БІЛІМ САЛТАНАТЫ

Бүгін Қызылордада «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбында облыстық білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Мариямкүл Мұқатаева, «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» дербес білім беру ұйымы Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, сала қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Меймандар алдымен оқушылардың техникалық шығармашылығы мен білім саласындағы Сыр өңірінің жетістіктеріне арналған көрме жұмысымен танысты. Жиында өткен оқу жылы қорытындыланып, мақсат-міндеттер айқындалды. Саладағы жаңалықтар жөнінде айтылды. Мұғалімдердің келелі кеңесіне аудандар мен Қызылорда қаласынан білім саласының қызметкерлері телекөпір арқылы да қатысып, үн қосты. Сонымен бірге онлайн режимінде әлеуметтік желі арқылы таратылды.

– Мен бүгін сіздердің алдарыңызға облыстың әкімі ғана емес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі және осы бағдарламаның әр тарауы мен әр қадамын шын жүректен жақтаушы, жанашыр азамат ретінде келіп тұрмын. Рухани жаңғырудың мектептер мен ұстаздар үшін аса маңызды болуының бірнеше себебі бар. Бағдарламаның әр қадамы ұрпақ, яғни тұлға тәрбиелеу, азамат өсіру, дайындау жұмысымен қатар жүреді, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Бүгінгі күні елімізде білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Министрліктің департамент директоры Ш.Каринова алдағы оқу жылында балабақша, мектептер мен басқа да білім мекемелерінде жоспарланған 300-ге жуық шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталатынын жеткізді. Мектепке дейінгі тәрбие – үздіксіз білім берудің бастапқы сатысы десек, қазіргі күні елімізде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көрсеткіші 85,5 пайызды құрап отыр. Біздің облыста – 100 пайыз. Осы оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшіріледі. Бұл оқушылардың функционалдық қабілетін жетілдіруге көмектеседі.

– Үш тілді білім беру бағытында министрлік бірқатар жұмыс жүргізіп келеді. Ағылшын тілінде физика, химия, биология, информатика пәндерін оқытуға байланысты тек биылғы оқу жылында 12 502 мұғалім дайындықтан өтіп жатыр. Оның 1 046-сы қолына тиісті құжаттарын алды. 1 қыркүйектен бастап 800-ден астам мектепте аталған пәндер ағылшын тілінде пилоттық режимде оқытыла бастайды. Бұл қатарда Қызылорда облысының да білім ұйымдары бар, – деді Ш.Каринова.

Соңғы жылдары Сыр өңірінің білім саласында соны серпін байқалады. Оған қаржыландыру көлемінің жыл сайын артып келе жатқаны себеп екені сөзсіз. Сала бюджеті 2015 жылы 63,9 млрд теңгені құраса, былтыр 70 млрд-қа жетті. Ал биылғы мөлшерді үш жыл бұрынғымен салыстыруға тіпті келмейді. Одан бері екі есе өсіп, болашаққа салынған инвестиция 89,3 млрд теңгені құрады. Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев балаларды ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға етіп қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та ұстаздарға артылатынын атап өтті. Бүгінде аймақтағы мұғалімдер саны 20 400-дің үстінде. Оның 92 пайызы – жоғары білімді, 46,3 пайызы – бірінші және жоғары санатты. 

– Оқушылар контингенті жаңа оқу жылында 7 мыңға дейін көбейіп, 148 643 бала білім алады деп күтіп отырмыз. Оның ішінде 1-сыныпқа келетін балалар саны 700-ге артып, 18 911-ге жетті. Оқушылар қатары артқанымен мектептер құрылысының қарқынды жүргізілуі оқушы орнының тапшылығын азайтып, оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге толық мүмкіндік беріп келеді.       Өткен оқу жылы 13 мектеп жаңадан пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апаттық жағдайдағы 11 мектеп жергілікті бюджет есебінен, Жаңақорған ауданындағы 300 орындық 2 мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қайта салынды. Мұнан бөлек, бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен 300 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар келесі жылы пайдалануға беріледі. 2018 жылы тағы 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланған, – деді Б.Сайлыбаев.

Жаңа оқу жылын жаңа оқу ғимараттарында бастағалы отырған мектептердің оқушылары, ұстаздары мен ауыл тұрғындары дән риза. Арал, Қазалы аудандарындағы көп жыл қауіпті саналған білім ошақтары биыл қайта салынып, пайдалануға берілді. Осы мектептер орналасқан ауыл тұрғындарының атынан сөз сөйлеген аралдық ата-ана Нұржамал Тілеуімбетова селекторлық режимде қуанышымен бөлісті.

