НАЗАРБАЕВ «АСТАНА ЭКСПО-2017» КОМПАНИЯСЫНЫҢ АЛДАҒЫ ТАҒДЫРЫН АЙТТЫ

Ахметжан Есімов халықаралық көрме аяқталып, павильондар таратылғанға дейін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына басшылық жасайтын болады. Бұл туралы бүгін 6-шы шақырылған ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ахметжан Смағұлұлына аталған көрменің президентімен бірге барлығын орын-орнына қойғанға дейін жұмысын жалғастыруға тура келеді», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ЭКСПО көрмесі еліміз үшін осы жылдағы маңызды оқиға болғандығын баса айтты.
«Біз бүкіл әлемге Қазақстанның мүмкіншілігін, елордамызды көрсеттік. Олар өңірлерге барды. Біз ауқымды имидждік жұмыстар жүргіздік. Екі ірі нысан «Астана» халықаралық қаржы орталығына беріледі, біреуін Қазақстанның тұрақты жұмыс істейтін көрмесіне айналдырамыз. Барлық өңірлер, кәсіпорындар сол жерде өз жетістіктерін көрсететін болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 15 қаңтарындағы қаулысымен құрылған болатын. Компания елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін дайындау мен өткізу жұмыстарымен айналысады.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қыркүйек 2017 г. 494 0