Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде бокстан өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Қамшыбек Қоңқабаев пен Бүкіләлемдік жазғы универсиадада ауыр атлетикадан екінші орынды жеңіп алған зілтемірші Рүстем Сыбаймен баспасөз конференциясы өтті. Басқосуға бапкер, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалымжан Байғұндиев те қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Германияның Гамбург қаласында 25 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында бокстан әуесқойлар арасында ХІХ әлем чемпионаты өтті. Онда жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев күміс медальдің иегері атанды. Ал, 19-30 тамыз аралығында ауыр атлетикадан Қытайдың Тайбэй қаласында өткен 29-шы Бүкіләлемдік жазғы универсиадада зілтемірші Рүстем Сыбай екінші орынды жеңіп алды.
Бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев байрақты бәсекеде жеңіске жету оңай болмағанын айтады. «Қазақ елінде аса ауыр салмақта Әлем чемпионы болмаған. Аса ауыр салмақтан бірінші боп Әлем чемпионы болғым келді. Менің мақсатым да арманым да сол. Рингте қарсыласымнан жеңілем деген қорқыныш ой болған жоқ, бірақ жүлде ала алмай, елдің үмітін ақтай алмай қалам ба деген уайым болды. Күміс жүлде бұйырғанына қанағат етемін. Бұл бастамасы, бұйыртса мұнан да үлкен жетістіктермен қуантамын деген ойдамын», - деді Қамшыбек Қоңқабаев.
Ал, жаттығу кезінде алған жарақатына қарамастан Бүкіләлемдік универсиаданың күміс жүлдесін жеңіп алған зілтемірші Рүстем Сыбай алдағы Азия ойындарынан алтынмен оралатынын айтты. «Алтын алатыныма сенімді едім. Алайда, жаттығу кезінде беліме зақым келді. Жұлқа көтеру сәтінде арқам ауырып сыр берді. Бүгінде тексеруден өттім. Жағдайым жақсы. Кеткен қателіктермен жұмыс жасап, тек алға басамыз. Келесі жылы Азия ойындары болады. Құдай қаласа, Қамшыбек екеуміз бірге барып, екі алтын әкелеміз», - деді Рүстем Сыбай.
Кездесуде ақын Дүйсенбек Аяшұлы қос батырдың жанкүйері екенін айтып, жүрекжарды лебізін өлеңмен жеткізді. Ал журналистер жеңімпаздармен естелік суретке түсті.
Айта кету керек, облыс әкімі халықаралық жарыстарда жүлдегер атанған Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөліктің кілтін, ал Рүстем Сыбайға 2 млн теңгенің, ал олардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.
Жыл басынан бері Қызылорда облысының спортшылары Қазақстан чемпионаттарында - 563 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында – 53 медаль иеленді. Еліміздің Ұлттық құрама командасына облыстан 420 спортшы енді.