ЖАСТАР ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕК

ЖАСТАР ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕКСейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қорқыт ата атындағы Студенттер сарайында болып, студент жастарға арналған кезекті дәрісін оқыды. Өткен жылы саясаттану ғылымдарының докторы «Ғаламтор және жастар» тақырыбын сөз етіп, бүгінгі қоғамдағы қажеттілігін бағамдап түсіндірген болса, биылғы дәрісте «Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясын» кеңінен талқылап, оның негізгі бағыттары мен міндеттерін саралады.
Алдымен Елбасының биылғы Жолдауына тоқталған аймақ басшысы еліміздің даму жолында 2030 Стратегиясының уақытынан бұрын орындалып, маңызы зор 2050 құжатының қабылдануы осы дамудың жаңа бастамасы екенін баса айтты. Сондай-ақ, дәстүрлі Жолдауда сөз болған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мән-мазмұнының астарында елдің амандығы, халықтың әл-аухатының өсуі, еліміздің өсіп-өркендеуі тұрғандығын жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының, көрегендігі мен іскерлігінің нәтижесінде қазақ деген елдің, ұлттың тәуелсіздігі нығайып, шекарасы қалыптасып, мәдени іргетасы бекіген, экономикасы қарқынды дами бастаған, қауіпсіздігі басты қолға алынып әлем мойындаған іргелі мемлекетке айналғандығы да айтылды. 
«Әлемнің ең қарқынды дамыған елдерінің бестігіне енген Қазақстан бүгінде шетелдік инвестицияларды тартуда ТМД бойынша көшбасшы ел болып отыр. Көліктік инфрақұрылымның көптеген стратегиялық маңызды нысандарын салу арқылы еліміз аймақтық және жаһандық шаруашылық байланыстарына кірігуге мүмкіндік алды. Бүгінде, міне, Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі ел дамуының басты бағыттарын белгілеп, халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімін 4,5 есе ұлғайтуды, қазіргі уақытта ІЖӨ 13 мың долларды құраса, оны 60 мың долларға дейін жеткізу керектігін міндеттеді. Бізде жан басына келетін жылдық ішкі аймақтық жалпы өнім 1,5 млн. теңгеден асады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы  елдерінің стандарттарына жуықтау үшін тек ІЖӨ-нің өсуі жеткіліксіз. Біз еңбек өнімділігін жоғарылатуға тиіспіз» деген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұнан әрі өңіріміздің әлеуетін арттыру жолында атқарылған жұмыстарға тоқталды. 
Өткен жыл қызылордалықтар үшін жаман болмады. Әрбір салада жеткен жетістіктер жетерлік. 2013 жылы халық игілігіне 33 арендалық және 4 ипотекалық тұрғын үй пайдалануға берілсе, еңбекке орналастырудың Жол картасы бойынша 55 тұрғын үй тапсырылған. Осы және өзге де берілген барлық нысандар экономикамызға 370 млрд. теңгеден астам инвестиция жасауға мүмкіндік берген. Ал, орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 26 мыңға дейін ұлғайып, оларда жұмыс істейтіндер саны 75 мың адамға дейін жеткен. Яғни, өткен жылы  10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, нәтижесінде  жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа деңгейден аспаған. Бұл дегеніміз, қай салада болмасын даму динамикасының артып келе жатқанын көрсетеді. 
