КӘСІПКЕРЛІК БАСТАМАҒА ӨРІС КЕҢ

Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауларында отандық бизнесті дамыту бағытына ерекше басымдық берілген. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті билік тарапынан кешенді шаралар жүзеге асырылып, аймақ тұрғындарының кәсіпкерлік баста­маларын қолдауға барынша көңіл бөлініп отыр. Айталық, аймақ басшысы барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру жөнінде жоғары талап қойды.

Үстіміздегі жылдың 31 тамызында облыс әкімдігінің баспасөз орталығында  өткен брифингте кәсіпкерлік  жобаларды жүзеге асыру, бизнес идеялар ұсынып, белгіленген гранттарды иелену мәселелері бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– «Бизнестің Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы кәсіппен айналысуға ынталы тұрғындар үшін бірден-бір оңтайлы мүмкіндік. Биыл аталған бағдарламаны іске асыруға  жалпы көлемі 779, 6 млн теңге қаржы қаралған.  Бөлінген қаражаттың 669,6 млн теңгесі кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына субсидиялар мен ішінара кепілдіктер беруге бағытталған. Жыл басынан бері бағдарлама аясында кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 5, 59 млрд теңгені құрайтын 95 жоба субсидияланып, оның ішінде 45 жобаға ішінара  кепілдіктер берілген. Сондай-ақ, жыл соңына дейін мақұлданған жобалар бойынша 1 млрд теңге көлемінде субси­дия төлеуге мүмкіндік бар, –  дейді ол.

Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде ауылдық елді мекендердегі шағын кәсіпкерлік бастамаларға 10 млн теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, микробизнес субъектілерінің 17 жобасы қаржыландырылған. Ал бүгінге дейін аталған басқармаға конкурсқа қатысуға кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 129,3 млн теңгені құрайтын 58 жобасы келіп түскен.

Жалпы конкурсқа қатысудың негізгі талабы – кәсіпкерлер «бизнестің Жол картасы - 2020» немесе «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында  «Бизнес кеңесші», «Бизнес Бастау» жобалары бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып, жаңа бизнес идеяларын ұсынуы қажет. Осыған орай бағдарлама шеңберінде 100-ге жуық адам оқыту курстарынан өткен. Аталған конкурсқа қатысу үшін қазіргі таңда оқыту курсынан өткен 100 адамның небәрі 10 пайыздан астамы ғана құжаттарын тапсырған. Ал конкурсқа құжаттар қабылдау мерзімі 11 қыркүйекте аяқталады. Айта кетейік, қабылданған құжаттарды саралау барысында,  әсіресе тың бизнес идеялар қолдауды табары анық. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кәсіп ашуға ниет білдірген кәсіпкер бизнес жоспарына сәйкес 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз несие алуға мүмкіндігі бар.                      

  Ғазиза ӘБІЛДА.

Нұлыбек Нұржаубай (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қыркүйек 2017 г. 584 0