ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІН ӘРКІМ СЕЗІНУІ ТИІС

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігі аппаратының кезекті мәжілісі өтіп, онда бірнеше маңызды мәселе қаралды.

Алғашқы талқыланған жер қойнауын пайдалануға қатысты облыстық ин­дус­триялық-инновациялық даму басқар­масының басшысы Ринат Сұлтангереев хабарлама жасады. Оның атап өткеніндей, 2017 жылдың  8 айында облыс аумағында жер қойнауын  барлау және пайдалы қазбалар алу жөнінде 87 келісім жасалып, 75 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олардың басым көпшілігі Сырдария, Жаңақорған, Арал және Шиелі аудандарында жұмыс атқарады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі комиссия  отырыстарында 16 өтініш қаралған. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнінде 16 арыз жұмыс тобы отырыстарында қаралды. Минералдық-шикізат базасын кеңейту және жаңа кен орындарын игеру мақсатында 11 жаңа келісім-шарт жасалып, олардың шарттарының орындалуына мониторинг жүргізілген.

Хабарламашы жер қойнауын пайдаланушы келісімнің шарттарын екі және одан да көп рет бұзған жағдайда келісім-шарт бұзылатыны туралы ескертілетінін ­айтып өтті. Егер де көрсетілген кемшіліктер белгілі бір уақыт шеңберінде қалпына келтірілмесе, басқарма келісім-шартты біржақты бұза алады. Мәселен, осы уақытқа дейін екі жер қойнауын пайдаланушының өкілеттілігі тоқтатылған.

Жер қойнауын пайдаланушылардан облыс бюджетіне әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған қаржының түсуі­не де сараптама жүргізіліп тұрады. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында жер қойнауын пайдаланушылар облыс бюджетіне 30 млн теңге қаржы аударды. Сонымен қатар,  кемшіліктер де бар. 17 жер қойнауын пайдаланушы өздерінің қаржылық міндеттемелерін орындаған жоқ. Оларға бұл жайында қатаң ескерту жасалып, тиісті ақпараттар мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді.

Облыс әкімі басқарма мен геология және жер қойнауы жөніндегі инспекция басшылығына жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар туралы мониторинг жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды. Оның қорытындылары 2018 жылдың 1 қаңтарында облыстық әкімдікке тапсырылуы тиіс.

Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масының басшысы Усаин Медет тұрғын үй қорын жөндеу жайына тоқталды. Бүгінгі таңда облыста 1167 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 640-ы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 2011-2016 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 305 млрд теңге қаржыға 160 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жасалды. Ал 2016 жылдан бері бюджетті оңтайландыруға қатысты тұрғын үй қорын жөндеуге мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Жыл басында облыс әкімі Қызылорда қаласы мен аудандар әкімдеріне жергілікті бюджеттен екі көпқабатты үйге жөндеу жасауға қаржы қарастыруды тапсырған болатын. Осылайша 2017 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 50,9 млн теңгеге 10 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әйтсе де, осы уақытқа дейін Қазалы және Сырдария аудандарында жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Жаңақорған ауданын да тұрғын үйге жөндеу басталмаған. Облыс басшысы аудан әкімдерінің түсіндірмелерін тыңдап болғаннан кейін, бұл істі кейінге қалдыруға болмайтынын қатаң ескертті. Бұл мақсатта тұрғындардың өздерімен де сөйлескен жөн. Ірі кәсіпорындар мен мұнайшыларды, «Байқоңыр» ӘКК-ын тарту қажет болады.

Қыркүйек айында Сырдария өзеніне жоғарыдан тағы да мол су түсетіні туралы мәжілісте хабарланды. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы бас­­шы­сының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаев соған байланысты су тас­қынының алдын алу мақсатында қауіпті учаскелердің белгіленіп, жауапты мекемелер бекітілгенін, қажетті материалдар және адам күші жасақталғанын мәлімдеді. Аймақ басшысы қыркүйек айында «Шардара» су қоймасына және «Көксарай» қарсы реттегішіне жоғарыдан көп су түсіп, олар транзиттік режимде жұмыс істейтінін жеткізді. Демек, төменге дарияға қарай көп су жіберілетін болады. Сондықтан, сол кезеңде қауіпті учаскелердегі бақылау барынша күшейтілуі қажеттігін тиісті құрылымдар мен басқармаларға, аудандар мен қала әкіміне тапсырды.

Мәжілістегі төртінші талқыланған тақырып жеті айдың қорытындысы бойынша облыстағы жол-көлік оқиғаларының көрсеткішіне арналды. Ол туралы об­лыстық ішкі істер депатаментінің жер­гілікті полиция қызметінің бастығы ­Бауыржан Ибраев тоқталып өтті. Жыл басынан бері облыс көлемінде  49173  рет жол-қозғалыс ережелерін бұзу орын алса, соның 27288-і, яғни 55,5 пайызы адам өміріне қауіп төндіретін оқиға болды. Хабарламашы жол-қозғалыс ережелерін өрескел бұзудың көрсеткіштері өткен кезеңмен салыстырғанда Қазалы, Сырдария және Жаңақорған аудандарында өсім алып отырғанына назар аударды. Жол-көлік оқиғалары болған орынға бірінші жететін полиция қызметкерлері. Сондықтан да жергілікті полиция қызметінің 87 өкілі өткен жылы облыстық медицина орталығында арнайы сабақтарға қатысып, жол оқиғасынан зардап шегушілерге алғашқы көмек көрсету түрлерін үйреніп шыққан. Ол «Батыс ­Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойында жолға шыққан төрт түліктің себебінен жол-көлік оқиғалары орын алып, адамдар жарақат болғанын еске салып өтті.

Мәжілісте мас күйінде көлік жүргіз­гендер 2016 жылы 698 адам болса, биылғы алғашқы жартыжылдықта 818 адам болғанына айрықша назар аударылды. Аймақ басшысы осындай жол-көлік оқиғалары көрсеткішінің сараптамаларын баспасөз бетінде жариялау туралы тапсырды.

Бүгіндері Қармақшы ауданында мал­дың мойнына жарықтандырғыш белбеу орап қою тәжірибесі енгізілгенін, соның нәтижесінде осы аудан аумағында малға қатысты жол оқиғасы тіркелмей отырғанын мәлімдеді. Енді малға қатысты жол оқиғаларының алдын алу мақсатында бұл тәжірибені бүкіл облыс аумағында таратқан абзал. Полиция басшысы сонымен бірге, көршіміз Ресейдегідей жол бойында апатқа ұшыраған көліктер қаңқасын қойып, адамдарды сақтандырып отыру тәжірибесін де қолданған дұрыс деген ойын жеткізді.

Облыс әкімі осы ретте бәріміз үшін ең қымбат нәрсе бала өмірі екеніне назар аударды. Ал 25 тамыздағы жеке балабақша көлігінің жол апатына ұшырауын немен түсіндіруге болады? Ондағы 11 бүлдіршін әртүрлі жарақат алса, екі тәрбиеші ауыр жарақатымен ауруханаға түскен. Оның біреуі қайтыс болған. Аймақ басшысы бұл іске жүргізушімен қатар балабақша меңгерушісі жауапты екенін атап өтті. Өйткені, микроавтобус жүргізушісі бір жыл бұрын көлік жүргізу куәлігінен айырылғаны анықталған.

Кезекті талқыланған мәселе Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тап­сырмалардың облыс көлемінде орын­далуы туралы облыстық ішкі сая­сат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев айтып өтті. Ол рухани жаңғыру бойынша Елбасы саясатын іске асыру мақсатында ақпараттық-насихаттық топ құрылып, басқармалар тарапынан ондаған жобаларды бойынша жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді. Әйтсе де, басқарма басшысы осы бағытта аудандарда жұмыс баяу жүріп отырғанына, ондағылардан ұсыныстар түспей жатқанына мәжіліске қатысушылардың назарын аударды.

Облыс әкімі рухани жаңғыру бағы­тында біздің облыс басқа аймақтарға үлгі болуы тиіс деді. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де болса өз деңгейінде  жүрмей жатқанын қатты сынға алды. Осы бағыттағы жұмыстардың дұрыс жүрмей отыруының бір себебі дұрыс бақылау жоқ. Әкімдер орынбасарларына тапсырып қойған. Аймақ басшысы алдағы кезеңде әкімдер әр апта сайын қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы арнайы есеп беріп отыруы туралы  тапсырма берді.

Мәжілісте соңғы талқыланған мә­селе Құрбан айт мерекесін атап өту­ге қатысты болды. А.Қайруллаев әлем мұсыл­мандарының ұлық мерекесі кезін­де аз қамтамасыз етілген әлеуметтік топтарға қайырымдық көмек көрсету туралы кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыс­тары жүргізілгенін жеткізді. Мешіт имамдарының қатысуымен құрбандыққа мал шалу тәртіптерін түсіндіретін семинарлар өткізіліп, арнайы құрбандық шалатын орындар белгіленген. Сондай-ақ, мерекелік шаралар аясында ұлттық ойындардан жарыстар өткізілетін болады.

Облыс басшысы осы орайда мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, депуттаттар Құрбан айт мерекесінің өз деңгейінде аталып өтуіне белсенді атсалысқаны жөн екенін айтты. Сонымен бірге, мереке кезінде мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік қызмет этикасын ұмытпауы тиіс деді. 


Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 тамыз 2017 г. 388 0