
Аптаның жексенбісі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев іссапармен Жаңақорған ауданын аралады. Аймақ басшысымен бірге осы күндері Сыр өңірінде мәдени күндері өтіп жатқан Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев те бірге болды.
Олар әуелі Сығанақ қаласының орнында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту-құрылыс жұмыстарымен танысты. Республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің көмбесі бар деп есептелетін көне қала орны қазір мемлекет қарауына алынып, онда, кең ауқымда жұмыстар атқарылып жатыр. Тарихи деректер ХІ-ХІІІ ғасырларда Қыпшақ хандығының орталығы болған аталмыш Сығанақ қаласы кейіннен әлемге үстемдік жасаған Алтын Орданың қарауында болған. Қазақ хандығының орталығы ретінде ХV-ХVІІ ғасырларда ерекше маңызға ие.
Орта Азия мен Сыр бойын жалғастырып жатқан Сығанақ сауданың дамуы мен қолөнердің өркен жаюына үлкен әсер еткендігімен де белгілі. Кейінгі зерттеушілердің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде мұнда 15 мұнаралы қорған болғандығы анықталды. Қала орнының айналасындағы түрлі көлемдегі құрылыс орындары мен үйінділердің жалпы нобайы белгілі болғанымен, олардың ішіне бүккен сыры жетерлік. Міне, ескі шежіренің кейінгі ұрпаққа жетуі үшін, Мемлекет басшысының «Мәдени мұра» бағдарламасына сай тиянақты жұмыс жүргізілуі қажеттігін облыс басшысы Қырымбек Көшербаев назарында ұстап, мүмкіндігіне орай бұл жерге соғып тұрады. Басшының ықпалымен тиісті мекемелермен тиісті келісімдер жасалынып, Сығанақ қаласының орнында ашық аспан астындағы мұражай орналастыру жолдары қарастырылу үстінде. Қазір «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ескі қаланың қорғауға алынуы тиіс жаңа жобасын дайындады. Бұл есеп бойынша қаланың орны 309,6 гектар болса, жалпы қорғалатын табиғи ландшафт аймағы 739,6 гектарды құрайды деп қарастырылған. Осы мәліметтерді 2003-жылдан бері қала орнына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Қожа Ахмет Яссауий атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік универститетінің ұстаз-ғалымдары мәлім етті. Сондай-ақ, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы өз сөзінде:
– Облысымызда Қарағанды облысының мәдени күндері өткізіліп жатыр. Өндірісі мен басқа да шаруалары шалқыған аймақ делегациясына шежірелі Сыр өңіріндегі тарихи орындарды тамашалатуды жөн деп таптық. Міне, осы мақсатта өнеркәсіпті облыстың әкімі Бауыржан Әбдішев бастаған белгілі азаматтар осы араға табан тіреп тұр, – деген аймақ басшысы мәні зор деректер мен кейіннен екпін алған жаңа жұмыстар жобасымен арнайы шақырылған қонақтарды таныстырып өтті. Өз кезегінде делегация басшысы:
– Алты Алаштың анасы болған Сыр ананың бесігінде тербетілген Сіздер бақыттысыздар! Көне тарихты бүгінгімен ұштастыруларыңыз ұрпақ тәрбиесіне игі әсер етеді деп ойлаймын. Сіздерге рахмет! – деп алғыс сезімін жеткізді.
Сол күні облыс әкімі бастаған топ Жаңақорған ауданының Көктөбе елді мекені маңындағы Сырдария өзенінің арнасына салынып жатқан үрлемелі су тоспасының құрылысымен де танысты.
Елімізде алғаш қолға алынып жатқан бұл жобаға 1 млрд. теңге бөлініп, ол кезегімен игерілу үстінде. Су тоспасының құрылысы біткен кезде Түгіскен массивінде 30 мың гектарға таяу егістік жер кідіріссіз суландырылатын болады. Нақты кезеңде ауқымды нысанның екінші кезектегі жұмыстары атқарылып жатыр. Жақын арада сынақ жұмыстары өткізіліп, қалған тірліктері жүзеге асырылады. Елдің тұрмыстық-әлеуметтік тіршілігіне ерекше серпін беретін үрлемелі тоспа құрылысы облысымыздағы көптеген жақсы бастамалардың жалғасы болмақ.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.