Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған тапсырма-міндеттер кезең-кезеңімен өмірімізге енуде. Еліміз шын мәнінде жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Саяси-экономикалық жаңғыру өз алдына, елдің рухани өмірінде елеулі өзгерістер басталды. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге баса мән берілуде. Бұл тұрғыда халықтың көзі, құлағы һәм тілі саналатын – бұқаралық ақпарат құралдарының да уақытпен үндесуі басты міндет.
Осы ретте «Қазақстан» телерадиокорпорациясында айтулы өзгерістер орын алуда. Корпорация масштабты ребрендинг аясында өзінің барлық медиақұрылымдарының жаңа логотипінің тұсаукесерін өткізді. «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Қазспорт», «Балапан» телеарналарының
логотипі жаңарып, халықаралық нұсқада жазылды. Корпорацияның барлық телеарнасының жаңа логотипі бір белгіге топтастырылған. Онда біздің туымызды, аспанымыз бен күнімізді айқындайтын түстер қолданылған. Жалпы ребрендингтің басты мақсаты – корпорацияның барлық медиа активтеріне тән, ұлттық дәстүрді әйгілейтін, корпорацияның жаңа әлемдік стандарттарға талпынысын көрсететін біртұтас танымал белгі құру. Осы қадам арқылы «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңа халықаралық брендін жасаудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтуіміз керек. Ребрендинг аясында ұлттық арнаның графикалық безендірілуі өзгеріп, студиялар жаңартылып, эфирге жаңа бағдарламалар шығуда,
медиаактив екенін айғақтайтын байрағы пайда болды. Ұлттық арнада жаңа маусымда ондаған жаңа түрлі жобалар іске асады. Қоғамдық,
интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалар саны артады. Реалити-шоу форматындағы жобалар көбейеді. Олардың ішінде 2 халықаралық мегажоба: «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» жобалары бар. Кәсіпкерлікті насихаттайтын «Үміткер» шоуы және табиғаттың тылсым күші менен құдіретін көрсететін «24 сағат табиғат құшағында», Ұлттық эстраданы насихаттайтын «Hit Qazaqstan» музыкалық хит-шеруі. «Киелі Қазақстанның» ешқашан айтылмаған тарихы, сан ғасырға куә болған «Ұлы дала ұлағаты», әулет бақытына арналған «Ене мен келін», түрлі мамандықтың қыры мен сырына қанық қылатын «Сенің орныңда» және тағы да басқа бағдарламалар жаңа маусымнан көрерменмен қауышады.
Бұл өзгерістерден өңірлік телеарналар да тыс қалып жатқан жоқ. Жаңа маусымда корпорация құрамына кіретін 14 аймақтық телеарнаның
да атауы өзгерді. Енді аймақтың жетекші арнасы «Қазақстан-Қызылорда» деп емес, Qyzylorda деп аталмақ. Бұл өзгертулер аймақтық телеарналарға ішкі теленарықта дербес жұмыс жүргізуге, танымалдылығын арттыруға және аудиториясының кеңеюіне бағытталған. Елбасы рухани жаңғыру тұрғысындағы мақаласында ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау
қағидаттарын тізіп берді. Барлық дүние сана-сезімнен бастау алады. Өрісің неғұрлым кең болса, соғұрлым заман көшіне ілесуге қауқарлысың. Бұл технология – инновацияны да алға тартудың алғышарты болып табылады. Демек, рухани жаңғырудың мәні зор. Бұл үрдіс Сыр елінің төл арнасына да тікелей қатысты. Атап айтар болсақ: Жаңа маусымнан бастап облыстық телеарнаның бағдарламалық кестесі, эфирге шығатын әрбір заставка, хабарлардың бет-бейнесінде де айтулы өзгерістер орын алмақ. Телекөрермен асыға күтетін, телеарнаның тұздықты жобасы – «Жаңалықтар» қомақты топтама түрінде эфирге жол тартпақ. Атап айтқанда, ел өмірінің, аймақтың тынысымен қатар, «Көрерменмен тікелей байланыс» айдары қосылып, әрбір телекөрермен студиямен байланысып, көкейкесті сауалын қоя алады, ұсынысын айта алады, «112» топтамасынан өңірде
болған оқыс оқиға, қылмыс хроникасын біле алады, ал, «Спорт жаңалығы» жеке дара комментаторымен эфирге шығып, спорттық аренадағы
қызықты да «әттеген-ай» деген тұстары паш етілмек. Қазақтың қайсар рухты, сегіз қырлы, бір сырлы, нағыз «мен» деген жігіттерін даралайтын «Сыр серілері» реалити-шоуының жаңа маусымы басталады. «Коктейль» бағдарламасынан жастар өздерін қызықтырған тақырыптарды бірге талдап, өзекті деген мәселелердің шешімін бірге іздейтін болады. «Ұлт саулығы» телеемханасын енді тікелей эфирде көруге болады және көрермендер денсаулық саласына қатысты сауалына студияға телефон шалып, дәрігерлерден дереу жауабын алуға мүмкіндік туып отыр.
Ұлтты ұйыстыратын Елбасы айтқан тағы бір ұсыныс – «Туған жер» бағдарламасы. Мұнда нағыз патриоттық тәрбиенің рухы сезілуде. Қазақтың мәдениеті де, руханияты да өте бай. Сыр топырағында көне шаһарлар, кесенелер, қорғандар, ескерткіштер мен жәдігерлер аз емес. Халқымыз тарихи тұлғалармен де мерейлі.
Міне, осы ретте «Туған өлке» телеэкспедициясы Сыр өңірінің тағылымға толы тарихы мен мәдениетін, руханиятын дәріптеп, құнды деректермен тәнті етпек. Сондай-ақ, киелі жерлер географиясын зерттеп, жаңа деректермен бөліспек. Күнбе-күн тікелей эфирде көрерменмен қауышатын «Жаңа күн» бағдарламасының студиясы жаңартылып, мазмұны байытылуда. «Ақиқат алаңы» ток-шоуы да жаңа форматта, жаңа жүргізушімен эфирге шықпақ. Бір сөзбен айтқанда, барлық хабарымыз жаңаша сипатта,
терең мазмұнда эфирге шығады. Елбасы мақаласында руханиятты қайта түлету көзделген. Ол үшін Мемлекет басшысы бірнеше бастама көтеріп, жобалар ұсынды. Соның бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру. Латын қарпі ашық дүниеге, батыс елдерге жол ашып отыр. Ребрендинг - «Qyzylorda» – соның бір айқын дәлелі. Мазмұны мәнді, ауқымы өте кең ұлт руханиятын ХХІ ғасырдың биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Qyzylorda» телеарнасы осындай жаңашылдықтарды өмірге енгізіп отыр.
Иә, дамудың діңгегі рухани байлықтардан, яғни, мәдени, тарихи құндылықтармен сабақтасады. Мақаланың мақсаты да сол – қоғамға рухани
серпіліс беріп, оны заман көшіне ілестіру. Ал, оны жүзеге асыру барысында біздің телеарна атқарар ауқымды істер әлі алда.
Жағыппар ҚАРАБАЛА,
«Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда
облыстық филиалының директоры,
«Құрмет» орденінің иегері.