ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

  Үстіміздегі жылдың 24 тамыз күні Қызылорда қаласында «Бастау» бизнес орталығының «Астана» конференц залында «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбында педагогикалық қызметкерлердің тамыз конференциясы өтті.
Салтанатты жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еламанов Бекмырза Қайыпұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жумадильдаева Наталья Васильевна және облыстық білім басқармасының басшысы Сайлыбаев Бақытжан Әбдіхалықұлы, ардагер ұстаздар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері қатысты.
Конференция қонақтары қала мектептерінің арнайы дайындаған көрме жұмысын аралап, өңіріміздегі білім беру саласының қол жеткен жетістіктері мен бүгінгі бағындырған белестерімен кеңінен танысты.
Жиын басында, «Тамыз конференциясын бастамас бұрын ұлағаттылықтың символы саналатын ардақты ардагерлерімізге шексіз алғысымызды білдіргім келеді. Сіздер әрқашанда жоғары құрметке лайықсыздар», - деген қала әкімі Н. Нәлібаев, ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіп, олардың білім беру саласындағы орасан зор еңбектеріне тоқталып өтті.
Жиын барысында, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы елімізде білім беру саласындағы жаңа реформалар мен тың өзгерістер туралы баяндама жасады.
Келесі кезекте, облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітов, «Білім беру саласындағы заманауи үрдістердің енуіне және білім берудегі жаңа жүйеге ата-аналардың көзқарасы» тақырыбында ата-аналар комитетінің төрайымы Г.Шукеева, «Білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі - жаңашыл-кәсіби мамандардың болуы» тақырыбындам №3 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Н. Ахметжан және қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қорытынды баяндама жасап, алдағы жоспарлар мен нақты атқарылуы тиіс маңызды бастамаларға тоқталып, міндеттер мен ұсыныстарды ортаға салды.
Салтанатты жиынның соңында, қала әкімі Н. Нәлібаев білім саласының дамуына үлес қосып, ерекше шығармашылығымен, жоғары жетістіктерге жеткен 10 ұстазды марапаттап, 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Түстен кейін, қала әкімінің орынбасары Ш. Баймановтың және мектеп ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен «TED-X» форматында ашық пікір алаңы ұйымдастырылды.
Қосымша ақпарат:
Қазіргі таңда, Қызылорда қаласы бойынша қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 54 мектепте (2017-2018 оқу жылында) биылғы жылы 55 мың 710 оқушы білім алады деп күтілуде.Яғни алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 4 мың оқушыға көбейген және жаңадан 136 сынып комплектісі жасақталады деген сөз.
Бұл қала халқының саны артқандығының және өңіріміздегі демографиялық дамудың нақты көрсеткіші.
2016-2017 оқу жылынан бастап жалпы орта білім беру бойынша 1 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшіріліп, 5 күндік оқу аптасына ауыстырылған болатын.
Ал, биылғы жаңа оқу жылынан бастап 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшіріліп, бірыңғай базалық оқулықтармен қамтамасыз етіледі және 5 күндік оқу аптасына ауыстырылғалы тұр.
Осының есебінен оқушылар мен мұғалімдерге сенбі күндерін есептегенде қосымша 34 күн демалыс беріледі.
2017 жылы Қызылорда қаласы бойынша 1 мың 739 мектеп бітіруші түлек болса, оның ішінде 581 түлек мемлекеттік грант иегері атанды.
Сонымен қатар, 21 талантты оқушы әртүрлі бағыттағы халықаралық, республикалық, аймақтық байқаулардың жеңімпазы атанса, 4 оқушы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министірінің бұйрығымен Ұлттық Бірынғай Тестілеуден босатылып жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды.
Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей бастамасымен 2014 жылдан бастап Қызылорда қаласынан 288 студент Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда.
Биылғы жылы да Қызылорда қаласы бойынша 24 түлегіміз Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің, 14 түлегіміз Мәскеу Ұлттық ғылыми зерттеу технологиялық университетінің (Национальный исследовательский технологический университет «МИСиС») және 12 түлек Санкт-Петербург қаласындағы беделді оқу орнының грантын жеңіп алды.
Жыл сайын жаңа білім ошақтары мен балабақшалар пайдалануға беріліп, материалдық техникалық базалары жаңартылуда және мектептер күрделі жөндеуден өткізілуде.
Білім беру мекемелері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізу бағдарламасы бойынша қаладағы барлық мектептер 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді.
Жалпы білім саласына бөлінген қаржы көлемі 2016 жылы - 16 млрд. 23 млн. теңге болса, биыл 18 млрд. 487 млн. теңгені құрады. Яғни, қала бюджетінің 40 пайызға жуығы білім саласына бағытталған.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 тамыз 2017 г. 1 069 0