БИЗНЕСТІ ӨРКЕНДЕТУГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру және қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту сынды келелі 3 міндеттің түпкілікті шешімі – жергілікті жерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Кеше осыған байланысты өткен мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәселенің жай-жапсарына кеңінен тоқталды.

Биыл өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы дайындалды. Үкіметтік және өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Жыл басында өмірге келген «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында» жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіп ашуына мүмкіндік көзделген. Оларға шағын несие беру мақсатында 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Микробизнес субъектілерінің жеңілдетілген несие қаражатын алуы үшін облыстық бюджеттен өңірлік инвестиция орталығына қосымша 100 млн теңге бөлінді.      Одан бөлек, сапалы оқытуды ұйымдастыру мен жастар тәжірибесін қолдауға 1,6 млрд теңге бағытталды.

Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мақұлданған жобалар бойынша 1 млрд теңге көлемінде субсидия төленеді. Екінші деңгейлі банктерге шағын және орта бизнесті несиелендіруге 10 млрд теңгеден астам қаражат тиесілі. Бағдарлама шеңберінде несие алу кезінде кепіл мүлкі жетіспеген кәсіпкерлер үшін облыстық бюджеттен 105 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендердегі шағын кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар беру үшін жыл басында 10 млн теңге, соңғы бюджетті нақтылауда қосымша 100 млн теңге қаралды.

– «Даму-Аймақтар» өңірлік бағдарламасы кәсіпкерлік саласын қаржылай қолдауға бағытталған. Оны іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қарастырдық. Ауыл шаруашылығында да біршама субсидия қаралған. Биылдың өзінде 7,8 млрд бөлінді. Жалпы, осы жылы шағын және орта бизнесті дамытуға 27 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, – деді аймақ басшысы.

Бизнестің өркендеуіне қаржылай қолдау­дан басқа, оны іске асыруға сервистік қыз­меттер қатар жүргізіліп келеді. Кәсіпкерлер палатасының мамандары тегін бизнес-жос­парлар жасап, түрлі шаралар өткізуден, «Даму» қорының қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, бизнесті жүргізу мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттарын түсіндіруден аянып қалған емес. Респуб­ликада бірінші болып ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Орталыққа осыған дейін Батыс, Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарынан мамандар келіп, тәжірибе алмасты.

Облыс әкімі кәсіпкерлерді қолдау үшін атқарушы билік бар жағдайды жасап, жеткілікті деңгейде қаражат та бөлініп отырғанын жеткізді. Шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізі, нарықтық дамудың кепілі әрі тұрақты азаматтың қоғамның діңгегі. Ендеше, кәсіпкерлікті дамыту қашан да күн тәртібінен түспейді. Мәжілісте жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі сөз болды.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы саланың даму барысы туралы баяндады. 1 тамыздағы статистикалық мәліметке сүйенсек, тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2,9 есеге артып, 48 809-ға жетті. Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың негізгі көрсеткіштеріне жүргізілген мониторинг бойынша 2017 жылдың 7 айында 2 544 жеке кәсіпкер пайда болып, 97 шаруа қожалығы мен 242 ЖШС құрылды. Ең төменгі көрсеткіш Жалағаш пен Сырдария аудандарына тиесілі.

– Бірде-бір кәсіпкерлік нысаны тіркелмеген ауылдық округтер де бар. Мысалы, Арал ауданында – Қосжар, Райым, Қармақшы ауданында – Алдашбай ахун, Көмекбаев, Жалағаш ауданында – Мырзабай ахун, Шиелі ауданында – Қоғалы, Жаңақорғанда – Көктөбе, Қызылорда қаласында – Талсуат ауылдық округтері, – деді ол.

Бірақ аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдері бұл ауылдарда осыған дейін екі-үштен кәсіпкерлік нысандары ашылғанымен, ол туралы ақпаратты облыс әкімдігінің ахуалдық орталығының 1 тамыздағы тізіміне енгізуге үлгермей қалғандарын айтты. Олар бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Облыс әкімі агроиндустриялық аймақ пен сервистік кешендерде алғашқы болып сауда қатарларын ашудағы Жаңақорған ауданының сауда орталықтарын санитарлық нормаға келтіру, әлеуметтік сауда қатарларын қалыптастыру, кәсіпкерлердің мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаға қатысу деңгейін арттырудағы Қызылорда қаласының тәжірибесін ерекше атап өтті.

– Жалпы, облысымызда кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, осы көрсеткіштерден төмен түспей, одан да жоғары көрсеткіштерге бірлесіп қол жеткізуіміз қажет, – деген аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына ауқымды тапсырма жүктеді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 тамыз 2017 г. 465 0