ЕЛ НЕСІБЕСІ – ЕГІНЖАЙДА

Өткен сенбі күні Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында күрішке орақ түсті. Осы жерде  облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен  облыс ауыл шаруашылығы құрылымдарының «Дала күні-2017»  семинар-кеңесі өтті. Сонымен бірге аймақ басшысы соғыс және еңбек ардагері Е.Сексенбаевтың 100 жылдық мерейтой салтанатында болды.
Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың ақ батасы мен дәстүрлі көгілдір лента қию рәсімінен соң «Таром Хошими» ирандық сорты егілген алқаптың күріші орыла бастады. Бұл сорттың тұқымы өткен жылы Ираннан әкелінген еді. Аталған елдің  бизнесмендерінің тапсырысы бойынша егілген күріштің шығымы жақсы. Ислам мемлекеті 900 мың тонна күрішті сырттан тасымалдайды. Біздің диқандар жинаған өнімді экспорттауға әзір. Бұл облыс әкімдігі мен Иран Республикасы арасындағы әріптестік аясында жүзеге асты. Ирандықтар күрішті көшеттеп егіп, гектарынан 33-35 центнерден өнім алады. Ал бізде тұқым дән сепкішпен себіліп, басқа технологиямен егілді. Жаңа тұқым жерсініп, жақсы өнім береді деген үміт бар.
«Ақтөбе және К»  серіктестігінде 126 адам еңбек етеді. Күріштің 2 сорты 1510 гектарға егілген. Серіктестік директоры Нұрлан Іздібаевтың айтуынша, шаруашылықты аяғынан тік тұрғызу үшін «Байқоңыр» ӘКК-ден көмек сұраған. Корпорацияның демеуімен тірлікті бір ізге түсіріп, техника сатып алудағы, өнімді өткізудегі мәселелер түпкілікті шешім тапты.
Аймақ басшысы серіктестікке тиесілі оңтүстіккореялық заманауи күріш өңдеу зауытын көрді. Зауыт құны 300 млн теңге, оның 15 пайызын компания өзі төлесе, 85 пайызы «ҚазАгроҚаржы» АҚ заемы. Ауылға арнайы келген оңтүстіккореялық мамандар құрылғымен жұмыс істеуді үйретпек. Зауытта 15 жұмыс орны құрылады. Жоғары сапалы күріш 5-тен бастап 50 келілік етіп қапталады.  Оған қоса серіктестік өткен жылы сыйымдылығы 10 мың тонна қойма салған еді.
Сондай-ақ аймақ басшысы «Іскер-М» ЖШС өнімдерімен танысты. Серіктестік қауынның испандық, голландық сорттарын егіп, өнімдерін Петерборға, Астана мен Алматыға жөнелтіп үлгерді. Халықаралық нарықта жоғарыдағыдай  қауынның салмағы 2-3 келілік, тасымалдауға шыдамды сорттарына сұраныс жоғары.
– Еліміздің азық-түлік кауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы агроөнеркәсіп кешені саласының арқалаған жүгі еш уақытта жеңіл болмаған. Биыл Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін атап өтіп, осы саланы дамыту бағытында алдымызға нақты міндеттер қойды, – деді семинар-кеңесте аймақ басшысы.  
Жолдаудағы аграрлық салаға міндеттелген күрделі мәселелердің барлығы  иннова¬циялық технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілетті  ауыл шаруашылығын өркендететін жаңа аграрлық саясатты дамытудың тетіктері. Бұл – Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қамтылып,  оны кезең-кезеңімен іске асыру басталды.  
Елбасының аграрлық сектордың алдына қойған міндеттерін іске асыру мақсатында өткен жылы облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдері нарығына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, аграрлық сектордың мүмкіндік әлеуетін зерттеп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың агрокартасы қабылданды. Аграрлық картада негізгі міндет ретінде ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін арттыру, сонымен қатар жылдам дамытуды қажет ететін салалар айқындалды. Облыстың ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаудың жаңа перспективалық нарықтары ретінде Қытай, Иран, Ресей, Еуроодақ, Түркия мемлекеттері белгіленіп отыр. Қазіргі кезде сыртқы нарықта біздің өнімдерімізге деген сұраныстың жоғары екендігі байқалады. Өткен жылдан бері Ресейге бақша дақылдары экспорттала бастаса, биыл  қауын экспорты  екі есеге көбейді.  Қосымша көкөніс өнімдерін экспорттауға  облыс шаруашылықтары келісім-шарт жасап,  бірінші 16 тоннасын сыртқа шығарды. Сонымен қатар, «буферлік аймақ» құрсауынан босап, тамыз айынан бастап экспортқа мал өнімдерін шығару басталды. Ауыл шаруашылығы саласында облыстың экспорттық потенциалы жоғары. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың арқасында 2021 жылға қарай Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік  туады.
Күріш өндірісі алдағы уақытта да облыстың агроөнеркәсіптік кешеніндегі экспорттық өнімдерінің көшбасшысы болып қала беретіні анық. Басты дақылдың перспективалық нарықтарының бірі – Иран Ислам Республикасы. Қазірдің өзінде Иран мемлекеті жылына 3 млн тоннаға жуық ақ күріш импорттайды. Сондықтан күріш өндірісі осы нарықтарға бағытталмақ. Тиімділігі жоғары нарықтарды игеруге кірісетін уақыт келді.
Биылғы ауа райы, әсіресе күріш дақылына аса қолайлы болған жоқ. Көктемнің кеш шығуы және жаздың өткен жылдарға қарағанда салқын болуы диқан қауымына оңай тимеді. Дегенмен, ел несібесін молайтуға арнаған күрішшілердің ерен еңбегі өз жемісін береді деп бүгінгі күні нық сеніммен айта аламыз. Қазіргі кезде аудандар ұсынған мәліметтер бойынша дақылдың шығымдылығы жақсы. Ендігі міндет – ел несібесін төкпей-шашпай жинап алу.
Семинарда   облыстық ауыл шаруа¬шылығы басқармасының басшысы Бақыт Жақанов пен барлық аудан әкімдері ауыл шаруашылығын дамы¬туда атқарылып жатқан жұмыстар мен  биылғы егін жинау науқанына дайындықты саралады.
Аймақтың агросаласына қытайлық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Олар қымыз, шұбат және томат пастасын өндіруге ниетті. Иранға ет және күріш экспорттаудың алғашқы қадамы жасалды, яғни 1000 басқа жуық қой жөнелтілді. Жартыжылдық қорытындысына қарағанда,  «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының орындалу көрсеткіштері жоғары. Ірі қара, уақ мал, жылқы, түйе және құс саны өскен. Ет, сүт және жұмыртқа өндіру артты. «Сиыр етінің экспорттық потенциалын арттыру» жобасы бойынша аймақта 18 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Көршілес Ресейге бақша өнімдерін жөнелту, жылыжай өндірісін дамыту, майлы дақылдар өсіруге қатысты жобалар бар. Мемлекет қолдауы мен диқандардың ерен еңбегінің нәтижесі жаман емес. Су, жанармайға қатысты ешқандай қиындық туындаған жоқ, тыңайтқышқа субсидия берілді.  Сырдария өзеніне салынған үрлемелі гидроқұрылғы Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы суға қатысты түйткілді түпкілікті жойды. Қазір барлық аудандар күрішке орақ салуға сақадай сай отыр. Бастысы – ауа райы жайлы болса, мол өнімді қоймаға уақытылы құйып алуға барлық жағдай жасалған.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2017 г. 510 0