АГРАРЛЫҚ АЙМАҚТАН –ИНДУСТРИАЛДЫҚ ӨҢІРГЕ

Заманауи жағдайдағы Қазақстан өркендеуінің экономикалық негіздері халықтың қоғамдық белсенділігін көтеру мен өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Қазіргі экономикалық өсу жоғары тәуекелге бару арқылы жалпы ғылыми ортаның, ақпараттық инфрақұрылымның даму-деңгейіне, ғылыми зерттеудің қаржылық көлемінің мөлшеріне, олардың нәтижелерін коммерциялық жүзеге асырудың белгісіздігіне тәуелді басқару тәжірибесіндегі үздіксіз инновациялық үрдістерге көшуге жетелейді.

Елбасы кезінде Қ.Көшербаевты Қызылорда облысына басшылыққа жібергенде бірінші кезекте аймақ экономикасын әртараптандыру міндетін жүктеді. Өйткені, Сыр елінің экономикасы осы уақытқа дейін негізінен шикізатқа, атап айтқанда, мұнай мен уранға тәуелді болып келді. Мұнай мен ураннан түскен табыс облыстың кіріс көзінің 93,4 пайызын құрады. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес еді. Біріншіден, мұнай өндіру жылдан жылға кеми түсуде. Себебі, оның қоры азайып келеді. Сондықтан, болашақта мұнайдың орнын басатын өнеркәсіп орындарын ашу керек. Екіншіден, өңдеу өнеркәсібі кенжелеп, шағын және орта бизнестің үлесі тым аз болды. Міне, алдында осындай күрделі міндет тұрған аймақ басшысы бірден іске кірісіп кеткен болатын.       Облыстың 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды.

Президент «Дәстүрлі салаларда жоғары өңделген өнімдер шығаруға көшуді, ғылымды қажет ететін салалар үшін маңызды болып табылатын сирек кездесетін металдарды барлауын арттыруды» міндет етіп қойды. Қызылорда облысының әкімі аймақтағы инвестицияларды тартудың басты көзі металлургиялық сала екенін үнемі айтып келеді. Ол үшін ең алдымен металлургиялық кластер құруды жолға қою керек. Сыр өңірі әлеуетті минералды шикізатты қазбаларға бай аймақ саналады. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, облыста қосалқы пайдалы қазбалар көп таралған. Республикадағы ванадийдің 65 пайызы, цинктің 15,1 пайызы, уранның 13,7 пайызы, қорғасынның 9,6 пайызы, алтынның 0,5 пайызы, күмістің 0,8 пайызы, мұнайдың 2,5 пайызы, газдың 1,8 пайызы біздің облыс аумағында орналасқан.

Облыс көлемінде «Баласауысқандық» және «Құрымсақ» кенішінде ванадий кен орындары орналасқан. Аталған кеніштердегі ванадий қоры әлемдегі ірі бестікке кіреді. Осы орайда, облыс әкімінің тапсырмасымен, қазіргі таңда пайдалы қазбаларды тиімді пайдалану мақсатында, металлургиялық кластер құру тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамаға сәйкес инновациялық-сервистік инфрақұрылым құру, сондай-ақ жаңа мыс, темір кен орындарында өндірістік қорларды айқындау жөнінде жұмыстар жүргізу болжанады. Қызылорда облысындағы металлургиялық кластерді негізгі екі бөлімге бөліп қарастыруға болады. Олар – қара металлургия және түсті металлургия. Қара металлургия саласында қазіргі таңда «Фирма Балауса» ЖШС «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеруде. Металлургиялык кластер қалыптастыруға «Баласауысқандық» кенішін кеңейте отырып, кен өңдеу ісін жылына 1 млн тоннаға жеткізу жобасы бар.

Сыр өңірі экономикасы негізінен құрылыс материалдарын шығару, тамақ өнімдерін өндіру және қара металлургия саласына маманданған болатын. Ал бүгінгі таңда Қызылорда облысының Индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларды іріктеуде 14 салаға басымдық берілуде. Бұл ретте аймақтардың мамандануы да ескерілуде.

Олар –  қара металлургия, түсті металлургия, мұнай өндеу, мұнай-газ химия,  тамақ өнімдерін өндіру, агрохимия, өнеркәсіпке арналған химикаттар өндіру, автокөліктер өндіру,  электр машина және электр құрал-жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру, теміржол техникаларын өндіру, тау-кен өнеркәсібіне арналған құрал-жабдықтар өндіру, мұнай өндіру және мұнай өңдеу өнеркәсібіне арналған машиналарды шығару,  құрылыс материалдарын шығару болып бөлінеді.

