100 ОҚУЛЫҚ: ҚАЗАҚЫ ТІЛ САҚТАЛЫП, МАЗМҰН ӨЗГЕРМЕСЕ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылғанынан оқырманымыз хабардар. Ұлттық аударма бюросы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылауға арналған «дөңгелек үстел» өткізіп, онда биыл желтоқсан айына дейін қоғамдық және гуманитарлы ғылымдар бойынша «100 жаңа оқулық» жобасы аясында 17 кітап аударылатынын айтты.

Рауан Кенжеханұлы:

– «100 жаңа оқулық» бағдарламасын жүзеге асыру үшін коммерциялық емес ұйым құрылды. Осы ұйымның үйлестіруімен аударма жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 17 оқулықты аудару бекітілді. Оқулықтарды іріктеу үшін барлық жоғары оқу орындарынан 800-ге тарта ұсыныс түсті. Ақылдаса отырып, осы 17 оқулықты іріктеп алдық. Оқулықтарды аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ұстаз, ғалымдарынан тұратын жұмыс тобы құрылды. Әр оқулықтың өз жұмыс тобы бар. Оқулықтарды ұстаздар мен студенттер пайдаланатын болғандықтан, сол оқу орнында жұмыс істейтін ғалымдар аударып жатыр. Себебі, бұл оқулықтарды оқытушылар күнделікті жұмысы үшін ағылшын тілінен, басқа тілдерден лекцияға аударып, қолданып жүрген. Келесі кезекте, осы оқытушылар жасаған мәтіннің алғашқы нұсқасына сырттан шақырылған ғалымдар ғылыми сараптама жасайды. Сосын редактура жасау үшін тіл мамандары тартылады.

Досай КЕНЖЕТАЙ, 

дінтану кафедрасының профессоры, 

философия және теология ғылымының докторы: 

– Өзім жетекшілік етіп, жауапкершілікке алған кітабыма байланыс­ты айтарым бар. Карен Армстронг деген үлкен ғалым «Тәңірдің тарихы» атты еңбегінде иудаизмдегі, христиандағы, исламдағы тарихқа тоқталған. Бұл тақырыппен айналысып жүргенімізге 20 жылдан аса уақыт болды. Бұл пән туралы магистрлік диссертация қорғатқанмын. Методологиясы, ұстанған принципі, қолданған материалдары, салыстыру аспектілері қалай жасалынады деген мәселелер қозғалады. Жалпы, дінтану мәселесі болғандықтан, көбінесе философиялық, теологиялық мәселелер қамтылады. Бұл кітапты алып, аударған әріптестерім тілтанушы мамандар. Аударманың ең басты дүниесі – тіл білу емес, аударманың құбылысын танып білу. Ал сол ұғымды танымайтын адам ешқашан аудара алмайды. Кітаптың мазмұнына қарасақ, бұл тарихи ұстаныммен жазылған. Бүкіл адамзаттың тарихында үлкен орын алатын археологиялық жазбалар қашан пайда болған, жазу қашан пайда болған деген мәселелер Тәңірдің тарихы кітабында қамтылған. Ал бұл бүгінгі біздің радикалдық, экстремистік қоғамда жүрген адамдарымыз атауын көріп шошып кетуі мүмкін. Шынында да кітаптың мазмұны бойынша, Тәңір бастап пайда болды, кейін Тәңір өлді. Бұл кітаптың бір ерекшелігі, үш діндегі Алланың сипаттары, болмыстары, кеңістіктегі танылуы, мектептері, өзара қайшылықтары бәрі тұтас қамтылған. Тағы бір айтарым, қазақ аудармашылары қазақ тілінің болмысы, тарихы, кеңістігі бар екеніне мән берсе. Аударғанда өз тіліміздегі құбылыстарды таңдап, терминдерді ғылыми айналымға енгізе аламыз. Ал егер мынау Батыстың термині, мынау басқа ұлттың термині, бізге ол сәйкес келмейді деген комплекспен қарайтын болсақ, қазақ тілінің ғылыми байлығын ешқашан байыта алмаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, біздің тілімізде исламның терминдері жеткілікті. Әлі күнге дейін кейбір тілшілеріміз «бұл арабизм», «бұл иранизм» деп жатады. Біз мұндайдан бас тартуымыз керек.

