Жаңа оқу жылында облыс бойынша 9 бастауыш, 24 негізгі орта, 260 жалпы білім беретін орта мектептер, жалпы саны 293 білім ошағы жылдағы дәстүрге сай оқушылар қабылдады. Оның ішінде шағын жинақталған мектептер саны – 22.
Биылғы жылдың басты ерекшелігі – жалпы білім беретін орта мектептердегі оқушылар саны 7 мыңға көбейіп, 2017-2018 оқу жылында 148 643 бала білім алатын болады. Ал 1сыныпқа баратын оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 700-ге артып, биыл 18 911 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Әлбетте, оқушы санының артуына мектептердің сыйымдылығы сай болуы тиіс. Осы мақсатта өткен жылы 13 мектептің құрылысы пайдалануға берілген болатын. Ал жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апаттық жағдайдағы 11 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен, Жаңақорған ауданындағы 300 орындық 2 мектеп құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта салынып, пайдалануға берілді. Осылайша соңғы оқу жылдарында заман талабына сай 24 мектеп ғимараты ел игілігіне ұсынылып отыр. Олай болса, жас ұрпақтың жаңартылған білім бағдарламасы бойынша жан-жақты білім алуына жағдай жасалған.
***
Өткен сенбіде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев зор жетістіктермен ерекшеленіп жүрген білім ошақтарының бірі – дарынды балаларға арналған №2 «Мұрагер» мектебінде болып, ұстаздар қауымы мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.
119 сыныптан тұратын білім ошағында 3 мың 200 оқушы білім алады. Ал жаңадан жасақталған 19 сынып комплектісінен тұратын 1 сыныпқа 576 оқушы қабылданды. 100 жылдан астам тарихы бар мектепте соңғы 10 жылдың өзінде 82 оқушы «Алтын белгі», 65 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Мектеп тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі – 2015-2016 оқу жылынан бастап 12 жылдық білім беру бағдарламасы мен жаңартылған білім беру мазмұны бойынша республикадағы пилоттық 30 мектептің қатарына енуі. Бұл бағытта ұжым сәтті жұмыс жасап келеді. Сонымен бірге, жаратылыстану-математикалық бағыттағы кейбір пәндер үш тілде жүргізіледі.
Қала әкімі үш тілді білім беру жүйесіндегі табысты бастамалардың нәтижесінде 1995 жылдан бері 100-ге жуық оқушы Америка Құрама Штаттарында «Акселес Флекс» бағдарламасымен біржылдық білім алса, мектеп түлектері жылда Англия, Франция, Тайланд, Қытай, Оңтүстік Корея, Испания мен Ресейде оқуға жолдама алып жүргенін айтты. Ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегінің арқасында мектеп ұжымы төрт мәрте еліміздегі «100 үздік мектеп» қатарынан көрінді. «Білім бәйтерегі», «Үздік білім ордасы» номинациялары және ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.
Жалпы, биыл Қызылорда қаласындағы 54 мектепте 55710 оқушы жаңа оқу жылын бастады. Бұл көрсеткіш алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 4 мыңға артқан. Оның ішінде 1-сынып оқушыларының саны – 7422. Соңғы жылдары білім саласындағы жетістіктер жеткілікті. Мысалы, өткен оқу жылында 1739 түлектің 581-і мемлекеттік грант иеленсе, 107 түлек «Алтын белгі» және 102 түлек «Үздік аттестат» алды.
21 оқушы әртүрлі бағыттағы халықаралық, республикалық, аймақтық байқаулардың жеңімпазы атанса, 4 оқушы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен ҰБТ-дан босатылып, жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды. Аймақ басшысының тікелей бастамасымен 2014 жылдан бастап Қызылорда қаласынан 288 студент Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда. Биыл да 50 түлек осы елдің білім грантын жеңіп алды.