ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРДАҒЫ ШЫРАЙЛЫ БІЛІМ ҰЯСЫ

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Білімге асыққан бүлдіршіндер мектеп табалдырығын аттайды. Осындай мереке қарсаңында Арал, Қазалы аудандарындағы қуаныш еселене түсті. Аталған аудандардың шет ауылдарында бірнеше мектеп ашылып, оқушылар жаңа ғимаратқа көшті. Енді ауыл оқушылары алғашқы қоңырауды өздері армандаған білім ордасында өткізеді. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен облыстық мәслихат хатшысы Нау­рызбай Байқадамов шалғайдағы ауылдың шаттық мерекесіне ортақтасып, халық қуанышымен бөлісті.

Мектеп ашу салтанаты алдымен Арал ауданы Аманөткел ауылдық округінің Аққұлақ елді мекенінде басталды. Көптен күткен сәтке қол жеткізген ауыл жұрты ең бірінші балалары үшін қуанышты. Себебі оқушылар осыған дейін тар ғимаратта сабақ өтіп келді. Сынып бөлмелері сын көтермейтін еді. Техникалық жарағы да мәз емес болатын. Енді елді мекен жұрты еңселі ғимараттың игілігін көрмек. Ауыл халқының осындай білім ордасы үшін алғыстан басқа айтары жоқ.

Сонымен бірге, Ақжона ауылдық округіне қарасты Майдакөл елді мекенінің тұрғындары да қуанышты сәттің куәгері болды. Мұнда №98 орта мектептің  ашылу салтанаты өтті. Қосқабатты жаңа ғимарат екі блоктан тұрады. Онда арнайы сыныптардан бөлек, спорт залы, медицина, шаруашылық, әкімшілік, жуынатын бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, 80 орындық асханасы мен 120 орындық мәжіліс залы бар.  Қала мектебінен бір мысқал да кем емес. Барлығы талапқа сай тұрғызылған. Ордалы ғимараттың ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жаңа оқу жылында ұстаздарға табыс тіледі. 

– Еліміз егемендігін алғалы білім саласын басты назарда ұстап келеді. Елбасы «Келешекке кемел біліммен» дегенді үнемі айтып келеді. Биыл жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында да осы саланы өзек етіп алды. Бұл мемлекеттің мақсатын айқындап тұр. Сондықтан қаламен қатар ауылдарда да білім сапа­сын көтеру маңызды міндет. Дала табиғатымен тыныс­тыған ауылдың қара дома­лақтарының арасынан отансүйгіш өрендер өсіп шы­ғатынына сенімдімін. Ал балаларды біліммен ұштап, саналы тәрбиемен өсіру – ұстаздар алдындағы абыройлы міндет, – деді ол.

Жаңа ғимарат ең алдымен ауыл балаларының қуанышы. Әлбетте, заман көшіне ілесіп, озық ілімді игеру үшін соған сай сынып қажет екені белгілі. Майдакөлдіктердің бұл тілегі орындалды. Мектеп оқушысы Талапбек Бейсеналиев жаңа орынның жайлы екенін қуанышпен жеткізді.

– Бұрынғы оқыған ғимараттан әлдеқайда үлкен. Биылғы білім күнін осындай зәулім сарайда қарсы аламыз. Бұл оқуға деген ынтамызды одан әрі арттырады. Сапалы білім алып, елімнің дамуына мен де үлесімді қосамын, – дейді жалындаған жас. 

Елбасы 2020 жылға дейін үш ауысымды және апаттық мектептерді жою мен 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту қажет деп міндет қойған болатын. Өңірде бұл жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Алдымен аймақта үш ауысымдық мектептер мәселесі толықтай шешілді. Ал 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету 100 пайыз мерзімінен бұрын ше­шіл­ді. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестікті да­мытудың үлесі басым болды. Ал апаттық жағдайдағы білім ошақтарының мәселесін шешу биылғы жылдың еншісінде. Мұны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.  

Салтанатты шара одан соң Қазалы ауданында жалғасты. Мерейлі сәтте Майдакөл ауылының тұрғындары да қуаныштан құр қалған жоқ. Ескі мектеп жаңа ғимаратқа көшті. Бұл да елді мекен жұртының есінде қалар күннің біріне айналды.

Сонымен бірге, Шәкен ауылдық округіне қарасты Шилі ауылы да шаттыққа кенелді. Бұл күнді ауылдықтар білім тойы деп бағалап жүр. Елді мекен аудан орталығынан 130 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Төрт түлікі тіршілік еткен құм арасындағы шағын мекен. Шалғайда жатса да, назардан тыс қалмады. Ауылдықтардың өтініші орындалды. Пайдаланылып келген ескі мектеп еңселі ғимаратқа ауыстырылды. Жұп-жұмыр етіп салынған мектепте керекті бөлменің барлығы табылады. Жаратылыс­тану пәндері үшін қажетті құрылғылар да бар. Ауыл мектебінде 43 жыл ұстаздық қызмет атқарған Қуаныш Смағұл бір округте қос бірдей білім ошағының бой түзеуі бұрын болмағанын айтып, ел ағаларына алғысын білдірді.

Шилі – Қазалыдағы ең алыс ауылдың бірі. Мұндағы мектеп бастапқыда бас­тауыш білім ұясы болып ашылған. Қазір тоғыз жылдық оқытуға көшті. Мектепті тәмамдаған соң оқушылар көрші ауылға немесе аудан орталығына барып жалғастырады. Дегенмен, енді мектептің 11 жылдық білімге мүмкіндігі жетеді.

– Ауыл жылдан-жылға үлкейіп, оқушыларымыз да көбейіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын оқушы саны 38 болса, биыл 61-ге жетті. Сонымен қатар, жаңадан салынған балабақша да бүлдіршіндерге толы. Шалғайда орналасса да, балаларымыз барлық талапқа сай салынған орында оқуға мүмкіндік алып отыр. Біз де сапалы біліммен қаруланған жастарды тәрбиелеп шығаруға бар күшімізді саламыз, – дейді мектеп директоры Эльмира Ержанова.       

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов Әйтеке би кентіндегі №216 орта мектептің қосымша құрылыс жұмыстарымен танысты. Жаңаша жарақтанып жатқан білім ордасы дизельді электрстанция, спорт зал, асхана, шеберханамен қамтамасыз етілуде.

Аймақтағы өзекті мәселелерді уақыт оздырмай шешу жолға қойылып келеді. Соның бірі – апаттық жағдайдағы мектептер жайы. Есте болса, осыдан үш ай бұрын да осындай игілікті істердің куәгері болғанбыз. Соңғы қоңырау қарсаңында аудандарда алты мектеп пен балабақшалар пайдалануға берілген еді. Бұл да осы маңызды міндетті орындаудағы жауапты жұмыс болатын. Енді, міне, бұл жүйе жалғасын тапты. Әсіресе, шалғайдағы елді мекеннің мәселесі шешіліп, ауылдағы ағайынның шаттыққа кенелгені шын қуантады.  

 Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 тамыз 2017 г. 590 0