– Жаңа ғимараттарда білім алу мектеп оқушыларына да, ұстаздарға да ерекше серпіліс береді. Жаңа мектеп ғимаратына кіріп, қуанып жатқан Арал, Қазалы аудандарының мектеп оқушылары мен ұстаздарына жаңа оқу жылында табыс тілеймін, – деді облыс әкімі.

Өткен жылғы тамыз кеңесінде мектептердегі оқушы орны тапшылығын болдырмау мақсатында балабақшалар желісін кеңейту арқылы мектеп жанындағы шағын орталықтарды біртіндеп жабу жөнінде тапсырма берілген болатын. Биылдың өзінде Қызылорда қаласындағы мектеп жанындағы 15 шағын орталық жабылып, ондағы тәрбиеленушілер балабақшаларға орналастырылды. Бүгінде балабақша кезегінде тұрған балалар түгелімен мектепке дейінгі білім берумен қамтылды. Дегенмен, отбасылық жағдайына байланысты балабақшаны қажет етпей, баласын 5 жасқа толғаннан кейін мектеп жанындағы мектепалды даярлық тобына беруді дұрыс көретін ата-аналар да жоқ емес. Облыстың бас педагогы осы орайда қалалық, аудандық білім бөлімдеріне ата-аналарға 3 жасқа толған балаларын балабақшаға беріп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың маңыздылығын түсіндіруді тапсырды.

Осыдан 3 жыл бұрын жазғы тынығу лагерьлері тек жазғы уақытта ғана жұмыс істейтін. Қалған уақытта бос тұрды. Сондықтан лагерьлерді оқушылар мен мұғалімдердің, ардагер ұстаздардың игілігіне беру міндеті жүктелді. Қазіргі кезде 6 лагерь жылдың төрт мезігілінде де жұмыс жасайтын режимге көшті. Онда оқушылар тынығып қана қоймай, қосымша білім де алады. Ұстаздардың да қажетіне жарап тұр. Олар кәсіби біліктіліктерін арттырады. Игі тәжірибе бойынша алдыңғы қатардан көрінген Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев жазғы тынығу орнын жыл бойы тиімді пайдаланудағы өз тәжірибесімен бөлісті.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы үш жылда облыс түлектері ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары балл жинап, республикадағы үздік бестіктің құрамына енді. Мәселен, былтырғы оқу жылында мектеп бітірген 6 564 түлектің 95 пайызы коледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде білімдерін жалғастыруға қол жеткізді. Биыл 6 196 түлектің 4 123-і жаңа форматтағы ҰБТ сынағынан өтіп, орташа 82,4 балмен республика бойынша білім деңгейлерінің жоғары екендігін тағы бір дәлелдеді.

– Биыл мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесінде ҰБТ-ға қатысқан сырбойылық түлектердің 50 пайызға жуығы қазақстандық жоғарғы оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Мұнан бөлек, 62 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербург университеттеріне қабылданса, тұрмысы төмен отбасынан шыққан 162 бітіруші облыс әкімінің грантына ие болды. Нәтижесінде биыл ҰБТ-ға қатысқан балалардың 54,6 пайызы білім гранты негізінде жоғары білім алу мүмкіндігін иеленді. Өткен оқу жылы бұл көрсеткіш 35 пайызды ғана құраған еді, – деді Б.Сайлыбаев.

Жоғарғы оқу орындарына жолдама алған түлектердің үлесі жөнінен Сырдария, Қазалы, Жалағаш аудандары үздіктер қатарынан көрінді. Ендігі міндет – қалған бітірушілерді түгелдей колледждерде білім гранты негізінде, университеттерде ақылы негізде оқуға тарту. Бұл бағытта да бітірушілерге көп мүмкіндік жасалған.

2017-2018 оқу жылындағы білім беруді ұйымдастырудың ерекшеліктері жайында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті М.Мұқатаева айтса, 2, 5, 7-сыныптарда жаңартылған білім беру мазмұнын енгізудің ерекшеліктеріне «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» дербес білім беру ұйымының Білім беру бағдарламалары орталығының директоры Жанар Әбділдина кеңінен тоқталды. Аудандардағы ұстаздар тікелей режимде өздерінің көкейтесті сауалдарын жолдады.

Конференция қорытындысында тәрбие ісінде озық жүрген бірқатар ұстаз «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, министрліктің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал Қызылорда қаласындағы С.Толыбаев атындағы №3 мектеп-лицей «Үздік орта білім ұйымы» атағын иеленіп, облыс әкімі Қ.Көшербаев ұжым басшысы Меруерт Әбдіхалықоваға 17 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақының сертификатын табыстады.


Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 тамыз 2017 г. 1 871 0