БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ – ЖАҢА КЕЗЕҢДЕ

Ұлттық талғамы мен сана-сезімі жоқ адамда отаншылдық рух та болмайды. Бұл – ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ендеше, бұл міндеттерді шешудің қайнар бұлағы – мектеп және оның жүрегі негізгі тұлға ұстаз. Сондықтан ең маңызды міндеттеріміздің бірі – педагог мәртебесін көтеру. Облыстағы жалпы орта білім беретін мектептерде дәріс беретін мұғалімдер саны 20409 болса, оның 92 пайызы – жоғары білімді, 46,3 пайызы – бірінші және жоғары санатты педагогтар.

Бұл ретте соңғы жылдары Сыр өңірінде жақсы жағдай қалыптасты. Білім беруді қолдау мен Сыр ұстаздары еңбегінің арқасында қол жеткізген табыстар аз емес. Мектепке дейінгі білім беру мен оқыту, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін жетілдіру мен оның мазмұнын жаңарту ҚР Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізінде жүзеге асырылады. Облыста білім беру саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Сала бюджеті 2015 жылы 63,9 млрд теңгені құраған болса, 2016 жылы ол 70 млрд-қа жетіп, биылғы білім беру қаржысы 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 89,3 млрд теңгені құрады.

Облыстағы білім беру қызметі жалпы саны 293 болатын 9 бастауыш, 24 негізгі орта, 260 жалпы білім беретін орта мектептерде жүргізіледі. Оның ішінде шағын жинақталған мектептер саны – 22. Жалпы білім беретін орта мектептегі  оқушылар контингенті жаңа оқу жылында 7 мыңға дейін көбейіп, 148 643 бала білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 1-сыныпқа келетін балалар саны 700-ге артып, 18911-ге жетіп отыр. Оқушылар контингенті жыл сайын артқанымен соңғы жылдары мектеп құрылысының қарқынды жүргізілуі оқушы орнының тапшылығын азайтып, оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге толық мүмкіндік беріп отыр.

Өткен оқу жылы 13 мектептің құрылысы жүргі­зіліп, пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылы­ның қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудан­дарындағы апаттық жағдайдағы 11 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен, Жаңақорған ауданында 300 орындық 2 мектеп құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта салынды. Мұнан бөлек, бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен 300 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізіліп, келесі жылы пайдалануға берілетін болса, 2018 жылы тағы да 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Біртұтас үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі іргетасы – мектепке дейінгі білім беру мен тәрбие. Оның мәнін көтеру бүгінгі күнгі жалпы әлемдік тенденцияның біріне айналғаны  ақиқат. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін елімізде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту мақсатын қойып, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім беруді дамытуға мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тарту бағытындағы Қызылорда облысының жетістіктерін атап өтті.

Бүгінгі күні облыстағы мектепке дейінгі 791 білім беру ұйымында, оның ішінде 542 балабақша мен 249 шағын орталықтарда 52899 бала тәрбиеленуде. Балабақшалардың 70,8 пайызы жекеменшік балабақ­шалардың үлесінде. 2017 жылдың 8 айында 56 жеке балабақша ашылды. Қармақшы ауданында 90 орындық 2 балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 7 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылорда қаласының жаңа шағын аудандарында 320 орындық және 280 орындық 2 балабақшаның, Жалағаш ауданының Таң ауылында 120 орындық 1 балабақшаның құрылысы жүргізілуде.

Бүгінгі күні мектеп жасына дейінгі 3 пен 6 жас аралығындағы балабақша кезегінде тұрған балалар түгелімен мектепке дейінгі білім берумен қамтылып отыр. Дегенмен, отбасылық жағдайына байланысты балабақшаны қажет етпей, баласын 5 жасқа толғаннан кейін мектеп жанындағы мектепалды даярлық тобына беруді көздеп отырған ата-аналар да жоқ емес. Сондықтан қалалық, аудандық білім бөлімдері 3 жасқа толған балаларын балабақшалардағы толыққанды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың маңыздылығы жөнінде ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізулері қажет.

Өткен жылғы Тамыз кеңесінде мектептердегі оқушы орны тапшылығын болдырмау мақсатында балабақшалар желісін кеңейту арқылы мектеп жанын­дағы шағын орталықтарды біртіндеп жабу жөнінде тапсырма берілген болатын. Биылдың өзінде Қызылорда қаласындағы мектеп жанындағы 15 шағын орталық жабылып, ондағы тәрбиеленушілер балабақшаларға орналастырылды.

