БӘСІ КҮМІС, БАҒАСЫ АЛТЫН

Жексенбіде Германияның Гамбург қаласында АИБА халықаралық бокс қауымдастығы құзырындағы екі жылда бір өтетін әуесқой бокстан Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Халықаралық додада күш сынаған жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды.

Бұл дүбірлі додаға Қазақстаннан он былғары қолғап шебері аттанған болатын. Соның ішінде тек үш боксшы финалға шықты. Соның бірі – Қамшыбек Қоңқабаев. Аса ауыр салмақта шаршы алаңға шыққан жерлесіміз тек соңғы жекпе-жегінде әзербайжандық Магомедрасул Меджидовке есе жіберді.

Елімізде аса ауыр салмақта өнер көрсетіп жүрген боксшы көп емес. Қамшыбек сол олқылықтың орнын толтырғандай болды. Сыр саңлағы жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті. Әлем біріншілігінің 1/8 финалдық ойындарынан бастаған ол алдымен шаршы алаң иесі – германиялық Макс Келлермен жұдырықтасты. Қарсыласын қиналмай жеңіп, келесі айналымға өтті. Ал ширек финалда өзбек жігіті Баходир Жалолов қарсылас атанып, жекпе-жек тартысты өтті. Қос боксшы да қарап қалған жоқ. Төрешілер шешімі де қақ жарылды. Алайда Қамшыбектің жеңісіне үш маман қолдау білдіріп, басым түсті.

Жартылай финалда да жерлесіміз үшін оңай қарсылас жолыққан жоқ. Африка құрлығының Камерун елінен келген Фоку Арсен де тәжірибелі былғары қолғап шебері. Үздік төрттікке кез келген боксшы жете бермейтіні белгілі. Дегенмен, Қамшыбек оның да осал жерін тауып, ақтық айналымға өтті.

 Ал, Әлем чемпионатының финалында жолыққан қарсыласы оңай ша­ғылар жаңғақ емес. Осыған дейін Олимпиаданың қола жүлдесін иеленген, Еуропа жеңімпазы және Әлемдік бәсекенің екі дүркін чемпионы атанған алыптың өзі. Алайда атағынан сескенбеген жерлесіміз теңдей дәрежеде өнер көрсетіп, қарсыласты біраз әбігерге салды. Бірақ ұпай саны бойынша ұтылып, екінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, Қамшыбектен өзге әлемдік бәсекенің ақтық сынына жеткен 75 келідегі Аманқұл Әбілхан күміс жүлдеге қол жеткізсе, 56 келіде Қайрат Ералиев чемпион атанды.

Бүгінде өңірде бокстың жаңа толқыны қалыптасып келеді. Қамшыбекті соның жарқын өкілі десек артық емес. 1991 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Қамшыбек Қоңқабаев халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол осыған дейін де талай тартысты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінген. Атап айтсақ, Қарулы күштер арасындағы Әлем чемпионатының алтынын иеленді. Сондай-ақ, Азия чемпионатында күмістен алқа тағынды. Талантты боксшының шеберлігін шыңдаған бапкері – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Байғондиев.

Қамшыбек Қоңқабаевтың бокс мәнерін тамашалаған мамандар әлі талай жарыста жеңімпаз атанатынына сенім білдіруде. Қазақ бокс мектебінің дәстүрін жалғастырушы жас былғары қолғап шеберлерінің қатарына қосуда. Бұл Қамшыбекке артылған үміт, жүктелген міндет деп білеміз. Тәуелсіздіктің төл перзентінің басар тауы, асар шыңы әлі алда.  Біз де күллі қазаққа қуаныш сыйлаған жеңісің жалғаса берсін, Қамшыбек деп тілек білдіреміз.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2017 г. 763 0