CЫР САҢЛАҒЫ

Талай спорттық додаларда топ жарып, жеңімпаз атанып жүрген Жақсыбек Жеңісбек Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының тумасы. Өткен жылы Жақсыбек Үндістанның Кочи қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Азия біріншілігінде чемпион атанды. Талай елдің күрес шеберлері қатысқан бәсекеде көк туымызды әуелетіп, әнұранымызды ойнатты. Қарсыластарына дес бермеді. Финалда корей елі спортшысымен шығып, айқын жеңіске жетті. Қашан да қайсар мінезімен дүйім жұртқа танылған саңлақ осылайша жеңіс тұғырынан көрінді. Жақсыбектің осы уақытқа дейін еншілеген олжасы да аз емес. Қазақстан бойынша ұлдар арасында алтын жүлде тек Жақсыбектің еншісінде болған.
Бала күнінен спортқа бейім Жақсыбек дзюдоның қыр-сырын үйренуге бар күшін салып келеді. Бүгінде еңбекқорлығының арқасында жас спортшы әлемдік бә-секелердің жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Дзюдоның қыр-сырын жетік меңгерген жас спортшының қоржынында қазірдің өзінде бірнеше бәсекенің алтыны бар.
– Мен жастар арасында өткен Азия біріншілігінің чемпионатынан бұрын, алты мәрте Еуропа кубогының иегері, үш дүркін жасөспірімдер арасында және үш дүркін жастар арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атандым. Ең алғашқы жеңіске басқан баспалдағымның бірі – балалар арасында 2012 жылы Якутияда өткен Азия ойындарындағы жеңісім болатын. Бұл жеңісімнің бастауында, әрине, бала кезімнен тәрбиелеген бапкерім Арман Молдахановтың еңбегі зор. Мені спорт өнеріне баулып, талмай, қажыр-қайратымды қайраған бапкеріме алғысым шексіз, – деп Жақсыбек жеңісті күндерін еске алды.
Жас талантты спортшы Жалағаш ауданы Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің түлегі. Ол туған ауылында өткен балалық шағын сағынышпен еске алатынын жеткізді. Ол да көп бала секілді жерге аунап, құмда күрескен. Онысын кәсіби түрде жалғастыруына әкесі себепші болыпты. Бала кезінде оны жаттығу залына ертіп барады. Бапкер көрген баланың тәртіпке, күрес іліміне жетік екенін бірден аңғарады. Қызығушылықпен басталған күрес кейіннен сүйікті спортына айналған.
– Ең алғаш жаттығу залының табалдырығын 10 жасымда аттадым. Бастапқыда қызығушылықпен барып жүрдім. Кейіннен амал-тәсілдерді үйреніп, қыр-сырын меңгеріп, осы спортқа ден қоя бастадым. Өзің жақсы көріп айналысқан істен ешқашан шаршамайсың, – дейді ол.
Жақсыбек үйдің ортаншысы. Отбасында одан өзге спортпен айналысатындар жоқ. Оның дзюдодан кейінгі сүйікті спорты – футбол. Әлем жұрты жақсы көретін бұл ойынға оның да жаны құмар. Қолы босаса, теңбіл доптың қызығына түсіп кетеді. Бір спортты жетік меңгеру үшін бірнеше спортты жақсы көру керек шығар, мүмкін.
Дзюдо мен қазақша күрес ұқсас спорт. Арасында аздаған ғана айырмашылық бар. Тек киімдерінің ерекшелігі бөліп тұр. Жапон кимоносының жеңі ұзын болса, қазақ күресінде керісінше келте болып келеді. Жасалатын тәсілдері бірдей десек те болады. Қазақ белдесуге жақын халық. Ендеше, ұлттық күресімізді меңгерген адам дзюдода да еркін көсіле алады. Жақсыбектің татамиде көп қолданатын әдісі – ілгері жылжып құлату. Оны мықтап меңгерген. «Бірақ қатып қалған ереже жоқ. Ыңғайға келгенді кез келген тәсілмен жыға аламын», – дейді дзюдошы.
– Ересектер құрамына өткесін жаттығуды бұрынғыдан да күшейту қажет. Екі есе дайындық керек. Қазақстан чемпионатында барымды салуым керек. Сосын әлем біріншіліктері мен 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадада бағымды сынағым келеді, – дейді Сыр саңлағы.
Қазіргі таңда жас спортшы Ақтөбе қаласында ересектер арасында өтетін ҚР чемпионатына дайындық үстінде. Бапкері Арман Молдахановтың мәлімдеуінше, Жақсыбек Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжін бітіріп, биыл Алматы спорт және туризм академиясының 1-курсында оқып жатыр.
– Жақсыбектің алға қойған жоспары көп. Келесі жылы Олимпиадаға жолдама алу – басты мақсатымыз, – деді бапкері.
Жас спортшы алдағы өтетін Әлем чемпионаты мен Азия ойындарына қатысуды мақсат тұтып, қызу дайындық үстінде. Олимпиада шыңын бағындырса, аудан балаларына спорт мектебін ашып беруді армандаған спортшының әр ісіне береке бергей.

Шынар БЕКБАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қыркүйек 2017 г. 561 0