Қос спортшыға қомақты сый

Облыс әкімі  Қырымбек Көшербаев Германия және  Қытай мемлекеттерінде өткен спорттық жарыстардың  күміс жүлдегерлерімен кездесті. Облыс әкімі халықаралық жарыстарда жүлдегер атанған Қамшыбек Қоңқабаевқа автокөліктің, Рүстем Сыбайға 2 млн теңгенің, ал олардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.     

Естеріңізге сала кетейік,  Гамбургте 25 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында бокстан әуесқойлар арасында өткен  ХІХ әлем чемпионатында Қазақстан  құрамасы 1 алтын,  2 күміс, 3 қола жүлдені олжалап, жалпыкомандалық есепте 3-ші орынды иеленген болатын. Жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев «күміс» медальдің иегері атанды.

Зілтемірші  Рүстем Сыбай да 19-30 тамыз аралығындла Қытайдың Тайбэй қаласында өткен 29-шы Бүкіләлемдік  жазғы универсиадада екінші орынды жеңіп алды. 

Облыс әкімі спортшыларды жеңістерімен құттықтап, Оңтүстік Коряда өтетін Азия ойындарында және  2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадада  сәттілік тіледі.

- Еңбексіз жеңіс те болмайды. Қос спортшының жүлдесі жастардың жігерін жандырып, жаңа биіктерге жетелейді. Көптеген жасөспірімдер спортқа ынтығатын болады. Сіздер біздің еліміздің халықаралық спорттағы мәртебесінің жоғары  екендігін дәлелдеп, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің ғана емес, барша қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар,-деді аймақ басшысы.

Спортшылар өз кезегінде сайыстан алған әсерлерімен бөлісіп, барша тілеулестеріне алғыстарын білдірді. 

Айта кету керек, жыл басынан бері Қызылорда облысының спортшылары  Қазақстан чемпионаттарында  - 563 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында – 53  медаль иеленді. Еліміздің Ұлттық құрама командасына облыстан  420 спортшы енді.  

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2017 г. 1 421 0