Назгүл ҚОЖАБЕКОВА, 

Ұлттық аударма бюросының үйлестірушісі: 

– Экономика саласы бойынша Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік» атты кітаптарын таңдап алдық.

Бұл салада терминологияға қатысты қиындықтар аз емес. Үш оқулықты бір жауапты редактордың қолына берудің мақсаты – экономика саласы бойынша терминологияны біріздендіру, бұрынғы терминологиямен ұштастыра отырып жаңа ұғымдармен толықтыру. Үш оқулық бойынша жұмыс жасауда көп қазақшаламауға тырысып жатырмыз. Егер сөзді сол қалпында қалдыра отырып, осы уақытқа дейін енген орысшаланған нұсқасын емес, ағылшын тіліндегі қалыптасқан халықаралық нұсқасын фонетикалық айтылуын сақтай отырып енгізуге күш саламыз. Барлық ғылым салаларына ортақ терминдерді сол қалпында қалдыруға тырысамыз. Мәселен, «инициатива» ұғымын көбінесе бастама деп аударып жүрміз. Бірақ оның кейде бастама болмайтын тұстары болады. Сондай жағдайда «инициатива» сол қалпында қалады. «Конфликт» сөзін қақтығыс деп жүрміз. Қақтығыс конфликт бола алмайтын, конфликт қақтығыс бола алмайтын кездер болады. Мұнда біз оны қалдырдық. Тағы бір қиындық тудырған сөз – «перспектива», ағылшын тілінде perspectives. Пән саласын білмейтін адам аударғанда қиындықтар туып, басқа бағытқа адасып кетер едік. Өйткені, traditional perspectives – дәстүрлі көзқарас деген ұғымды береді. Ал сол пәнді білмейтін адам болса, дәстүрлі перспективалар, дәстүрлі мүмкіндіктері, әлеуеті, келешегі деуі де ғажап емес. Сондықтан осы оқулықтарды өз саласының мамандары аударуда. Орыс тілінде «мотивация» сөзі зат есім және етістік мағынасында қолданылады. Біз зат есім түріндегі мотивацияны уәждеме деп аударсақ, етістік түрінде ынталандыру деп қалдырдық. Ең үлкен қиындық тудыратын сөз – «процесс» сөзі. «Процесс» сөзін үрдіс, үдеріс деп аударып жүр. Біз оны «процесс» күйінде қалдырдық.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, 

филология ғылымының докторы: 

