Қырғызстан жыл сайын түркі халықтарының өнер фестивалін өткізіп келеді. «Көшпенділер ойыны» деп аталатын 56 мемлекеттің өнер өкілдері бас қосқан былтырғы фестивальдың еларалық айтысында Сыр елінің сөз жүйрігі Мұқтар Ниязов бас бәйгені олжалаған еді.
Бішкекте өткен биылғы 11-ші халықаралық фестиваль аясындағы айтыс қырғыздың төкпе ақыны Туғанбай Әбдиевтің 80 жылдығына арналды. Сөз сайысында сүлейлердің сарқыты екенін дәлелдеген Мұқтар ақын шашасына шаң жұқпаған жүйріктігінен жаңылмай, тағы да бас бәйгені бөктерді. Бұл айтыста қазақ қырғыздың он алты ақыны бақ сынады.
Қазір Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасында білімін жетілдіріп жүрген жерлесіміз ұлттық телеарнаның «Сүбелі сөз» бағдарламасын жүргізеді. Еліміздегі айтыс аламанында екі мәрте «Алтын домбыра» егесі болған Мұқтар артынан қалың қара ерткен жас өнерпаздардың өнегелі ұстазы.
Қазақ өнеріне салған олжаңмен оза бер, Мұқтар ақын!
Д.АЯШҰЛЫ.