Индустрияландыру картасын жасақтаудың қабылданған жаңа тәсілдеріне сәйкес, индустрия­ландыру картасын өзектендіру жұмыстары (облыс әкімдігінің 2015 жылғы  26 қаңтардағы қаулысы) жүргізілді. Нәтижесінде 2010-2014 жылдары іске асырылған 15 жоба өңірлік индустрияландыру картасынан шығарылды. Жаңа жобалармен өңірлік индустрияландыру картасы толықтырылды, яғни құны 6,3 млрд теңге құрайтын 11 жоба жаңадан енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанның индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы құны 139,2 млрд теңге құрайтын 22 жоба іске асырылуда. Жобаларды жүзеге асыру барысында құрылыс кезінде уақытша 1738 жұмыс орны және іске қосылғанда 2178 жұмыс орны құрылатын болады. Оның ішінде Өңірлік картада құны 87,1 млрд теңге құрайтын 21 жоба бар. Республикалық картада құны 52,1 млрд теңге құрайтын 1 жоба бар  («Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасы, жұмыс орны – 300 адам).

«Orda glass ltd» ЖШС-ның шыны зауыты құрылысы. Жоба құны 36,7 млрд теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 226 жұмыс орнымен қамтуды жоспарлауда. Жоба қуаттылығы жылына 197 100 тонна құрайтын табақты шыны өндіруді және өңдеуді көздейді. Жоба Индустрияландыру картасына енгізілген.

«ТРИМО» ЖШС-ның үшоксид молиб­денін өндіру зауытының жұмыс барысы. Жоба ИИДМБ екінші бесжылдығының аясында жүзеге асырылуда.    Сонымен қатар, жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Аталған жоба қуаттылығы жылына 500 тонна үшоксид молибденін өндіретін экспортқа бағытталған жоба болып табылады. Жоба құны – 871,1 млн теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 50 жұмыс орнымен қамтуды жоспарлауда.

«Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінің қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бастамашысы «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ. Аталған жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Жоба құны 165 млрд теңге. Жобаның қуаттылығы жылына 4 млн тонна кен өндіру. Қазіргі таңда кәсіпорында 540 адам жұмыс жасайды.

Күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС. Кәсіпорында 270-тей адам жұмыс жасайды. Жоба ҮИИДМБ-ның бірінші бес жылдығында жүзеге асырылған. Оның қуаты жылына 500 тонна күкірт қышқылын және 18 мВт электрэнергиясын өндіреді. Осы жылдың І жартыжылдығында күкірт қышқылының өндіріс көлемі 275,6 мың тоннаны құрады.

Шиелі ауданында қуаттылығы жылына 1 млн тоннаны құрайтын тампонажды цемент зауытының құрылысы жүруде. Жоба құны 64 млрд теңге. Жобаның бастамашысы «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС. Жоба Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының аясында жүзеге асырылуда.  Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 265 жұмыс орнымен қамтуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген.

Арал ауданында салынатын «Кальцийленген сода өндіру зауыты» жобасының қуаттылығы жылына  300 мың тонна кальцийленген сода өндіру. Келешекте қуаттылығын 400 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Жобаның құны 87,5 млрд теңге. Жоба  Индустрияландыру картасына енгізілген. Пайдалануға берілгеннен кейін зауыт 700 жаңа жұмыс орнын ашады.

Индустрияландыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аймақтың өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 9,4 пайызға өсті (ҚР - 6,8 пайыз). Бұл республиканың орташа көрсеткішінен жоғары. Тек соңғы 4 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 51,2 пайызға өсті (ҚР - 7,7 пайызға), ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3 есе өсті. Яғни, барлық күрделі жағдайларға қарамастан, облысымыздың экономикасы әртараптандырылуда, оның құрылымы өзгеруде.

 Технологиялық алға басудың да маңызы аз емес. Мемлекет басшысының технологиялық дамуды жеделдету жөніндегі тапсырмасы бойынша облыста 6 кәсіпорын Индустрияландыру картасы аясында газды пайдаға жарататын жаңа технологиялық қондырғылар енгізді («Қазгермұнай» БК» ЖШС, «KazFrac» ЖШС), электр энергиясын өндіретін («ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Кристалл менеджмент» ЖШС), күкірт қышқылын шығаратын («СКЗ-Ю» ЖШС) және сүт өңдейтін («РЗА» АҚ) жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосты. Мәселен, «Арал тұз» АҚ кәсіпорны испандық жаңа технология бойынша жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда экспорт көлемі 40 есе ұлғайды. Соңғы 2 жылда кәсіпорын Ресейдің ас тұзы нарығының 12 пайызын жаулап алды. «Шалқия» кенішінде руданы вертикальді-конвейерлік тәсілмен шығаратын және байытатын инновациялық шешім қолданылуда.

Алдағы кезеңде де аймақта индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру бағыттары бойынша Елбасы ұсынған институттық реформалар мемлекетті дамытуда жаңа мүмкіншіліктер мен бағыттарға ие, сол себепті ұсынған стратегиялық мақсаттардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету бағытында  жүргізіліп келген жұмыстардың жалғасын тауып, соны іс-қимылдың нәтижесінде жаңа биіктерге жете беретін боламыз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2017 г. 478 0