– Қолға алынып жатқан жұмысты қуана құптаймыз. Кейінгі жылдары терминология ғана емес, аудармаға да ден қойып жатырмыз. Өйткені, қазақ тілінің қоғамдағы түрлі саладағы қолданысы осы аудармаға тәуелді, байлаулы. Осындай жағдайда Аударма бюросына көп үміт артамыз. Ұйымдастыруға байланысты айтар ұсыныстарым бар. Біріншіден, екі ай ғана мерзіміне қарамастан, біраз еңбектер аударылған екен. Өте шұғыл жасалып жатқаны, жұмыстың қарқыны бірден байқалып тұр. Шұғыл жасалғаннан кейін, асығыс жасалған жерлерін білесіздер. Пысықталу керек жағдайлар да болып қалуы мүмкін. Екіншіден, әр саланың жетекшілері бастап, әдебиеттер іріктелініп алынды. Дегенмен, бұл істе жариялылыққа үлкен мән беру қажет. Менің пікірімше, мейлі 5 оқулық болсын, мейлі одан да көп болсын тек қана мамандар емес, бүкіл ел-жұрт алдында таңдалған оқулықтар кеңінен талқылану керек. Тізім арқылы әлемдік әдебиеттен қайсысын таңдағанымызды, таңдау себебін көрсетіп, ел алдында дәлелдеп алу қажет. Келесі басталатын еңбектерді жария түрде, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланса, көп даудың басы ашылатыны анық. Аударманың бір жарым ғасырға жуық тарихы бар. Ыбырай мен Абайдан басталып, бер жағында Әлихан Бөкейхан, ХХ ғасырдан Жүсіпбек Аймауытов пен Әуезовтер. Осының бір ғасырлық тарихын алып қарағанда екі түрлі үрдіс, тенденция бар. Біріншісі – Абай бастаған, Шәкәрім, Алаш зиялылары жалғастырған Жүсіпбекке дейінгі аудармашылардың дені аударманың түпнұсқасы мен стилін сақтаудан гөрі ұлттық нақыш пен бояуға мән беріп, сөзді де, стилін де оның қазақ топырағына бейімдеген. Екіншісі – Жүсіпбек Аймауытовтан бері қарай аудармадағы дәлдікке көбірек мән берген. Ал қазір менің түсінігімше, аударма түпнұсқа шылауынан шыға алмауға, тек түпнұсқамен тірескен мәтіндер шалажансар терминдердің туындауына әкеліп отыр. Ең қуантарлық бастама, біз тікелей аударуға көшіп отырғанымыз. Түпнұсқадан, яғни орыс тілінен шығып, ағылшын тілінен аударып отырмыз. Дегенмен терминдерге байланысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Мысалы, біз айтып жүрген «өсімдік» деген сөз оқулығымызда болмаған. Бұл жасанды сөз. Бірақ бүгін «өсімдікті» ешкім жасанды сөз деп айтпас. Бізде бір қорқыныш бар. Дайын нәрсені ала салу ең оңайы. Плюс, минус дегендерді қосу, алу, бөлу деп аудардық қой. Халықаралық термин дегенді ұстанып алып, болса да, болмаса да кіргізіп жатырмыз. Қытай тілінде халықаралық термин деген ұғым жоқ. Басқа тілдерде де жоқ. Оны біз зерттеп көрдік. Бәрін термин деп енгізе беруге де болмайды. Сонда бізде фонетикалық заңдылық жоқ па?! Ағылшын терминологиясының 70-80 пайызы француз сөзі. Ресейдің де сөздерінің 70-80 пайызы кірме сөздер. Орыстың кез келген сөзін түбіне дейін зерделесек, Батыстың терминдері. Батыстың терминдерін орыс тілінде жасауға неліктен рұқсат берді? Олар оны өз тіліне бейімдеп, икемдеп алды. Келесі алаңдатарлық мәселе, біз келесі жылдан латын әліпбиіне көшеміз. Міне, сонда биыл 100 кітапты кириллицамен шығаратын болсақ, онда келесі жылы сол 100 кітапты қайта латын әліпбиімен шығарамыз ба?! Меніңше, біз мұны 3-4 ай тоқтата тұрып, әліпби қабылданғаннан кейін қолға алсақ қалай? Әлемнің үздік оқулықтарының латын әліпбиімен оқытатын қорын жасауымыз керек. Бір дүние екі рет жасалғаны шығын.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, 

А.Байтұрсынов атындағы 

Тіл білімі институты директорының орынбасары: 

– Үлкен жұмыс қолға алынғанын көріп отырмыз. Дегенмен, тіл мәселесіне қатысты біраз қиындықтар бар екені аңғарылуда. Сала мамандары шетелдік заманауи ұғымдарды аударған кезде қазақтың руханиятымен, ұлттық дүниесімен, стилімен байланыстыра отырып аударса, құба-құп. Себебі, бұл оқулықтарды басқаша жолмен аударудың қажеті жоқ. Менің ойымша, біз әлемдегі жаңалықтарды қазақтың баласына түсінікті етіп, өзінің жоғалтып алған руханиятындағы жаңалықтарымен байланыстырып беру керек. Рухани жаңғыру аясындағы жоба болған­дықтан осы мәселе ескерілсе. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдары «Мәдени мұра» бағдарламасы басталғанда қан­шама ұлттық мұрамыз бен дүниеміз анықталды. Соның аясында «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» шығарды. Сол сөздікті сіздер пайдалансаңыздар дұрыс. Себебі, бұл лексикографиялық емес, лингвокультурологиялық мәдени-танымдық еңбек. Бергісі Алаш, арғы ескі, кітаби қалыптасқан, барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Бүкіл түркілер сол жазба тілімен бір-бірімен түсініскен. Ол ислам өркениетінің қазақ даласында, түркі даласында гүлденген дәуіріне қызмет еткен тіл болған. Сол тілде діни лексиканың барлығы қазақтың мәдениетін жасаған.

«Қазақ әдебиеті» газеті,

№35, 25-31 тамыз.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қыркүйек 2017 г. 807 0