Бүгін ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Вьетнам Социалистік Республикасының Ұлттық күні өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
Іс-шараға екі елдің түрлі саладағы атқамінерлері қатысып, Вьетнам тарапын Мәдениет, спорт және туризм министрі Нгуен Нгок Тхен, қазақстандық делегацияны Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко басқарды.
«Елбасы басшылығымен Қазақстан экономиканы жаңғырту, таза энергия көздерінің ең жаңа зерттемелерін енгізу және қоршаған ортаны сақтауға негізделген «жасыл экономиканы» құрып жатыр. 10 жыл бұрын біз ТМД-да ең бірінші болып Экологиялық кодексті қабылдадық. Ал 2013 жылы осы елдер арасында бірінші болып «Жасыл экономикаға» көшу туралы заңды қабылдадық» - деді Владимир Божко.
Сонымен қатар ол екі ел арасындағы тұрақты саяси-экономиканың қалыптасқанына биыл 25 жыл толғанын айтып өтті. Ал өз кезегінде Вьетнам елінің министрі Нгуен Нгок Тхен Вьетнам халқының жаңартылатын энергия көздеріне көңіл бөліп отырғандығын жеткізді.
«Вьетнам миллиондаған тұрғындар үшін жеткілікті энергияны өндіруге талпынуда. Олардың басым бөлігіне электр энергиясы қолжетімсіз. Негізгі үрдіс таза және төмен көміртекті жаңартылатын энергия көздеріне ауыстырылуда. Мемлекет жанартылатын энергия көздеріне бағытталған, соның ішінде күн және жел энергиясы басым. 2030 жылға қарай жанартылатын энергия көздерін пайдалану коэффициентін 10,7%-ға ұлғайту жоспарлауда» - дейді вьетнамдық министр.
Вьетнам Социалистік Республикасы павильонының тақырыбы: «Дәстүрлі және заманауи энергетика қосылысы– Вьетнамның болашақ энергиясы». Павильонда баламалы энергия көздері саласындағы жаңа әзірлемелер ұсынылған. Вьетнамның Ұлттық павильонындағы экпозициялар мемлекеттің тарихы, мәдениеті мен тұрмысы туралы сыр шертеді.