ТЕРІСКЕЙГЕ ЖОЛДАМА КӨП

Жырақ жерден теріскейге қоныстану, түтін түтетіп, ұрпақ өсіру – демографиялық ахуалдың тепе-теңдігін қалпына келтірудің негізгі жолы. Оның астарында салт-дәстүрі­мізге, әдет-ғұрпымызға, ана тілімізге жетік жұмыс қолдарын көптеп тарту арқылы ұлттық құндылықтарымызды, қазақы қалып-бейнемізді орнықтыру сияқты мақсат-мүдде­лер жатқанын жан-дүниеміз ұғына­ды. Өйткені Президенттің «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде айтқан: «Байлық та, бақыт та, өмір де өз еліңде. Сырттан бақыт іздегеннің ісі баянды болғанын көргенім жоқ. Қанша миллиардер болсаң да, қызықтың барлығы өз еліңде, өз бала-шағаңның жанында» деген ұлағатты сөздері ойға оралады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетінің Студенттер сарайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұрат Ергешбаев тұрғындармен кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еңбек күші мол оңтүс­тік өңірлердің тұрғындарын теріскейге кө­шіру жұмыстары қолға алынғанын, қоныс аударушыларға баспана әзірленіп, жұмыс та, жер телімдері де табылатынын, барлық жағдай жасалатынын мәлім етті.

– Шығыс Қазақстан, Павлодар облыс­тарына қоныс аударып, сол жақта еңбек етемін деген отбасыларға қайтарымсыз бір реттік көмек беріліп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Егер де ол жақта жұмыс істегісі келмесе, алты айдың ішінде қайтып келуіне болады. Бірақ есте ұстайтын нәрсе, көшіп барушылар тек отбасылы азаматтар ғана және квотамен баруларыңызды сұраймыз. Сонда ғана мемлекет бөлінетін субсидияға ие боласыздар, – деді басқарма басшысы.

Демографиялық әртектілік еліміздегі еңбек ресурстарының теңгерімділігіне кері әсер етуі әбден ықтимал. Қазірдің өзінде солтүстік аймақтарда жұмыс күшінің жетіспеушілігі айқын сезіледі. Өйткені, табиғи өсім өте баяу. Керісінше, оңтүстік өңірлерде халық қарқынды өсіп, еңбекке қабілетті адамдардың жұмыс табуы күрделене түскен. Сарапшылардың болжамына сүйен­сек, 2030 жылға қарай елімізде халық саны 20 миллионнан асып, жартысына жуығы негізінен оңтүстік жақта шоғырланатын болады. Ал теріскейде еңбекке жарамды адамдар бөлінісінде тапшылық байқалуы мүмкін екен. Солтүстік халқы кемуінің бір себебі табиғи өсімге тірелсе, екінші ұшығы ­Ресейге қоныс аударып жатқандардың ­артуымен байланысты. Егер осылай жалғаса ­берсе, мұндағы тұрғындар 1 миллионға азаюы, ал оңтүстікте 5 миллионға көбеюі мүмкін. Осылайша ішкі демографиялық ахуал жан-жақты зерделеніп, миграциялық үдерістерді оңалту жөніндегі ұсыныстар Парламент тарапынан қолдау тапқан. Оңтүстіктен көшіп келушілерге барлық жол шығынын көтеру, отбасы мүшелеріне біржолғы өтемақы төлеу, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналы­сатындарға шағын несие ұсыну сияқты жеңіл­діктер қарастырылған.

ШҚО Риддер қаласының жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Исимова Айтолқын бүгінгі таңда аймақта 219 бос жұмыс орны барын айтты.

– Мектеп мұғалімдері, дәрігерлер, техни­калық және ауылшаруашылық мамандары қажет. Жұмыспен біз қамтамасыз етеміз, бас­пана мәселесін әкімдіктегілер шешіп береді. Мұғалімнің айлығы білім деңгейі мен еңбек өтіліне байланысты болады. Мәселен, оқуды жаңа бітіріп, жұмысқа енді келсе, айлығы 50-60 мың теңге шамасында, ал біраз стажы ­болса, 100 мың теңгеге дейін барады, – деді.

