Байқоңырда 5 көпқабатты үй құрылысының жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Қаржы бөлінсе, биыл құрылыс жұмыстары басталды. Тұрғынжайлар келер жылы пайдалануға берілмек айта кетейік, қалада үй құрылысы 1990 жылдан бері жүргізілмеген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бақытбек Бекпанов мәлімдеді.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясында жалдамалы жылжымайтын мүліктердің уақытша Қазақстанға берілетіндігі және ондағы су құбырлары мен кәріз жүйелерінің жөнделетіндігі айтылды. Себебі, қаладағы 562 км су құбыры мен 212 кәріз жүйесінің 85 пайызының тозығы жеткен. Бүгінде облыс әкімдігі Байқоңыр қаласындағы нысандарды Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне беру жобаларын әзірлеуде.
Тағы бір жағымды жаңалық, жұлдызды қаладағы тұрғын үйлер көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Алғашқы кезекте 7 шағын аудандағы 6 тұрғын үйдің газ плиталары ауыстырылады. Жыл соңына дейін 14 тұрғын үйге толықтай газ беріледі.
«2017-2025 жылдарға арналған Байқоңыр қаласы дамуының бірлескен ұзақ мерзімді бағдарламасының жобасы әзірленуде. Бұл бағдарламаны іске асыру жалдық жағдайда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін дамыту жолымен Байқоңыр қаласының қызметін тұрақты атқаруға, жаңа әлеуметтік, мәдени, тұрғын үй және өндірістік объектілер құруға, бизнес және инвестиция таратуға, қол жетімді баспана құрылысына, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді,» - дейді арнаулы өкіл.