« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгінгі таңда Сыр өңірі ерекше қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, облыстың жүрегі саналатын Қызылорда қаласы жаңаша кейіппен өркендеуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары атқарылып жатқан көп тірліктің бірі ғана. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары бой көтерді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы 264 пәтер берілсе, 2015 жылы 2652 отбасы баспаналы болған. Сондай-ақ, 2015 жылы көпқабатты 53 үй тапсырылса, өткен жылы 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Соңғы 3 жылда 11 шағын аудан бой көтерген. Өткен жылы Қызылордада бір мезетте 4115 пәтерден тұратын көпқабатты үйлер салынды.
Алашқа ана атанған аймақта бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Атап айтқанда, Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 150 төсектік орталық аудандық аурухана салынуда. Құрылысы өткен жылы басталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Арал қаласында 150 төсектік орталық аудандық аурухана құрылысы басталуда. Қызылорда қаласында облыстық архив құрылысы жүргізіліп, жыл соңына пайдалануға беру көзделіп отыр.
Аймақта мемлекеттік бағдарлама арқылы да құрылыс жұмыстарын жүргізу қолға алынған. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 мектеп бой көтеруде. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Жаңақорған ауданының Төменарық және Нәлібаев ауылдарында 300 орындық мектептер ел игілігіне берілді. Мұнымен қоса республикалық бюджет қаржысы есебінен облыста Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарында 300 орындық 4 мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ, өткен жылы облыста апаттық жағдайдағы 12 мектептің құрылысы басталған болатын. Нысандарды биылғы жылы толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың маусым айында Қармақшы ауданында «Айгөлек» және «Ертөстік» сынды екі бірдей балабақша пайдалануға берілді. Бұдан бөлек облыста 7 балабақша салынуда.
Сыр өңірінде спорт саласы да жақсы дамып келеді. Спортшылардың жеткен жетістігінің өзі бір төбе. Халық та саламатты өмір салтына ден қойған. Сәйкесінше спорт нысандары да бой көтеруде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарында барлығы 7 спорт кешені салынуда. Бұларды келер жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Бүгінде Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге де қалалардан кем түспейді. Өйткені, бұл қала Елордаға қарап бой түзеуде. Осы жерде шығыстық үлгіде жаңғыртылатын Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақ жұртшылықтың да ерекше қызығушылығын тудырды. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтып өтуге болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жоба облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Жалпы, құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының аяғына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. Ал, жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп салу да жоспарда бар екен. Алдағы уақытта осы аумақтан жастар орталығы, неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталықтың және Сыр елінің өткенінен сыр шертер Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайының ғимараттары бой көтермек.
Сол жағалауды жандандыру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмасы анық. Қазіргі таңда осы аумақта салынуы жоспарланған ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпсалалы аурухана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Оның құрылысы келер жылы басталады деп күтілуде. Биылғы жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жалпы 210 пәтер пайдалануға беріледі.
Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр көшесіндегі және Титов ауданындағы 14 үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта пәтерлерге тұрғындар қоныстануда.
Мәдениет саласы бойынша да 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қазалыдағы 150 орындық клубты биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланса, Жалағаш пен Шиелі аудандарындағы мәдениет ошақтарының құрылысы келер жылы аяқталады деп күтілуде.
Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік саласы бойынша 4 нысан бой көтеруде. Үстіміздегі жылы Арал ауданының Сексеуіл кентінде учаскелік полиция бөлімшесі ғимаратын пайдалануға беру жоспарланған.
Осыншама жұмыс атқарылған Сыр аймағын алып құрылыс алаңы десек те болады. Облыстың қай ауданына барсаңыз да толассыз соғылып жатқан ғимараттарды көресіз. Бұған облыстың бас қаласы саналатын Қызылорданың бүгінгі келбетін қосыңыз. Қала көшелері кеңейген, жарықтандырылған, сымбатын арттырар гүлдермен көмкерілген. Ұлттық нақышпен әдіптелген оюлар, тіпті, ғажап. Әсіресе, әр жерге қойылған бағзы замандардың бейнесін беретін ескерткіштер өткен күндерден сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Бір жерде халықтық дәстүрді насихаттаған «Қыз қуу» ойынының ескерткіші бой көтерсе, енді бір жерде аламан бәйге бедерленген. Осындай көріністерді тамашалап келе жатқанда түйелі көшті көресің. Кейде алдыңнан кең жайлауда жүрген жылқылардың бейнесі шыға келеді. Мұндай тас мүсіндер қала сымбатын арттырып тұр.
Иә, бұл – күн санап көркейіп, жаңарып, жасарып келе жатқан біздің Қызылорда. Туған өлкеңнің жайнағанын көрудің өзі бір бақыт екен.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |