ҰЛТТЫҚ АРНА: ЖАҢА МАУСЫМ, ЖАҢА ҮЛГІ. ЖАҢА ЖОБАЛАР

Ұлттың бас арнасы алғашқылардың бірі болып латын қарпіне көшуді қолға алды. 28 тамыздан бастап Қазақстан телерадиокорпарациясының атауы «Qazaqstan» болып өзгерді. Бұл кеше телеарнаның жаңа маусымының тұсаукесерінде белгілі болды. Шарада бас қосқан зиялы қауым өкілдері, журналистер, блогерлер жаңа жобалар мен және корпарациядағы өзгерістермен танысты.
Ребрендинг – бұл корпорацияның құрамына кіретін 14 аймақтарға да қатысты. Арнаның атауы боп сол аймаққа тән, өлкеде жиі қолданатын дәстүрлі атаулары енгізілді. Сонымен қатар, Ұлттық арнаның үлкен медиаактив екенін айқындайтын арнайы белгі – ту іспеттес логотип жасалды. Ол «Қазақстан», «Қазспорт», «Балапан» арналары мен радиостациялардың ортақ белгісі болмақ.
Жаңа маусымда Ұлттық арнадан түрлі бағыттағы ондаған жоба көрерменге жол тартады. Олар «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі жаңа маусымда эфирге енеді. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити-шоу жанрындағы бағдарламалар да көрсетіледі. Кәсіпкерлікті насихаттайтын «Үміткер», табиғаттың тылсым күші мен құдіретін көрсететін «24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы», отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Ене мен келін». Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін «Киелі Қазақстан», еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін «Ұлы дала ұлағаты» деректі фильмдер топтамасын көруге болады.
Өзгерістерден өңірлік телеарналар да тыс қалып жатқан жоқ. Енді «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы «Qyzylorda» болып эфирге өзгертілген атаумен шығады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Айсұлу Қасымова мәлім етті.
Баспасөз конференциясында жаңа жобалардың тұсаукесері өтті. Айсұлу Жұмабайқызы жобалардың таныстырылымын жасады.
«Арнаның тұздықты жобасы – «Жаңалықтар» қомақты топтама ретінде эфирге жол тартпақ. Аймақтың тынысымен қатар, «Көрерменмен тікелей байланыс» айдары қосылып, онда әрбір телекөрермен студиямен байланыса алады. «112» топтамасынан өңірде болған оқыс оқиға, қылмыс хроникасын көреді. «Спорт жаңалығы» жеке дара комментаторлармен эфирге шығады. «Коктейль» бағдарламасынан жастар өздерін қызықтырған тақырыптары талдайды. «Ұлт саулығы» телеемханасы енді тікелей эфирде көрсетіледі. Ақпараттық-танымдық «Жаңа күн» бағдарламасының студиясы жаңартылды. Сыр топырағында көне шаһарлар, кесенелер, қорғандар, ескерткіштер мен жәдігерлер жетіп артылады. Халқымыз тарихи тұлғалардан да кенде емес. Міне, осы ретте «Туған өлке» телеэкспедициясы Сыр өңірінің тағылымға толы тарихы мен мәдениетін, руханиятын дәріптеп, құнды деректермен тәнті етпек», - дейді Айсұлу Жұмабайқызы.
Айта кетейік, жаңа маусым 28 тамыздан бастап эфирге шығады. Жергілікті «Qyzylorda» арнасы тәулігіне 17,5 сағат хабар таратады. Аптасына 40 бағдарлама шығарылады. Хабарлардың уақытында өзгеріс жоқ. Тікелей эфирлер саны көбейеді. Сондай-ақ, телеарнаның Youtube жүйесінде жеке каналы пайда болды.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 тамыз 2017 г. 697 0