Сәрсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылында болып, “Мәди Қажы” ЖШС-н ұзақ жылдар бойы басқарған Аббас Камалатдинды еңбек демалысына шығарып салды. Салтанатты шарада құрметті азаматтың елеулі еңбегі мен бағындырған биігі, басшылық қызметтегі біліктілігі парасатты сөзбен сабақталды.
Саналы ғұмырын ауылдың гүлденуі мен ауыл шаруашылығы саласының дамуына арнап, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен Аббас Камалатдиннің абыройы аймақ халқына айқын. Еңбек адамы үшін ел мен жердің киесі, дақылдың бір түйір дәні асыл, дәреметі құдіретті. Сондықтан ол елеулі еңбегімен елден биік бағасын алған, бейнеттен зейнет тапқан ел ардақтысы.
Кезінде ауыл азаматтары қолдап, аудандық мәслихат депутаты болып сайланғанда халқының бақытына арнаған жанға ел сенімінен басқа баға жоқ екенін дәлелдеп берді.
Көпшіліктің көкейінде жүрген түйіткілдің шешім табуына, қойылған міндеттерді толығымен атқарып, артылған сенімді ақтауымен дараланды. Абыройлы еңбегінің нәтижесінде “Парасат”, “Құрмет” ордендерімен марапатталды.
– Талаптанған жанның шығар тауы биік болатыны мәлім. Бүгінгі мерейтойыңызбен сізді шын жүректен құттықтаймыз, – деді облыс басшысы.
Мұнан соң мерейтой иесіне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов пен еңбек ардагері Бексұлу Синаева лебізін арнады. Ел қамы үшін басы жастыққа тимей, маңдай терін төккен арда азамат ел экономикасының, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы еселі еңбегі, ұлт болашағын тәрбиелеу жолындағы өнегелі істері үшін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың Алғыс хатымен, “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Өр мінезділігі, ұйымдастыру қабілеті және кәсібилігімен ерекшеленген азамат қандай мақтау-мадаққа әбден лайық. Туған-туыс, дос-жараны да ауылдың арман қуған баласын елге қызмет жасар деңгейге жеткізген – түтіні түзу туған жердің биік рухы екенін айтады. Расында, көптің игілігіне жұмыс жасаған Аббас Камалатдин елге сыйлы, бақытын еңбектен тапқан жан.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.