КӘСІПКЕРЛІК БАСТАМАҒА КЕҢ ӨРІС

Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауларында отандық бизнесті дамыту бағытына ерекше басымдық берілген. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті билік тарапынан кешенді шаралар жүзеге асырылып, аймақ тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға барынша көңіл бөлініп отыр. Айталық, аймақ басшысы барлық деңгейдегі әкімдерге салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру жөнінде жоғары талап қойды.

Үстіміздегі жылдың 31 тамызында облыс әкімдігінің баспасөз орталығында  өткен брифингте кәсіпкерлік  жобаларды жүзеге асыру, бизнес идеялар ұсынып,  белгіленген гранттарды иелену мәселелері бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Азамат Досжанов жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

–«Бизнестің Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы кәсіппен айналысуға ынталы тұрғындар үшін бірден-бір оңтайлы мүмкіндік. Биыл аталған бағдарламаны іске асыруға  жалпы көлемі 779, 6 млн теңге қаржы қаралған.  Бөлінген қаражаттың 669,6 млн. теңгесі кәсіпкерлік субьектілерінің жобаларына субсидиялар мен ішінара кепілдіктер беруге бағытталған.

Жыл басынан бері бағдарлама аясында кәсіпкерлік субьектілерінің жалпы құны 5, 59 млрд. теңгені құрайтын 95 жоба субсидияланып, оның ішінде 45 жобаға ішінара  кепілдіктер берілген. Сондай - ақ, жыл соңына дейін мақұлданған жобалар бойынша 1 млрд. теңге көлемінде субсидия төлеуге мүмкіндік бар,- дейді ол.

Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде ауылдық елді мекендердегі шағын кәсіпкерлік бастамаларға 10 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп, микро бизнес субьектілерінің 17 жобасы қаржыландырылған. Ал бүгінге дейін аталған басқармаға конкурсқа қатысуға кәсіпкерлік субьектілерінің жалпы құны 129, 3 млн. теңгені құрайтын 58 жобасы келіп түскен. Бағдарлама шеңберінде 100-ге жуық адам оқыту курстарынан өткен.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 тамыз 2017 г. 655 0