017 г. 684 0