ЖАСТАР ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕКЕстеріңізде болса, облыс әкімі Қ.Көшербаев аймақтың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясында өңірдің дамуына қолайлы әрбір сала бойынша атқарылуға тиіс жұмыстарды нақты көрсетіп, алдағы күннің міндетін айқындап берген болатын. Жастармен болған басқосуда да аймақ басшысы әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, ауқымды істің бастамасын, түйткілді шаруаның түйінін тарқатып берді. Мәселен, алдағы уақытта  инновациялық индустрияландыру негізінде жаңа мұнай-газ кен орындарын барлау және игеру, сондай-ақ, геологиялық қорларды анағұрлым толық алудың заманауи әдістерін пайдалану арқылы инновациялық технологияларды қолдану, өңірімізде бар металлургияны игере отырып, өңдеуші сектордың үлесін ұлғайту, күріш шаруашылығын жетілдіру арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік инфрақұрылымын жолға қою, экологиялық ахуалды жақсарту, мәдени мұраны сақтау секілді басты бағыттар бойынша ауқымды тірлік жүзеге аспақшы. Осы ретте, айта кетерлік жайт, шағын және орта бизнестің ішкі аймақтық өнім құрылымындағы үлесі 8 пайыздан сәл ғана асатын болса, 2020 жылға қарай оның үлесін 3 есе ұлғайту жоспарлануда. Ванадий өндірісін құру мен жылына 600 тонна әйнек шығаруды көздейтін шыны зауытын салу жобасын іске асыруды қолға алу да қызылордалықтардың алдында тұрған бірден-бір міндет. Бұл игі бастамаларда кәсіби әрі білікті маманның алар орны ерекше болмақ.
«Бәсекеге қабілетті экономика құру үшін бізге білімді, кәсіби білігі жоғары мамандар керек. Біз еңбек рыногында болып жататын құрылымдық өзгерістерге дереу жауап бере алуымыз шарт. Осыған орай, жастар аймақтық экономиканы дамытуға жұмыс істеулері тиіс. Яғни өздеріңіздің болашақ мамандықтарыңызды аймақты дамытудың кез келген міндеттерін  креативті, прогрессивті, инновациялық, шығармашылық, ойлы, кәсіби тұрғыда шеше алатындай, аймақтың өсіп-өркендеуі жөнінде өз ұсыныстарыңызды енгізе алатындай болып игеріп шығуларыңыз қажет. Мен сіздердің пайдалы және сұранысқа ие болғандарыңызды қалаймын», – деді аймақ басшысы өз дәрісінде. 
Өткен жылы дарынды жастар үшін облыс әкімінің 123 гранты бөлінгені белгілі. Биылғы жылы бұл жалғасын тауып, гранттардың жалпы саны 300-ге жететін болады. Бүгінгі күні арнайы комиссия логистика, пайдалы қазбалар геологиясы және барлау, металлургия, технологиялық машиналар мен жабдықтар, ұшу аппараттарын сынау, туризм секілді еңбек нарығына қажетті 28 мамандықты айқындап отыр.  Болашақта осы мамандықтарға басымдық берілетін болады. Сондай-ақ, грант есебінен оқуын Мәскеудің болат және қорытпалар мемлекеттік институты, Қазан мемлекеттік техникалық университеті, Қазақ ұлттық техникалық университетінің  магистратурасында жалғастыруға мүмкіндік беру жоспарлануда. Сәуір айында түлектер арасынан Мәскеу болат және қорытпа институтында (МИСИС) оқу үшін іріктеу жүреді. Іріктеуден өткен 100-ге жуық жастар Ресей гранты бойынша оқитын болады. Бұл – Сыр жастарына берілген үлкен мүмкіндік. Студенттеріміз біліктіліктерін арттырып, сұранысқа ие мамандықтарды иеленіп жатса, біздің өңірімізде мамандыққа қажеттіліктің азятыны сөзсіз. Аталмыш мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асатынын ескерсек, ең алдымен халықтың мүддесін ескеріп, әр адамның келешегін, жеке және кәсіби өсуінің мүмкіндіктерін басты мақсат еткен Стратегияның мақсаттары мен міндеттері халықтың игілігін өтейтін болады. 
Осылайша жан-жақты талқыланып, үлкен серпіліс, жаңа мүмкіндіктер тудырған дәріс барша жастарды қанаттандырды. Дәрістен алған әсерін, ойларын бөліскен студенттер жиын соңында көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, көңілге қонымды жауаптарын да алды. Әрбір сұраққа аса мән берген аймақ басшысы мұндай басқосудың алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтып тарқасты. Жастардың мүддесін, олардың жағдайын сөз ететін келелі жиын енді көктемде өтетін болады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / БИЛІК 30 қаңтар 2014 г. 1 930 0