ЫНТАЛЫ КІСІГЕ ЖҰМЫС КӨП

Жуырда Шиелі ауданында «Нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» ІІІ бағыты аясында жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару жөнінде кездесу өтті. Онда 2011-2016 жылдары жүзеге асырылған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы аясында және 2016 жылдың 29 желтоқсанында қайта қабылданған «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға  арналған» бағдарламасы шеңберінде қатысушыларды ерікті түрде қоныстандыру жұмысын жүзеге асыру тәртібі сөз болды.

Жиынға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасы бас­шы­сының орынбасары Айгүл ­Ибрае­ва мен Павлодар облысының жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева бастаған  Ертіс,  Успенский,  Ақтоғай, Майский аудандарының өкілдері, Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы мен Никольский ауылдық округінің өкілдері қатысып, ұсыныстарын көші-қонға үміткер көпшілікке түсіндірді.  

Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Ол халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқыр­лығы арқылы жұмыс күші көп облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде халықты қоныстандыру. Бұл бойынша  нақты жұмыстар басталып та кетті. Еске­рерлік жағдай, қоныстандыру кезеңінде мемлекет тарапынан көшіп барушы әрбір отбасы мү­ше­сіне отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 79 415 теңге көлемінде бір рет және тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидия беріледі.

Тұрғын үйді жалға алуға ақы төлеу шығыстары қалалық жерге қоныс аударған бір ғана адам үшін 20 еселенген (45 380), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған жағдайда  25  еселенген (56 725) және отбасы мүшелерінің саны бесеу немесе одан да көп болған кезде 30 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (68 070) он екі ай ішінде ай сайын субсидия төленіп отырады. Жиында осы мәселелер тарқатыла айтылды.

Ал, ауылдық жерлерге қоныс аударушыларға бір ғана адам үшін – 15 еселенген (34 035), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде – 18 еселенген (40 842) және отбасы мүшелерінің саны бесеу немесе одан да көп болған жағдайда 20 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (56 725) он екі ай ішінде ай сайын төленеді.

Сонымен қатар, ерікті қоныс аударушыға жеке меншігіне тұрғын үй сатып алу үшін барған жеріндегі өңірлік комиссияның келісімімен бір жылға отбасына тұрғын үйді жалға алуға төленетін субсидиясын жеке меншікке тұрғын үйді алдын ала сату, сатып алу келісім шарты негізінде бір мезетте төленуіне жол беріледі.

Осы орайда  тұрғын үйді сатып алу кезіндегі қаржы көлемі бір жолғы  төлем мөлшерінен кем болса, артық ақша бағдарлама бойынша көшіп барушыға тиесілі болып кері қайтарусыз қалдырылады. Ал, тұрғын үйді сатып алу сомасы белгіленген бір жолғы төлем мөлшерінен көп болса, құнының айырмасы көшіп барушы  есебінен өтеледі.

2014-2015 жылдары аталған негізде жүр­гі­зілген «Жұмыспен қам­тудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында Шиелі ауданынан Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласына 3 отбасы (мүшелері 16 адам) қоныс аударып, Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасы тара­пынан еңбекке жарамды 5 азамат жұмыспен қамтылып, барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, биыл Иіркөл ауылдық округі, Жансейіт елді мекенінде тұрып жатқан Нұрбол  Нұрымбетов отбасымен Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының «1 Май» ауылдық округіне ерікті түрде қоныс аударып, жұбайы екеуі тұрақты жұмыс орнына орналасып, жұмыс істей бастады.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Қызығушылық танытқандар көптеген мәліметке қанықты. Қоныс аударуға ниет білдіргендер толық түсініктер алды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 

 Шиелі ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қыркүйек 2017 г. 669 0