Біздің алдағы мақсатымыз – 2-3 жас аралығындағы балалардың бөбекжайларда тәрбиеленуіне мүмкін­дік жасау, меткепке дейінгі тәрбиемен білім беру­дің сапалық денгейін көтеру. Ондағы педагог қыз­меткерлердің кадрлық әлеуетін арттыру, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуға да басымдық беруміз керек. Облыстық прокуратураның бастамасымен «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық» жобасы аясында Қызылорда қаласында 22 балабақшада арнайы және инклюзивтік топтар ұйымдастырылып,  арнайы мамандар жұмыс жасауда.

Біздің түпкі мақсатымыз – балаларға сапалы орта білім беріп, олардың болашақ еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасу үшін олардың мектептен кейінгі кәсіби білім алуына  барынша қолын жеткізу. Біз өркенді ел және өнегелі аймақ ретінде білім берудегі жеткен табыстарымызды ерекше мақтан тұтамыз. Соңғы үш жылда облыс түлектері өз білім деңгейлерін дәлелдеп, республикада білім көрсеткіші бойынша алғашқы бестіктің қатарынан көрініп келеді. Өткен оқу жылы мектеп бітірген 6564 түлектің 95 пайызы коледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде білімдерін жалғастыруға қол жеткізді. Бұл – әрине, ұстаздар еңбегінің нәтижесі.

Биыл мектеп бітірген 6196 түлектің 4123-і жаңа форматтағы ҰБТ сынағынан өтіп, орташа 82,4 балмен республика бойынша өз білім деңгейлерінің жоғары екендігін тағы да дәлелдеді. Орташа балл көрсеткіші бойынша Қазалы, Сырдария, Арал аудандары үздіктер қатарынан көрінді. Қармақшы ауданы №250 орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Дәурен Отарбай облыс бойынша ең жоғары – 136 балл жинап, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түссе, «Білім инновация» лицейінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Айзат Әбдірәсіл 136 балл көрсеткішпен Назарбаев Университетінің студенті атанды.

Биыл мемлекеттік білім беру гранты конкурсының нәтижесінде облыс бойынша ҰБТ-ға қатысқан түлек­тердің 50 пайызға жуығы қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Мұнан бөлек, 62 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербург универ­ситеттеріне қабылданса, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан 162 бітіруші облыс әкімінің грантына ие болды. Нәтижесінде биыл ҰБТ-ға қатысқан балалардың 54,6 пайызы ЖОО-да білім гранты негізінде оқуға қол жеткізді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Өткен оқу жылы бұл көрсеткіш 35 пайызды ғана құраған еді. ҰБТ-ға қатысып, білім гранты негізінде ЖОО-да білім алуға мүмкіндік алған түлектердің үлесі Сырдария, Қазалы, Жалағаш аудандарында 70 пайыздан жоғары болды.

Ендігі міндет – қалған бітірушілерді түгелдей колледждерде білім гранты негізінде, университеттерде ақылы негізде оқуға тарту. Бұл бағытта да бітірушілерге көп мүмкіндік беріліп отыр. Елбасының бастамасы бойынша 2017 жылдан бас­тап жүзеге асырылып жатқан «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 1565 бітірушіге республикалық және жергілікті бюджет есебінен колледждерде білім алуға мүмкіндік беріліп отыр.

Сырдария ауданының түлектері ҰБТ нәтижесінде 2015, 2016 жылдары облыс көлемінде төменгі қатарда болып келсе, биыл орташа 86,6 баллмен үздіктер қатарынан көрінді. Бұл ретте аудан әкімдігі мектептегі білім сапасына, педагогтардың кәсіби әлеуетіне ерекше назар аударды. Оқушыларға тереңдетілген қосымша білім беруге қолайлы жағдай жасау мақсатында аудандық оқушылардың жазғы тынығу лагері жыл бойына жасайтын жағдайға келтіріліп, мектеп бітіруші түлектер бірнеше реттен арнайы дайындықтан өтуге мүмкіндік алды.

Алдағы оқу жылы өткен жылғы жаңалықтар ғана жалғастырылады. Атап айтқанда, білім беру­дің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жаңар­тылған білім беру мазмұнына өткен жылы 1-сыныптар көшірілсе, биыл ол 2, 5, 7-сыныптарда жал­ғастырылады. Осыған байланысты аталған сыныптарда дәріс беретін 4369 педагог арнайы курстардан өтсе, 46345 оқушы 988 мың дана оқулықпен тегін қамтамасыз етіліп отыр. Ол үшін жергілікті бюджетен 1,3 млрд теңге қаралып, бүгінгі күні оқулықтар мектептерге жеткізіліп, оқушыларға таратылуда.

