АЙБАРЫ АСҚАҚ АТА ЗАҢ

Қандай да бір елдің көктеп-көгеріп, жаһандық даму көшіне ілесіп қана қоймай, үлес қосарлық қауқары  болуы үшін Ата Заңы айбынды болуы тиіс. Конституция – елдіктің негізі. Оны құрметтеп, талаптарына бас иген халық тыныштық пен татулықтың құшағында болмақ. 30 тамыз – Конституция күніне орай «Заң – замана зердесі» атты Ата Заңды ұлықтауға арналған ұлағатты шара өтті. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен мерекелік кешке облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, көпшілікті атаулы күнмен құттықтады.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы кеңестің 9-сессиясында қабылданғаны белгілі. Сол құжатта алғаш рет мемлекет тәуелсіздігі, биліктің бөліну принциптері секілді құқықтық нормалар енгізілді. Алайда, күшіне енген заңның нарықтық экономикаға бейімделмегендігі сезіліп, мемлекеттік, жеке меншік құқықтарды қорғауда көптеген қайшылықтарға тап болды. Елбасы бұл олқылықтарды Қазақстан Халқы Ассамблеясының 2-сессиясындағы хабарламасында ашық мәлімдеді. Оны қайта редакциялау қажеттігі туындады. Осылайша жаңа Конституция қабылданып, онда азаматтардың ар-ожданының ерікті болуы секілді абсолютті құқықтар нормаға енгізілді. Содан бері соңғы заң негіздері елдігіміздің алтын қазығына айналып келеді. Мәдениет үйінде өткен мерекелік шарада сөз алған облыс әкімі өміршең құқық нормаларына тоқталып, Ата Заңдағы құндылықтарды атап өтті.
– Әлемде Конституциясы жоқ мемлекеттер де бар. Ол қатарға Италияны жатқызса болады. Араб елдері де шариғат заңдарына сүйенеді. Сонымен қатар, әлем мемлекеттерінде жазылған немесе жазылмаған заңдар болады. Қазақ елінің жазылмаған заңдарына Білге қаған мен Тоныкөктің ел билеу, өзге ұлыстармен қатынас жасау тәртібі кіреді. Сондай-ак, қазақтардың қылмыстық жауапкершілік пен әлеуметтік жіктелуін анықтайтын Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы да осы қатарда. Осындай қайнар бұлақтан бастау алған еліміздің бүгінде өз Ата Заңы бар. Конституция қағаз жүзіндегі құжат емес, елдің, халықтың, әрбір азаматтың өмір сүру ережесі. Оны мүлтіксіз орындау міндетіміз. Тәуелсіздік жылдары ішінде ғасырға татырлық ғаламат істер атқарылды. Әлем картасында Қазақстан деп аталатын мемлекет қалыптасты. Бұл мемлекет тұтастығына негіз болған Конституциямыздың айбарын көрсетеді, – деді аймақ басшысы.
Ата Заңды ұлықтауға арналған шара одан әрі жергілікті өнерпаздардың қойылымына ұласты. Қазақ тарихынан сыр шертер сюжеттер сахналанып, елдігіміздің негізі көрсетілді. Сонымен қатар, жүректі шымырлатар жыр төгіліп, тамаша көңіл-күй сыйлады.  
Мемлекеттің мәртебесі татулықпен келетіні сөзсіз. Ал ынтымақты ұстап тұра алған Конституция ең мықты құрылым екені тағы даусыз. Кезінде Аристотель «Афиндықтар бидай мен заңды ойлап тапты. Бидайды пайдалануды үйренді, бірақ заңға сай өмір сүруді үйренбей-ақ қойды» деген екен. Егер елдің ең басты құқықтық нормаларына құрметпен қарайтын болсақ, тұтастығымыз да ғұмырлы болмақ.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қыркүйек 2017 г. 868 0