ҚЫЛЫШБЕК СЫРДЫҢ ҚАРА НАРЫ ЕДІ

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өшпейтұғын соңында із қалдырған». Бар ғұмырын туған елі, қабырғалы жұртының өсіп-өркендеуі, ауыл-аймағының тұрмыс-тіршілігінің алға басуы жолына бағыштаған  әрі осы ізгі мақсатына өзі өмірден өткенше қылау түсірмеген  марқұм Қылышбек Әбішов жайлы  сағынышқа толы ой-толғауымды осылай бастағанды жөн санадым. Екеуміз іргелес орналасқан қос ауданның перзенттері болсақ та, көзінің тірісінде бірге туған бауырдай   аса жақын сыйласқан қайран Қылышбекті «марқұм» деуге ауыз бармай, көңіл шіркін қимайтынын несіне жасырайын. Алайда тағдырдың жазуынан кім қашып құтылған? Амал қанша, көнуге тура келеді.

Десе де,  тамағыңды сағыныштың ащы запыраны буып тұрғанмен, «Соңында қара ормандай елі, текті туған тұлпардың тасқа салса кетілмес тұяғындай ұрпақтары, жұртының санасына берік орныққан өлшеусіз еңбе­гінің жемісі, атқарған істері тұр­ғанда оның есімі мәңгі өлмейді, жұлдызы ешқашан сөнбейді» деп өзің­ді жұбатасың. Әрі солай екені де анық.

Қылышбек Сырдың қара нары еді. Қашанда жеке басының тіршілігінен елінің қамын  артық санаған Қылышбек сынды көпшілікке қадірменді ел ағасынан мәңгілікке айырылған сол бір азалы сәттегі қаралы жиында іштей егіліп тұрып осылай деген едім. Олай деуімнің өзіндік мәнісі де жеткілікті. Нарық алқымнан буған сонау өтпелі кезеңде көпшілікті айналасына жұмылдырып, тұрмыстың тапшылығын сезінген алқалы жұртын соңына ертіп, сын кезеңнен сүрінбей шығуға ұйытқы болған Сыр бойының іскер азаматының  бірегейі Қылышбек Әбішов екенін кім білмейді. Ол шын мәнісінде сабырлы қалпынан танбайтын, шын қиянат көрген жерде ешқашан тартынып қалмайтын, ешкімге күлтектеуді білмейтін, жарамсақ, жалтақ мінезге  жаны қас,  тектілік табиғатынан дарыған  адам болатын. Менің Қылышбекпен таныстығым әріден басталды. Сол сәттен ағалы-інілі бауырлардай жақын сыйласып кеттік. Бәлкім, бұлай болуға екеуміздің ұстанымымыздың, кәсіп жасап жүрген саламыздың, мақсат- мүддеміздің  ұқсастығы да әсер еткен шығар.

 Уақыт неткен жылдам десеңші. Өзім үшін орны тым өзгеше сол арда азаматтың  қазасына сенгім келмей жүргенде қас-қағымда арада қырық күн өте шығыпты. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген бар. Олай болса, тоқтаусыз жылжыған уақыт ағынымен бірге Қылышбектің де биік адамгершілік қасиеттері, елінің игілігі  үшін атқарған тағылымды еңбегі, кәсіби біліктілігі, парасат-пайымға толы өнегелі жолы жарқырап, айшықтана түсері сөзсіз. Қылышбектің өмірдерегіне көз салған адам оның қай кезде де елінің сенімінен табыла білгенін пайымдайтыны айдан анық. Қылышбектің «Жаңажол» ЖШС-ның басшысы қызметіне  тағайындалған тұсы  өте қиын кезең болатын. Ұжымдағы әрбір адамның, олардың отбасының нәпақа-ырзығын тауып беру, жалақымен қамту, өзге де сандаған міндетті атқару ердің ерінің ғана қолынан келетіні мәлім. Талай марғасқаларды састырған нарық кезеңінен сыр бермей шығу оңай емес. Қылышбек осы сынақтан сүрінбей өтті. Тек сынақтан өтіп қоймады, өндіріске жаңа технологияларды батыл енгізіп, облыс көлеміндегі озат шаруашылықтың басшысы атанды. Оған қоса күріш танаптарындағы арамшөптерді жоюдың тәсілдерін ойлап тауып, көршілес Ресейдегі күріш ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен іскерлік қарым-қатынас орнатқан кәсіби маман.

Қайран  Қылышбек! Қылшекең өзінің ауылын, елін - жерін жан-тәні­мен сүйген патриот азамат болатын. «Ауылына қарап – азаматын таны» қағидасын ұстанып өтті. Ол ашылуына себепкер болған көптеген әлеуметтік нысандар көзінің қарашығындай қастерлеп, сүйіп өткен халқына әлі  де алғаусыз қызмет жасауда. «Ер өзі үшін өмірге келіп, елі үшін өледі» деген осы болар. Қылышбекпен қатар бірнеше мәрте облыстық мәслихаттың депутаты атандым. Осы ретте етене, бірлесіп  жұмыс жасауға тура келді. Қылшекең сайлаушылар аманатын,  көпшілік мүддесін жеткізуде асқан белсенділік танытушы еді. Әрі айтқан ұсыныстарының аяқсыз қалмауына барынша күш салатын. Елі де аяулы перзентінің ерен еңбегін ескерусіз қалдырмады. Қылышбек  Әбішовтың «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталуы сөзіміздің айғағы.

Міне, тағы да күз мезгілі келіп жетті. Берекелі де жомарт күз. Диқан қауымның жаз бойы төккен терінің өтеуін татар алтынмен тең шағы. Көз жетер тұста дәнге толы күріш  алқаптары теңіз толқынындай шалқып жатыр. Маң даланы  өзгеше көрініс  баурап алғандай. Қарбалас тіршілік қарқын алуда.Тек, бұл Қылышбексіз басталған бірінші егін орағы. Ал, желмен тербелген дән масақтары, көкте қалықтаған құстар легі Қылышбекті іздегендей, жоқтағандай әсер қалдырады. Мүмкін солай да шығар.


Самұрат ИМАНДОСОВ,

Қызылорда облысы және Қазалы

ауданының құрметті азаматы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қыркүйек 2017 г. 680 0