Республикадағы 30 пилоттық мектептің  қата­рында Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектебі мен Жалағаш ауданындағы №31 мектеп-гимназиясында 3-сыныптардың жаңартылған білім беру мазмұны сынақтан өткізіледі. Сонымен бірге алдағы оқу жылында жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту бағдарламасына сәйкес оқушылар мен пән мұғалімдерінің дайындық деңгейіне қарай республика бойынша кейбір мектептер оқу пәндерінің терминологиясын игеруге кіріседі. Оқу пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдердің айлық жалақысына 30 мың теңге қосымша ақы төлеу көзделген.

Біз облыс бойынша жоғары сыныптарда математика, физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде игеруді барлық мектептерде бірдей емес, алдымен мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназиялардағы іріктелген лицей және гимназия сыныптарынан бастап енгізуді қолға алған болатынбыз. Осы мақсатта 2015-2016 оқу жылы Назарбаев Зияткерлік Мектептері мен «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесінде білім бере­тін 46 инновациялық мектеп-лицей мен мектеп-гимназия қалыптастырылды. 2016-2017 оқу жылында аталған мектептердегі 320 лицей сыныбындағы 7358 оқушыға ағылшын тілі пәні аптасына 5 сағат көлемінде оқытылып келген болса, жаңа оқу жылында олар ағылшын тілінде пәндердің терминологиясын игеруге көшеді. Осы мақсатта 210 пән мұғалімі арнайы тіл меңгеру курстарынан өтіп, әрбір сыныптағы оқу пәндерінің ағылшынша терминологиясын игеруге қажетті оқу құралдарын даярлау қолға алынды. Оқу жоспары бойынша лицей, гимназия сыныптарында аптасына 4 сағат көлемінде жаратылыстану, гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқыту және ғылым негіздері бойынша 1500 сағат көлемінде ғалымдардың дәрістерін тыңдау жүзеге асырылды.

2015 жылдан бастап М.Мәметова атындағы Қызыл­орда гуманитарлық колледжінде «Білім-инно­ва­ция» халықаралық қорының қолдауымен ағылшын тілін меңгерген негізгі мектептің математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлау қолға алынған болатын. Бүгінгі күні колледждің 3 курсында 225 студент осы бағдарлама бойынша білім алуда. 2018-2019 оқу жылы ағылшын тілін меңгерген пән мұғалімі біліктілігін алған алғашқы 75 маман инновациялық мектептерде жұмыс жасайтын болады.

Біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласынан туындайтын міндеттемелер мен тапсырмаларды орындауға тиіспіз. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында республика бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 5-7 сыныптарында 2018-2019 оқу жылынан бастап әр аймақтың ерекшеліктеріне негізделген «Өлкетану» курсы оқы­тылады. «Өлкетану» курсының мақсаты – туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени, табиғи және басқа да факторлар туралы білім қалыптастыру; туған елге деген сүйіспеншілік сезімге, қоршаған табиғи ортаны аялауға тәрбиелеу.

Бүгінгі күні оқу жүктемесі 20 сағат көлемінде болатын аталған «Өлкетану» курсының үлгілік оқу бағдарламасы бекітілді. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өлкетану» курсын пилот ретінде облыс мектептеріне алдағы оқу жылынан бастап енгізу жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі күні курстың авторлар тобы жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оқу курсының мазмұны қыркүйек айында даярланып, «Білім» баспасына ұсынылады.

Бүгінгі күні білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңіне қадам басты. Жаһандық өзгерістер мен әлемдік трендтер мектептегі білім беру мазмұнының жылдам қарқында жаңаруын, білім беру үдерісінде электронды оқытуды кеңінен енгізуді талап етеді. Облыс бойынша жалпы орта білім беретін 293 мектептің бүгінгі күні 207-і, яғни 70,6 пайызы, электрондық оқытуды техникалық қамтамасыз ету үшін кең жолақты интернет желісіне қосылған. Осы жылдың аяғына дейін тағы 77 мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылатын болады. Оған қажетті қаражат қаралған. Аудан орталығынан шалғай орналасқан 9 мектеп спутниктік байланыс арқылы қосылады.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білімге баулып тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім бастауы – ұстаздар қауымына құрмет еселеп арта бермек.


Бақытжан САЙЛЫБАЕВ, 

облыстық білім басқармасының басшысы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 тамыз 2017 г. 641 0