ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА БІЛІМ КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін еліміз бойынша барлық білім беру мекемелері жаңа оқу жылына қадам басып, Білім күні мерекесін атап өтуде. Осы айтулы күннің құрметіне Қызылорда қаласындағы мектептерде мерекелік шаралар ұйымдастырылуда.

Биылғы жылы, қаламыздағы 54 мектепте 55 мың 710 оқушы жаңа оқу жылын бастағалы тұр. Бұл көрсеткіш алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 4 мың оқушыға артқан. Оның ішінде, мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1 сынып оқушыларының саны 7 мың 422 бүлдіршінді құрап отыр. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшіріліп, бірыңғай базалық оқулықтармен қамтамасыз етіледі және 5 күндік оқу аптасына ауыстырылғалы тұр.

Жалпы соңғы жылдары қаламызда Білім саласындағы жетістіктер жеткілікті. Мысалы, былтырғы оқу жылында 1 мың 739 мектеп бітіруші түлектің ішінен 581 түлек мемлекеттік грант иегері атанса, 107 түлек «Алтын белгі» және 102 түлек «Үздік аттестат» иегерлері атанды.

Сонымен қатар, 21 талантты оқушы әртүрлі бағыттағы халықаралық, республикалық, аймақтық байқаулардың жеңімпазы атанса, 4 оқушы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министірінің бұйрығымен Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден босатылып жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды.

Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен 2014 жылдан бастап Қызылорда қаласынан 288 студент Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда. Биылғы жылы да 50 түлегіміз осы елдің білім грантын жеңіп алды.

Бүгінгі айтулы мереке қарсаңында, қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы осындай зор жетістіктермен ерекшеленіп жүрген білім ошақтарының бірі, қаламыздағы №2 дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде болып ұстаздар қауымы мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.

119 сыныптан тұратын бұл мектепте жалпы саны 3 мың 200 оқушы білім алса, жаңадан жасақталған 19 сынып комплектісінен тұратын 1 сыныпқа 576 оқушы қабылданған. 100 жылдан астам тарихы бар аталмыш білім ошағында, соңғы 10 жылдың өзінде 82 оқушы «Алтын белгі», 65 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Мектеп тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі, 2015-2016 оқу жылынан бастап «Мұрагер» мектебі 12 жылдық білім беру бағдарламасымен жаңартылған білім беру мазмұны бойынша республика бойынша пилоттық 30 мектептің қатарына еніп, сәтті жұмыс жасап келеді. Сонымен бірге, жаратылыстану-математикалық бағыттағы кейбір пәндер үш тілде жүргізіледі.

Үш тілді білім беру жүйесіндегі табысты бастамалардың нәтижесінде 1995 жылдан бері 100-ге жуық оқушы Америка Құрама Штаттарында «Акселес Флекс» бағдарламасымен 1 жылдық білім алса, мектеп түлектері жыл сайын Англия, Франция, Тайланд, Қытай, Оңтүстік Корея, Испания мемлекеттерінде, Ресей Федерациясында білім алуда.

Ұстаздар қауымының тынымсыз еңбегінің арқасында, білім мен ғылымды ұштастыра білген мектеп ұжымы – республика бойынша              «100 Үздік мектеп» қатарынан төрт мәрте көрінсе, «Білім бәйтерегі», «Үздік білім ордасы» номинациялары және ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.


Қала әкімінің баспасөз қызметі

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қыркүйек 2017 г. 747 0