БӘСІ КҮМІС, БАҒАСЫ АЛТЫН

Жақында ғана Германияның Гамбург қаласында АИБА халықаралық бокс қауымдастығы құзырындағы екі жылда бір өтетін әуесқой бокстан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Осы дүбірлі додада ел намысын қорғаған  он қазақстандық былғары қолғап шеберінің ішінен ақтық сынға шыққан үш боксшының бірі Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.  
Аса ауыр салмақтағы жерлесіміздің жеребесі финалда екі дүркін әлем чемпионы атағы бар Магомедрасул Меджидовпен бірге түсті. Әзірбайжандық әккі боксшы мұндай мәртебелі сынға алғаш қатысқан құрыш білек Қамшыбекті біржола бүгілте алмады, бес сарапшының бірі өз басымдығын біздің жерлесімізге берді.
1991 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Қамшыбек Қоңқабаев халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қарулы күштер арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Талантты боксшыны Қызылорда қаласындағы «Тарлан» бокс орталығында, ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушы Ғалым Байғондиев жаттықтырады.
Тәуелсіздіктің төл перзенті қайсар ұланның басар тауы, асар шыңы әлі алда.  
Күллі қазаққа қуаныш сыйлаған жеңісің жалғаса берсін, Қамшыбек.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қыркүйек 2017 г. 666 0