« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен сенбіде облыс әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Шиелі ауданында республикалық және аймақтық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Шырайлы Шиелінің кезінде ауыл шаруашылығындағы озық нәтижелерімен республикаға атағы жайылса, енді заман талабына сай өндірістік, индустриялық жобаларды жүзеге асыруымен көзге түсуде.
Шиелі ауданы өміршең мемлекеттік бағдарламаларды қабылдай білуімен қатар, оның орындалу барысында да алда келеді. Мәселен, өнеркәсіп пен орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту тұрғысында жаңа идеялардың бастамашысы және тиянақты жүзеге асыруда алар өнегесі аз емес.
«Жалпы алғанда, жылдың бірінші жартысында әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық дерлік көрсеткіштері бойынша уран шикізаты өндірісін және жалпы құрылыс көлемін есептемегенде, оң өсім қамтамасыз етілді. Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында ауданда негізгі секторларды техникалық қайта жарақтандыру, еңбек өнімділігін арттыру, өндірістің бәсекеге қабілетті өнім шығаруын дамыту жөніндегі шаралар қолға алынуда. Нәтижесінде, ауданның өнеркәсіп орындары ағымдағы жылдың 6 айында 11 млрд 692 млн теңгенің өнімін өндірді, тиісті кезеңге 100,1 пайыз. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 3 млрд 165 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 1,9 пайызға артты.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында нақты уақытта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда 2 жоба жүзеге асырылуда», – дейді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өз сөзінде.
Енді атакәсіп – мал шаруашылығын дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, мұнда біршама маңызды жобалар іске асуда. Баспасөз турына қатысушы БАҚ өкілдері әуелі «Мөлдір және К» толық серіктестігінің жанынан құрылған «Шиелі құс» фермасына аялдады. Осы жобаны жүзеге асыруда былтырдан бері жарғақ құлағы жастыққа тимей ізденген азаматымыз Насыр Мырзабеков журналистерге мән-жайды толығымен баяндаудан тартынған жоқ. Құс фермасының құрылысына 165 млн теңге инвестиция салынды. Бүгінгі күнге 11 мың бас тауықтан, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Жергілікті жерде өнім өндірудің пайдалылығы сол, бәсекелестік нәтижесінде базардағы жұмыртқа бағасы амалсыз төмендеді. Бұл өндірушіге де, тұтынушы халыққа да тиімді екендігі анық. Мемлекет басшысының көрегендік саясаты, міне, шеткі аймақта осылай жүзеге асырылуда. Өз кезегінде нарықтағы жұмыртқа бағасының 24 теңгеден 14 теңгеге дейін төмендеуіне оң әсерін тигізіп, азық-түлік бағасының тұрақтылығына ықпал етуде. Құс фермасының басшылығы биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан тағы да қосымша 12 мың бас балапан әкеліп, өнім көлемін арттыру бағытында жұмыстарына дайындық жасап жатыр. Мұндағы азаматтар өздері бастаған шаруаның ел игілігіне айналуымен қатар, нарық заңдылығына сай пайдалы болуын да қаперлерінен шығармай жұмыс жасауда. Қытай мемлекетінен жаңа жабдықтар әкеліп, күзге қарай қосымша цехтар іске қосылуы тиіс. Сонда құс фермасы тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндіріп, сауда айналымына шығаруды көздеп отыр.
Шиелі ауданында түйе сүті мен шұбат өндірудің өнегесі аймақ тұрғындарына қазір жақсы танылды. Жеке кәсіпкер Сабыр Ермаханов – жаңалыққа құмарлығын, ізденгіштігін ісімен дәлелдеген азамат. Оның жобалық құны 60 млн теңгені құрайтын тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдейтін «АруАНА» шұбат цехы өнімді еңбек етуде. Олар шығарған өнімдер облыс, аудан көлемінде сұранысқа ие болды. Бұл – жақсы нәтиженің айғағы. Сондықтан да Сабыр Ермаханов биылғы жылы 15 млн теңгеге цехтың құрал-жабдықтарын қайта құрылымдап, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтін өңдеп қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығаруды жолға қойды. Онда жаңа технологияны меңгерген жас мамандар қызмет ете бастады. Замана талабына бейімделіп, өз соқпағын іздеген жастарға елімізде мүмкіндіктер мол, «Ару Ана» шұбат цехы оларға үлгі десек, артық айтпаймыз.
Аталған кәсіпкердің бастамасымен 6 шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкер және 19 өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар бірігіп, «Шиелі – төрт түлігі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрды. Кооперативте 73 адам жұмыспен қамтылып, 650 бас түйе, 286 бас мүйізді ірі қара, 119 бас жылқы өсірілуде. Кооператив жұмысын одан әрі дамыту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан 80 млн теңге қаражат алып, мүйізді ірі қара сатып алуға кооперативтің 21 мүшесі құжаттарын ұсынды.
Сонымен қатар, аудан көлеміндегі 315 майда қожалық пен 186 дара кәсіпкердің бірігуімен 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
Шиелі ауданының Нартай ауылы маңындағы «Асылхан» шаруа қожалығының жұмыс ұйымдастыру тәсілі де сүйсінерліктей. Мұнда бұрынғы бір ферманың ауқымындай жаңа жұмыстар қолға алынуда. Басшылық қызметте әбден ысылған, нарық заңдылықтарын да жете меңгерген жерлесіміз Құлмағанбет Дүйсебаевтың осы шаруаға кіріскеніне де бірер жылдың көлемі болды, бастамасы тәуір. Мал шаруашылығын өрістететін көптеген нысандар салып, ішін малға толтырып, жаңаша жұмыс бастап та кетті. Жобалық құны 250 млн теңге тұратын және де тәулігіне 1 тонна сүт өнімдерін өңдейтін цехы, расында, нарықтық ырғаққа ілесіп кетеді. Бұл жерде сүттен басқа да айран, қаймақ, сүзбе шығарылса, үлкен сұранысқа ие болары анық.
– «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы жалпы құны 91 млн теңге тұратын сүт өңдеу мен мал сою пунктінің жабдықтары алынды. Оларды тиісті талапқа сай орналастырып үлгердік. Және де Солтүстік Қазақстан облысынан асылтұқымды сиырлар мен бұқа сатып алдық. Қазір өндірілген сүтті мектепке дейінгі мекемелерге өткізудеміз, – дейді кәсіпорын жетекшісі.
Жоғарыда аудан әкімі арнайы тоқталған екі жобаның бірі – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның «Тампонажды цемент шығару» зауытының құрылысы. Жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын зауыт құрылысына үстіміздегі жылдың наурыз айында қытайлық инвесторлармен 7,5 млн АҚШ доллары көлемінде алғашқы транш бөлінді. 2018 жылы белгіленген кесте бойынша зауыт іске қосылғанда жылына 1 млн тонна уран және мұнай өндірісінде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаруы тиіс. Бұл – Қытай халық республикасымен бірлескен және Индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобалардың бірі. Зауыт толық іске қосылғанда онда 260 адам жаңа жұмыспен қамтылады. Және оған жергілікті тұрғындар тартылуы тиіс. Компания директоры Ли Цзиньцин алдағы жоспарлары туралы мәлімдеме жасап, журналистер сауалдарына да тиянақты жауап берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үшінші жаңғыру, бәсекелестікке қабілеттілік» атты халыққа Жолдауына сай Сыр өңірінде айтулы жобалар қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Демек, Қазақстан мемлекетінің әлемдегі дамыған отыз елдің қатарында болу деген мақсаты халықтың қолдауына ие, толықтай жүзеге асады деген сөз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).
Шиелі ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |