« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Баршаңызды алдымызда келе жатқан Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Бұл күн – алтын ұясына сағына ұмтылып, шұрқыраса табысатын шәкірттердің ғана емес, білім мен тәрбиені кие тұтқан абзал ата-аналар мен ұлағатты ұстаздардың да мерейлі мерекесі.
Жаңа оқу жылының қарсаңында жыл сайын жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің көкейтесті мәселелерін ортаға салып, еркін ой бөлісу – біздің игі дәстүріміз. “Тамыз кеңесі” деген атқа ие болған осы алқалы жиында өткенімізге ой жіберіп, келешекке бағдар түзуді әдетке айналдырғанбыз.
Өткен 2016-2017-ші оқу жылында Сіздердің белсенді қатысуларыңызбен облыстың білім беру саласында біршама нәтижелі жұмыстар атқарылды. Ол жөнінде білім басқармасының басшысы өз баяндамасында таратып айтады.
Мен бүгін Сіздердің алдарыңызға облыстың әкімі ғана емес, өздеріңіз жақсы білетін “Рухани жаңғыру” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі және осы бағдарламаның әр тарауы мен әр қадамын шын жүректен жақтаушы, жанашыр азамат ретінде келіп тұрмын.
Қоғамдық сана модернизациясын бастау арқылы Қазақстан ел ретінде жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысына көтерілгендігін байқамау мүмкін емес. Бұл сонымен бірге, өзімізбен қатарлас басқа бірде-бір елде жоқ, ерекше “әлеуметтік инжинеринг” жобасы.
Рухани жаңғырудың мектеп және ұстаздар үшін аса маңызды болуының бірнеше себебі бар. Рухани жаңғыру – мемлекет пен қоғамды ішінен жаңартудың, адамның санасын өзгерту арқылы елге жаңа сапа берудің әлемде баламасы жоқ, ерекше бағдарлама. Бұл бағдарлама Ұлттық сипатта, бірақ, жеке тұлғалық деңгейде іске асады. Яғни, қоғамдық сана, жеке тұлғалық сананың өзгеруі негізінде іске асады. Сондықтан да, бұл бағдарламаның әр қадамы ұрпақ, яғни тұлға тәрбиелеу, азамат өсіру, маман дайындау жұмысымен қатар жүреді.
Сол себепті, Рухани жаңғырудың басты тірегі – ұстаздар, ал, оның іске асырылатын негізгі алаңы – біздің оқу орындарымыз.
Сондықтан да, биылғы тамыз кеңесі «Қазақстанның үшінші жаңғыруына білімнің үлесі» тақырыбында өтуде. Елбасы биылғы Жолдауына арқау еткен үшінші жаңғыру әдеттегіше, негізінен, экономикалық қуатты үстемелеумен шектелмейді.
Ол – бәрінен бұрын қоғамдық сананы жаңғыртуға басымдық берді. Өйткені, саясат пен экономиканы біз ойлаған биік межеге көтеру үшін жаңа сападағы қоғамдық сана, жаңа дүниетаным, жаңа жеке көзқарас қажет. Осы мақсат пен оған жетудің жолдарын жан-жақты түсіндіру үшін Мемлекет басшысы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру“ атты мақаласын жариялады. Аталған мақала негізінде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы жасақталды.
Рухани жаңғыру – ұлттық салт-санаға жаңа сапа берудің, өскелең ұрпақты жаңаша тәрбиелеудің тұжырымдамалық негізі. Оның астарында әлемдік технологиялық дамудың жедел қарқынын ескере отырып, бүгінгі Қазақстандағы қоғамдық сананы әлемдік деңгейге көтерудің кең ауқымды реформалық идеясы жатыр.
Жоғарыда айтқанымыздай, ұстаздар қауымы – еліміздегі қоғамдық сананы жаңғыртудың басты қозғаушы күші. Ал, қозғаушы күш қуатты болуы үшін әрбір мұғалім алдымен өзі рухани жаңаруға бекінген адам, бағдарлама идеясына қана сусындаған маман болуы шарт.
Бағдарламаға негіз болған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы екі үлкен тараудан тұрады. “ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы” деп аталатын бірінші тарауда Елбасы “тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың” алты бағытын атап көрсетеді. Сол алты бағыт модернизацияның принциптері және жаңғырудың басты құндылықтары ретінде танылады. Олар:
1. Бәсекелік қабілет;
2. Прагматизм;
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4. Білімнің салтанат құруы;
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6. Және сананың ашықтығы.
Байқасаңыздар, осы құндылықтардың қай-қайсысы да ең әуелі білім берудің міндеттері мен жаңарған білім мазмұнына етене жақын.
Жинақтап айтқанда, бәсекелік қабілет дегеніміз – әр азаматтың, сол арқылы тұтас ұлттың ХХІ ғасырға лайықты білім мен дағдыларға, жаңа заманға қажетті ұлттық мінез бен қасиеттерге ие болуын білдіреді. Соның ішінде компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, жаңа білім мен мәдени құндылықтарға ашық болу сияқты факторлар қоғамның алға басуына жағдай жасайтын алғышарттарға айналды.
Ал, прагматизм болса, қанға сіңген кейбір жат қылықтар мен қасаң түсініктен арылып, ұлттық және жеке мақсат-мүддеңді нақты білуді, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Алға қойған мақсатқа жету үшін білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан ұдайы жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – бізге қажет прагматизмнің сипаттары.
Ұлттық бірегейлікті сақтауға келер болсақ, ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Біз оны екі қырынан танимыз:
Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту;
Екіншіден, ұлттық болмысты сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгертіп, заманға лайықтау. Жаңғыру дегеніміз өзіндік келбеттен, төл белгіден, ерекшеліктен айырылу емес. Керісінше, тек сол ерекшеліктер арқылы ғана біз сыртқа тартымды, басқаға қызық, өзгемен бәсекеге қауқарлы боламыз. Сондықтан, әр ел, әрбір мемлекет өзінің дербес, дара даму үлгісін қалыптастыруда.
Яғни, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Осындай даралықты сақтап, ұлттық бірегейліктің негізін күшейтуде қаймағы бұзылмаған қазақы мәдениеттің қасиетті ордасы – Сыр елінің орны бөлек.
Келесі басымдық білімнің салтанат құруы немесе білімнің культі деп аталады. Білімге деген ерекше көзқарас, оны асқан құндылық деп тану – біздің қанымызда бар қасиет. Ендігіде осы қасиет елдік қағидаға, ұлттық мінездің ажырамас бөлігіне айналуы шарт. Өйткені, бұл – қазіргі технологиялық революцияның талабы. Таяу онжылдықта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді деген болжам бар. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды мұншама жедел өзгермеген. Бұл жағдайда мол білімінің арқасында кәсібін тез, әрі қиналмай өзгертуге қабілетті адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны түсінгендіктен, Қазақстан білімге бөлінетін қаражат үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатында.
Ал, еліміздің аймақтары арасында бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы алда екенін Сіздер жақсы білесіздер.
Елбасы сөзімен айтсақ, табысты болудың басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек.
Жастарымыз басымдық беретін құндылықтардың қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. Кешеге көз жүгіртсек, революциялық сілкіністерге толы болған ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат кезең болды. Ұлттық болмыс біржола күйреп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі күштеп таңылды. Қазақ халқына аса ауыр демографиялық соққы жасалды. Ана тіліміз бен төл мәдениетіміз құрдымға кете жаздады. Еліміздің көптеген өңірлері, соның ішінде Арал маңы мен Сыр бойы экологиялық апат аймағына айналды. Осы кеселдерді ақтаудың мың себебі табылуы мүмкін, бірақ, біздің кешегі тарихымыз тек эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді әбден жеткізді.
Ендеше, эволюциялық даму қағидасы тек тұтас елдің ғана емес, әр азаматтың жеке тұлға ретінде дербес ұстанатын қағидасына да айналуы тиіс. Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды.
Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен, мыңдаған адамның жеке трагедиясымен аяқталатыны анық.
Сондықтан, Елбасы ұсынған осы қағиданы ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – жалпы қоғамның, соның ішінде білім беру жүйесінің өте маңызды дүниетанымдық, әдістемелік және рухани міндетінің бір бөлігі.
Жаңа құндылықтар санатындағы сананың ашықтығы да білім беру жүйесі арқылы қалыптасады. Әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезім әлі де «от басы, ошақ қасы» аясында қалуда. Ол да өзгеріске түсуі қажет. Сол өзгеріске кең өріс ашатын басты құрал ағылшын тілі болмақшы. Сананың ашықтығы туралы айтқанда, Елбасы зерденің үш ерекшелігін атады. Біріншіден, дүние мен айналаңда не болып жатқанын түсіну. Екіншіден, өзгерістерге дайын болу. Үшіншіден, өзгелердің тәжірибесін алып, жат жұрттың жетістіктерін бойға сіңіруге дайын тұру.
Бұл – “Рухани жаңғыру” бағдарламасы басшылыққа алатын негізгі қағидалар. Осы бағдарламаны іске асыру тетіктері ретінде Мемлекет басшысы 6 арнайы жоба ұсынды.
Сол 6 жобаның мазмұны мен міндеттерін білу және терең түсіну ұстаздар ортасы үшін өте маңызды.
Өйткені, алдағы жылдары еліміздің қоғамдық саяси және білім беру мен тәрбие жұмысының өзегі “Рухани жаңғыру” бағдарламасы болады.
Осыны ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі Рухани жаңғыру бағдарламасы жөнінде оқушылар мен студенттерге және оқытушыларға арналған фильм дайындауды ұйғарды.
Фильмді “Назарбаев зияткерлік мектептері” мен “Білім Медиа Груп” тобы дайындады. Бұл фильмнің құрылымы мен сценарийін жасауға біз де атсалыстық. Фильмнің 45 минуттық толық нұсқасы жаңа оқу жылының бірінші күні барлық мектептер мен оқу орындарында көрсетіледі. Осы фильмнің қысқартылған нұсқасын Сіздермен бірге қазір көрсек деген ұсыныс бар. Назар аударайық!
Экранда “Болашаққа бағдар” фильмі көрсетілді.
Құрметті әріптестер, қадірлі ұстаздар!
Қызылордалықтар үшін Рухани жаңғыру – бүгін ғана басталған жол емес. Ұрпақ тәрбиесінде өз елінің тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін қадір тұта отырып, оны жаңаша байыту – бізде ежелден қалыптасқан дәстүр. Елбасы сол игі дәстүрге жаңа бағыт, тың серпін беріп, бүкілхалықтық қозғалысқа айналдырды. Бұл баршамыздың көптен күткен көкейдегі мұратымыз болатын. Сондықтан, мен Сіздерді осы істе саяси сауаттылық, азаматтық белсенділік, кәсіптік біліктілік, ең бастысы, туған жер мен елге, Отанға деген шынайы сүйіспеншілік танытуға шақырамын.
Рухани жаңғыру жолындағы білімнің салтанат құруында Сыр өңірінің ұстаздар қауымы отандастарымыздың алдында өнеге көрсетіп, алдыңғы қатардан табылуы тиіс. Өйткені, жас өркеннің рухын биіктетіп, қанатын қатайтып, әлемдік бәсекеге қосудың кілті – Сіздердің қолдарыңызда, мәртебелі мұғалімдер!
Сондықтан да, қазіргі білім мазмұнының жаңарған кезеңінде оны тәрбиемен жаңаша ұштастырып, сапасын көтеру – Сіздерге жүктелген абыройлы міндет. Сол ұлы істе беделдеріңіз биік болсын, бала тәрбиесінің бағбандары!
Ел мұраты мен ұрпақ тәрбиесіне адал болайық, ардақты әріптестер!
Жаңа оқу жылдарыңыз жемісті болсын!
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |