ШЫНАЙЫ ШАРА

Осы аптадан бастап облыста «Денсаулық» фестивалі бастау алған болатын. Елімізде дәстүрлі түрде 20 жылдан бері аталып келе жатқан салауатты өмір салтын насихаттау шарасы бір аптаға созылып, 9 қыркүйекте қорытындылатын болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жастар денсаулық орталығының бас дәрігері Жанар Қалмақова мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов мәлімдеді.

Апталық аясында аймақтың барлық емханаларында «Ашық есік» күні өтеді. Онда дәрігерлер тұрғындарға тегін қызмет жүргізеді. Сондай-ақ, фестиваль барысында көпшілік түрлі спорттық сайыстарға қатыса алады. Қазір оқу орындары мен мектептерде «Денсаулық» сабақтары өтуде.

– Биыл алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандар да фестивальға қатыстырылды. Олардың арасында шығармашылық байқаулар өткізіліп жатыр. 7 қыркүйекте сайыс жеңімпаздарын анықтаймыз», - деді Жанар Қалмақова.

Ал, 9 қыркүйекте «Денсаулыққа 10 мың қадам» шарасы республика бойынша бір мезгілде өтетін болады. Марафоншылар «Достық үйі» алдынан Орталық алаңға дейін жүріп отырады. Межелі орында тұрғындарға арнап 3 шатыр орналастырылады. Онда денсаулыққа пайдалы тағамдар, жеміс-жидек, дәрі-дәрмектер мен пайдалы өнімдер жәрмеңкесі өтеді. Жастардың заманауи билерінен көрсетілім, балалар үшін ойын алаңдары жұмыс жасайды.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов өз сөзінде: «Спорт пен денсаулықты бөліп қарауға болмайды. Адамзат үшін екеуінің де құндылығы жоғары. Сондықтан, облыстың барша тұрғындарын фестивальға қатысуға шақырамыз және бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін боламыз», - деді.

Фестиваль қорытындысында спорттық жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілмекші.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қыркүйек 2017 г. 671 0