СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАР СЕРПІНІ

Ата Заңымыздың қабылданған күні облыста кең көлемде аталып өтті. Әсіресе, облыс орталығында өткен шара жеңілатлетикалық жүгірумен басталды.
Салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттау, жастарды жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тартуды көздейтін шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.  
Спорттық жарыстарға қатысушыларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Конституция күні мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Құрметті жерлестер, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршамыз үшін қастерлі мереке Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Конституция арқасында Тәуелсіз еліміз ширек ғасырда толайым табыстарға қол жеткізді. Ата заңымыз бен ата дәстүрімізді жалғастырып келе жатырмыз. "Есім ханның ескі жолы", "Қасым ханның қасқа жолы", Тәуке ханның "Жеті жарғысынан" бастау алатын Ата заң жиырма бірінші ғасырдың шақыруларына лайықты жауап беретін басты құжатымызға айналды. Елбасы Н.Назарбаевтың байыпты саясатының арқасында елімізде тұрақтылық, бірлік бар. Бұл табысты дамуымыздың негізгі  кепілі, – деді облыс басшысы.
Сайысқа қатысушылар қаладағы «Тағзым» алаңынан бастап, Қонаев, Қазыбек би  көшелерінің бойымен Әйтеке би көшесі арқылы  орталық алаңға дейін 3 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Бұқаралық жүгіруге 3200-дей мемлекеттік мекеме қызметкерлері, спортшылар, еріктілер, жастар  және қала тұрғындары қатысты. Нәтижесінде ерлер арасында қармақшылық Рахымжан Келманов мәреге бірінші болып жетсе, №4 облыстық олимпиадалық резерв мектебінің оқушысы Расул Төребек екінші орынды иеленді. Ал  «Қайсар U-21» футбол командасының ойыншысы Нұрсұлтан Кеңесов үшінші орынды қанағат тұтты.
Әйелдер арасында №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің жеңіл атлетика бөлімшесінің оқушылары жақсы нәтиже көрсетті. 1-орынды Галина Панасенко, 2-орынды Оксана Бикчурина, 3-орынды Ксения Власенко еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота, диплом, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, орталық алаңда асық ату, гір көтеру, қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, стритболдан жарыстар өткізілсе, каратэ мен таэквондодан көрсетілімдер және гимнастикалық жаттығулар жасалды.
Мереке аясында қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі де халықтың қызығушылығына айналды. Облыстық ішкі саясат басқармасы, «Қазақылықтың атамекені» және «Социум» қоғамдық қорлары ұйымдастырған көрме-жәрмеңкеге 40-тан астам «Бегім-ай», «Сыр шеберлері» хэндмейтр шеберлерінің қолөнер бұйымдары қойылды. Онда сапалы тұрмыстық заттар, ағаштан жасалған бұйымдар, киіз-матадан құралған ою-өрнектер, әшекей бұйымдар қолжетімді бағада сатылып, көптің көңілінен шықты.  

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 тамыз 2017 г. 597 0