Айтолқын Исимованың айтуынша, Шығыс Қазақстанға басқа аймақтардан ­келген мамандарды қоныстандыру мәселесі үш жылдан бері жүріп жатыр екен.

Қызылорда қаласындағы халыққа түсін­дірме және жұмысқа шақыру ­жәрмең­кесі Сырдария, Жалағаш аудандарында жал­ғасын тапты. Солтүстіктен келген делегация тұрғындарға Үкіметтің ауқымды бағ­дарламасын ынталыларға кеңінен түсіндірді. Бұл екі қолға бір күрек таппай жүрген аза­маттарға нақтылай көмек, қиыннан жол тапқан бағыт болды.

Мәселен, Павлодар облысы Май ауданына қарасты, Майтүбек ауылы әкімі Ерғанат Қайкен: – Бағдарлама бойынша Сіздерге түрлі қызметтер ұсынамыз. Біріншіден, көшуге кететін шығын үшін әр отбасы мүшесіне 40 мыңнан 79 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, үйді жалға алу үшін 1 жыл бойы көмек көрсетіледі. Яғни әр отбасына айына 34 мың теңгеден 68 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Павлодар – табиғаты тамаша өлке. Қысы – ұзақ, жазы қысқа демесеңіз, ауасы – таза, суы – тұщы. Біздің ауылға мұғалім, дәрігер, ауылшаруашылық мамандары аса қажет. Пән жүктемесі толық, әрі айлығы да мол, тек балаларға жақсы білім беретін ұстаз болса, – дейді ол.

Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева аталған бағдарламаның артықшылығын тағы да дәлелдеп, одан қалыс қалмауға шақырды. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласындағы  әлеуеті зор солтүстік облыстарда нақты кезеңде мамандар тапшы екендігі еске салынды. Қатысушылар мәселенің мән-жайына байланысты сұрақтар қойып, көп мағлұмат алды. Соның әсері болар, солтүстікке барып еңбек етуге ынталы тұрғындардың кейбірі алдымен осы облыстарға барып, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқанды жөн көрді. Шақырушылар бұған да түсіністік танытты.

Жалағаш ауданының тұрғыны Бақыт­бек Кенжебек жуырда ғана оқу орнын бітір­ген. Фельдшер мамандығы бар ол сол­түстікке бағытталған бағдарламаға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бірақ, отбасылы болмаған соң оған квота қарастырылмаған. – Оқу бітіргелі жұмыс таппай жүрмін. Өкініштісі, бойдақ болғандықтан маған субсидия берілмейді екен. Бірақ жұмыс бар, шақыруын шақырып жатыр. Енді квота алу үшін отбасыммен баруым керек. Сондықтан үй-ішіммен ақылдасып, отбасымды баруды үгіттемекшімін, - дейді жас маман.

Жігерлі жас: «әр адам өзіне қолайлы да пайдалы жұмысқа құлшынып, уақытша қиыншылықтан қорықпағаны жөн», - дейді.

Солтүстік өңірден келген өкілдердің не­гізгі мақсаты – қызылордалықтарды мемле­кеттік бағдарлама аясында бос жұмыс орындарына орналастыру. Ол аймақтарда жыл өткен сайын халықтың саны азайып, өндіріске қажетті мамандар тапшылығы сезі­лу­де. Ең алдымен механизатор, слесарь, дәнекерлеуші, сондай-ақ, мұғалім, дәрігер, ауыл­шаруашылық саласының ­мамандары жетіспейді. Егер сіздің Солтүстік өңірлерге қоныс аудару ойыңызда болса, қалалық немесе аудан­дық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласып, ақпарат­тар алуларыңызға болады.


Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Сырдария, Жалағаш аудандары.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 тамыз 2017 г. 869 0