Бала өмірі бейқамдықты көтермейді

Өткен жолғы балабақша көлі­гінің апатқа ұшырауынан кейін облыс орталығындағы бөбекжайларға ата-аналар балаларын өздері әкеп тастап, өздері алып кетіп жүр. Өйткені тасы­мал көліктері талапқа сай емес. Бұған дейін айтылған сын-ескертпелерден құрылтайшылары қорытынды шы­ғармаған.
Еске салайық, 25 тамыз күні таңертеңгілік қаладағы «Хандәулет» жеке балабақшасына тиесілі «Мерсе­дес-Спринт» шағын автобусы қарсы бетке шығып кетіп, май таситын «Газ- 53» көлігіне соқтығысқан еді. Соның кесірінен 32 жастағы тәрбиеші көз жұмды. Денсаулығына зиян келген­ дер де бар. Рульде болған жүргізуші 1993 жылғы Қыдырәлі Досжанов – Қызылорда қаласының тұрғыны. «Хандәулет» жеке балабақшасына 23.01.2017 жылы келісім шартпен жұмысқа қабылданған. Жалпы, «Хан­ дәулет» жеке балабақшасы 2 шілде 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Балабақшаның құрылтайшысы Ма­рат Алмасбаев, ал меңгерушісі Бибігүл Перназарқызы Төлегенова екен.
Осы оқиғаға байланысты өңір­лік коммуникациялар қызметі ұйым­дастырған 28 тамыз күнгі брифингте қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ермек Құдайбергенов: «Жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар саны 16 пайызға азайғанымен, балабақша жүргізушілер тарапынан жауапкершілікке бейжай қарайтындар әлі де көп. Осы уақытқа дейін 34 балабақша жүргізушісіне айыппұл са­лынып, ескерту берілді. Енді бала тасы­малында арнайы заңда қарастырылған бапты қолданамыз», – деді.
Құзырлы органдар енді ғана мәселені қолға алған секілді. Қалалық білім бөлімі 4-24 қыркүйек аралығында жергілікті полиция және ішкі сая­
сат бөлімімен бірлесіп рейд өткізуді жариялады. Рейд барысында жеке балабақшалардың көліктері бақылауда болады. Бір күнгі нәтижеге қарағанда 17 кемшілік анықталып отыр. Оның ішінде біреулері тыйым салынғанына қарамастан, тығылып бала тасыған, тағы біреуінің көлігі талапқа мүлдем сай келмейді. Әлгі қайғылы оқиға болған күні-ақ жергілікті полиция рейд жүргізіп, 32 құқықбұзушылықты анықтаған. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, рульде келе жатып те­лефонмен сөйлескен – 2, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 24, жаяу жүргін­шілерге немесе жол жүрісінің өзге қатысушыларына жүруіне басымдық бермеген – 2, жол белгілері таңбаларының талаптарын сақтамаған – 3, жол жүрісіне қатысушыларға қойы­латын өзге де талаптарды бұзған 1 жүргізушіге әкімшілік хаттама толты­рылып, тиісті шара көрілген. Бала та­сымалын тоқтату жөніндегі ұсынысты жуырда өткен балабақша құрылтай­шыларының жиынында Қазақстан мек­тепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының Қызылорда қаласы мен облысы бойынша филиалының  директоры Наталья Мишукова көтерген. Және ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.
Заң талаптары орындалмағаннан бұған дейін талай опық жедік. Соның бірі – маусым айындағы жағдай. 13 орындық «Газельге» 21 бүлдіршінді тиеп алған тағы бір жеке балабақшаның көлігі апатқа ұшырағанда Құдай оңдап, балалар аман қалды. Сол кезде облыстық білім
басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев: «Балабақша көлігінің өз талаптары бар. Яғни көліктің боя­уы қанық әрі ашық болуы қажет. Тек «Балабақша көлігі» деген жазумен шектелмеу керек. Көліктің төбесіне маяк немесе түрлі-түсті айналма жарық орнатуды қолға аламыз. Барлық балабақша жүргізушісінің арасын­ да түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілер мен көліктерді заң талап­тарына сай тексереміз. Жолаушылар орындығына балаларға арналған ар­найы белқыстырғыштар орнату керек. Біз осыған дейін балаба ша көліктеріне мұндай талап қойған жоқпыз. Оның үстіне, баланы үсті-үстіне алу – заңды белден басқандық», – деген еді. 
Бірақ одан нәтиже байқалған жоқ. Тек кешегі адам шығынымен аяқ­талған жол апатынан кейін сең қозғала бастағандай. Осы мәселеге  байланы­сты кеше қалалық білім бөлімінің бас­шысы Ақарыс Нұрсейітовке жолық­тық. Ол талапты орындамайынша жеке балабақшалар үшін бала тасы­малына тыйым салынғанын жеткізді. Әзірге «Ералаш» балабақшасы ғана үдеден шығуға талпынып жатыр. Ералаштықтар көлікті сарыға бояп, теңгеріміне алып үлгеріпті. Енді тек әкімшілік полицияның техникалық байқауынан өту қалып тұр. Негізі, ба­лалар тасымалымен айналысатын автокөліктің кемінде екі есігі болуы, алдыңғы-артқы жағына «Абайлаңыз, балалар!» дегендей арнайы таңба ілінуі қажет. Сары түске боялып, төбесіне ай­налма жарығын орнату да қауіпті азай­тады. Ал жүргізуші ретінде жұмысқа алынатын адамның жасы 25-тен асқан
болуы, жұмыс өтілінің 5 жылдан кем еместігі ескеріледі.
– Бұған дейін жеке балабақ­ шалардың санитарлық жағдайын тек­серіп, балалардың санын анықтауға мүмкіндік болған жоқ. Өйткені бұл кәсіпкерлік нысанының құқығына қол сұғумен бірдей. Екі ай бұрын құрамына балабақша құрылтайшылары, блогер­лер мен біздің бөлімнің мамандары енген қоғамдық кеңес құрылды. Осы топ қаладағы 206 балабақшаны ара­лап, кемшіліктерді анықтады. Жағдайы сын көтермейтін 26 балабақшаны тізімге алып, оның ішінде сыннан нәтиже шығармаған 13-нің мәселесін қоғамдық кеңестің қарауына қайта ұсындық, – деді А.Нұрсейітов.
Бөбекжайларда бала санының сәйкессіздігі жиі кездеседі. Кей­бірінде бала толық емес, енді бірінде саны жетіп тұрғанымен, жолдама­сы жоқ. Мысалы, жеке кәсіпкерлер балабақшаны 100 орын деп ашса, онда 80-90 бала ғана жүруі мүмкін. Осын­дай тексерістен кейін биыл маусым ай­ында – 38 млн, шілдеде 37 млн теңге үнемделіпті.

Н.САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2017 г. 1 787 0