Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңыр қаласы әкімшілігінің бұрынғы басшысы Анатолий Петренконы қабылдап, зейнет демалысына құрметпен шығарып салды.
Байқоңыр қаласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсаған Анатолий Петренко 1945 жылы Ставрополь өлкесінің Курганное селосында дүниеге келген. Камышин әскери құрылыс-техникалық училищесін аяқтап, радиотехник мамандығын алады. Одан кейін Чкалов атындағы Орынбор пединститутында білім алып, 1989 жылы Байқоңыр ғарыш айлағына жұмысқа ауысады. Еңбек жолында Байқоңыр қаласы әкімшілігінде жұмыс істеп, ішкі саясат бөлімін басқарып, сондай-ақ қала әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Осындай өнегелі қызметі, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, көпжылдық адал еңбегі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен, Ресей ғарыш федерациясының «Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Облыс әкімі де Байқоңыр қаласы әкімшілігінің бұрынғы басшысына лайықты құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
– Сіз тәжірибе мен іскерлігіңіздің арқасында жұлдызды қаланың жан-жақты дамуына зор үлес қостыңыз. Кездескен қиындықтарға төтеп беріп, Байқоңырдың өркендеуі жолында тер төктіңіз. Осы үшін сізге алғыс білдіреміз. Енді бейнеттің зейнетін көріңіз деп тілек білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Өзіне жасалған құрметке алғысын жеткізген Анатолий Петренко Байқоңырдың өтпелі кезеңдегі сындарлы сәттерін еске алды. Оны сақтап қалудағы Елбасы еңбегін де атап өтті. Сондай-ақ жұлдызды қаланың одан әрі дамып, болашақтың қаласына айналатынына сенім білдірді.
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